• Бизнес & Қоғам
  • 25 Ақпан, 2021

БИЫЛ ҮЙ БАҒАСЫ ӨСЕ МЕ? немесе қаладағы пәтер нарығына әсер ететін басты факторлар

«2020 жылы тұрғын үй бағасының өскенін көп ел байқамай қалды» деп айды аспанға бірақ шығарды Halyk Finance инвестициялық банкі. «COVID-19 пандемиясына және оның экономикаға әкелген проблемасына қарамастан еліміздегі тұрғын үй нарығы 2020 жылы қарқынды өсті. Бастапқы нарықта тұрғын үй құны 5%-ға ұлғайды, ал екінші нарықта бағаның өсуі 14%-ға жетті», деп атап айтты Halyk Finance мамандары.

Ал енді осы қымбаттаудың себебі неде?

Halyk Finance маманда­рының пікірінше, бағаның өсуінің негізгі драйвері мем­лекеттік қолдау болған, осы себепті де ипотекалық несиелеу 11 айда 12%-ға өскен. Сонымен қатар, 2020 жылдың тамыз айынан бастап айлық өсім жылына орта есеппен 50% болып тұр. Бұл – жылжымайтын мүлік нарығында әлемнің бірде-бір елінде жоқ өсу қарқыны. «Соңғы үш жылда ұлттық валюта құнсызданды, осы кезеңде теңге долларға қатысты 30%-ға дерлік арзандады», дейді сарапшылар. Үй бағасы өсуінің екінші себебі осыған байланысты, дейді олар.

   Ал еліміздегі Біріккен риэлторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко жылжымайтын мүлік құнының жыл сайынғы өсуіне әсер ететін бірнеше факторды атайды. Басты фактордың бірі – әрине, доллар бағамы. «Барлық локдаун, шектеу және басқа да оқиға нарықта өз ізін қалдырды, – дейді Л.Степаненко. – Бірінші локдаунға кірген кезде доллар секірді. Үй сатушылар жылжымайтын мүліктің құнын бірден көтере бастады».

Сонымен бірге маман «зей­нетақы жинағын алу бастамасы да үй нарығына біршама әсер етті», дейді.

Сонымен, 2021 жылы тұрғын үй бағасы өсе ме?

Қазақстан Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің пікірінше, бастапқы нарықтағы шаршы метрдің құны биыл  шамалы өседі, әсіресе экономкласс пәтері сұранысқа ие болмақ.

Міне, осы жерде Отбасы банк­­­­тің биылғы қызмет көрсету ба­ры­сын білуіміз керек. Өйткені 23-қаңтар­дан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін біржолғы зейнетақы төлемін пайдала­нуға өкілетті оператор «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» болып тұр. «Онлайн-платформа жұмы­сының алғашқы күнінен бастап enpf-otbasy.kz (25-қаңтардан бастап) 28 мыңнан астам адам ипотека ресімдеп, қол­даныстағы қарызын өтеген және пәтер сатып алған», деп жазылыпты Отбасы банк хабарламасында.

Азаматтардың 46%-ы Отбасы банк бағдарламасын пайдалануға шешім қабылдапты. Қолданыс­тағы несиені өтеп және жаңасын ресімдеп, 11 мыңнан астам адам біржолғы зейнетақы төлемін екінші деңгейдегі банктегі несиелеуге және ипотека қарызын өтеуге жіберген. Ал 4 мыңға жуық адам тұрғын үйін толығымен зейнетақы қоры  есебінен сатып алған, дейді Отбасы банк.

Осы тараптағы бір жаңалық: Отбасы банк бұдан былай құры­лыс компаниясымен офтейк-келісімшарт арқылы жұмыс іс­тейтін болды. Бұл туралы алдыңғы күнгі Үкімет отырысында Банк басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді. «Тұрғын үй бағасының өсуіне жол бермеу үшін мемлекеттік қаржыландыруды тартпай, Нұр-Сұлтан мен Алматыда жеке құрылыс салушылармен бірігіп пилотты жобаны іске қосуды ұсынып жатырмыз», – деді ол.

 

 

 Банк басшысының таныстыруынан көрініп тұрғандай, сатылатын тұрғын үйдің бағасы бір шаршы метр үшін әзірге шамамен 300 мың теңге болады.

Бұған дейін Ләззат Ибрагимова зейнетақы қоры салымшыларына «тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жинақты алуға асықпаңыздар» деген болатын. Мамыр-маусым айларында тұрғын үй бағасы былтырғы деңгейге қайта түсетінін де айтқан еді. «Бұл – әрине, сатушының нарығы. Кісілер сұранысқа ие пәтер үшін көп ақша алғысы келеді. Меніңше, күте тұру керек, нарық сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына қарай келеді. Менің ойымша, мамыр айының ортасында, маусым айында сіз бағаның 2020 жылғы деңгейге түсетінін көресіз», – дейді Л.Ибрагимова.

Дегенмен кейбір сарапшы­лар­дың 2021 жылға арналған болжамы пәтер сатып алушылардың көңілін көншітпейді. Халықтың зейнетақы жинағын алып, жылжымайтын мү­лікке инвестициялауы үй нарығы­на әсер етеді дейді. Ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыру процесі де ықпалын тигізеді деген болжам бар.

Сыртқы фактордың есебінен де үй бағасы өсуі мүмкін. «2021 жылы экономиканы өсіруді ынталандыру мақсатында көп ел инфрақұрылымға салымды молайтады, бұл бағаның өсуімен бірге шикізат пен мате­риалдың бірқатарына сұраныс туғы­зады», дейді сарапшылар. Әрине, мұның бәрі Қазақстандағы жылжымайтын мүлік бағасына әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі.

Дегенмен үй бағасы жазға қарай түседі деп отырған сарапшылар да бар. Мәселен, Біріккен риэлторлар қауымдастығының президенті Л.Степаненко: «Менің ойымша, 2021 жылы жеке сектор, оның ішінде саяжай мен 50 шаршы метрге дейінгі пәтер сұранысқа ие болады. Ал баға түсе ме, өсе ме дегенге келетін болсақ, біздің нарық қазір ұсынысқа толып тұр, сондықтан үй сатушы жұрт нарықты қалай ұстап тұрғысы келсе де, жылжымайтын мүлік бағасы бірте-бірте түсе береді», – дейді.

Болжам жасау – қадірсіз дүние, әйт­кенмен ендігі бір жақын екі-үш айда үй нарығының бағыты айқын­далып қалатын секілді.

Тәуекел БАҚАШ

1285 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы