• Қаржы
  • 04 Наурыз, 2021

Қаржы нарығындағы ахуал қалыпты

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Наурыздың алғашқы аптасынан дүбірлете басталып, маусымға іліккен соң ғана солығын басатын мереке-мейрам, жиын-той атаулы базардың нарқы мен парқын аспандатып жіберетіні ақиқат. «Дүние мен малыңды оңды-солды шашу үшін жинайтын» қазақтың қалтасына қазіргі инфляция оңай тиіп тұрмаса да, оның деңгейі жобаланған мөлшерден асып тұрған жоқ. Гәп сол оңды-солды шашылуда, бүгінгі күннің ұраны аздан да, көптен де үнем болуы керектігін ешкім теріске шығармайды. «Теңгені тиын сақтаған». Сондықтан да бір күндік той-томалаққа мың күндік кредит алатын қаймана жұрттың жаңа тұтыну тәртібіне көшкені әлеуметтік тұрақтылықтың бір тетігі саналып отыр.

Айтқандай-ақ, жыл басындағы инфляция және инфляциялық күтулер статистика мамандары бол­жағандай 0,6 пайыз болды. Жылдық инфляция 7,4 пайыз  деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 11,4 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 5,3 пайызға, ақылы қызметтер 4,1 пайызға өсті. Бұл айтарлықтай көп емес. Қаңтарда халық арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 6,7 пайыз болды. Халықаралық резервтер алдын ала деректер бойынша 0,1 пайызға аздап төмендеп, 35,6 млрд АҚШ долларын құрады. Азия даму банкінің несиесінен қаражат түсуі нәтижесінде еркін айырбасталатын валютадағы активтердің өсуі сыртқы қарызды төлеумен және екінші деңгейлі қаржы мекемелерінің бас банктегі шоттарындағы қаражаттарының азаюы есебінен өтелді. Алдын ала деректер бойынша елдің жалпы халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы 57,7 млрд АҚШ доллары көлеміндегі активтерін қоса алғанда қаңтардың соңында 93,3 млрд АҚШ долларын құрады. Ақша базасы 6,2 пайызға қысқарып, 9 173,8 млрд теңге болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейлі банктердің мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 3,3 пайызға – 4 919,8 млрд теңгеге дейін қысқарды. Ақша массасы болса 1,9 пайызға ұлғайып, 25 392 млрд теңге болды, айналымдағы қолма-қол ақша 2 716,3 млрд теңгеге дейін 4 пайызға төмендеді. 25 қаңтарда бас банк базалық мөлшерлемені 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 9 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін, яғни нысаналы мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. Оның орташа алынған мәні жылдық 8,23 пайызды құрады. Қаңтардың соңында бас банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы 4,6 трлн теңге болды. Тікелей репо операциялары бойынша ашық позиция көлемі 99,8 млрд теңгеге, банктік депозиттер көлемі 258,2 млрд теңгеге жетті. Депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 985,8 млрд теңгені құрады. Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі бір айда 11,9 пайызға ұлғайды, ал Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2,9 пайызға қысқарып, 9 751,6 млрд теңге болды. Қысқа мерзімді кірістілік есепті кезеңнің басымен салыстырғанда өсті.

Теңгенің биржалық айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 418,46 – 424,21 теңге аралығында өзгерді. Қаңтардың соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 0,8 пайызға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 424,21 теңге болды. Теңге-АҚШ доллары валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 11 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі 2,2 млрд АҚШ долларына, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі 8,8 млрд АҚШ долларына жетті. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 71,7 пайыз немесе 6,3 млрд АҚШ долларын құрады, бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Халық нетто-негізде 209,3 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Өткен аймен салыстырғанда бұл шығыстар 23,7 пайызға төмендеді, ал өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда нетто-сатып алу көлемі 28,1 пайызға өсті. Шығыстардың негізгі көлемі 64,3 пайызды құраған,  яғни 134,5 млрд теңге шамасындағы АҚШ долларын, сондай-ақ  24 пайызды құраған немесе 50,2 млрд теңге шамасындағы Ресей рублін және 11,7 пайызды құраған,  24,5 млрд теңге шамасындағы еуро сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 33,3 пайызға, Ресей рублін сатып алу 5,2 пайызға қысқарды. Халықтың еуроны сатып алу шығыстары керісінше 27,7 пайызға өсті, өсім 4,9 пайыз болды. Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозит көлемі қаңтардың соңында бір айда 2,7 пайызға ұлғайып, 22 675,7 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 11 944 млрд теңгеге дейін 5,7 пайызға өсті, жеке тұлғалардың депозиттері 10 731,7 млрд теңгеге дейін 0,6 пайызға төмендеді. Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 14 270,9 млрд теңгеге дейін 3 пайызға, шетел валютасында 8 404,8 млрд теңгеге дейін 2,1 пайызға ұлғайды. Долларландыру деңгейі қаңтардың соңында 37,1 пайыз болды. Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері қаңтарда 7 720,8 млрд теңгеге дейін 7,2 пайызға, шетел валютасында 4 223,2 млрд теңгеге дейін 3,2 пайызға  ұлғайды. Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 6 550,1 млрд теңгеге дейін 1,5 пайызға төмендеді, ал шетел валютасында 4 181,7 млрд теңгеге дейін 1 пайызға ұлғайды. Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 3,7 пайызға ұлғайып, 15 844  млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 10 059,2  млрд теңгеге, шетел валютасындағы салымдар 5 784,8 млрд теңгеге жетті.

964 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы