• Өндіріс өрісі
  • 04 Наурыз, 2021

ОЗЫҚ ӨНЕРКӘСІПКЕ БЕТБҰРЫС

Индустрияландыруды одан әрі дамыту үшін кешенді, жүйелі тәсілдің қажеттілігін назарға ала отырып, Мемлекет басшысы Өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Мақсатты саясат заманауи, өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті, экспорт бағдарындағы өнеркәсіпті жедел дамытуға арналған. 

Осы ретте Сенаттағы Үкімет сағатында өнеркәсіптік саясатты заңнамалық реттеу, жай-күйі, проблемалары және шешу жолдары талқыланып, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов отандық өнеркәсіптің келешегі, саланы тежейтін факторлар туралы айтты.

Өнеркәсіп секторы еліміздің эко­номикалық құрылымының төрт­тен бір бөлігін құрайды. Оның ішінде өңдеуші сала жартысына жуығын алып, соңғы 20 жылда алғаш рет ең жоғары көрсеткіш 48,7%-ға жетті. Өңдеуші өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі өткен жылы 12,7%-ды құрады. Индустрияландыру жыл­дарында енгізілген жаңа кәсіпорындар өңдеу өнеркәсібі өндірісі көлемінің өсуіне ықпал етті. Индустриялан­дыру картасы аясында соңғы 10 жылда шамамен 9,1 трлн теңге сомаға 1527 жоба іске қосылды. 212 мың жұмыс орны құрылып, 28,8 трлн теңгенің өнімі шығарылды. Кәсіпорындар 2020 жылы 13 трлн теңгенің өнімін өндірген. Индустрияландыру бас­талғаннан бері (2010-2020 жылдары) барлығы 84,5 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Осы жылдар ішінде өңдеуші сектор кәсіпорындарынан түсетін салықтар жиынтығы 9 трлн теңгеден асып, 3 еседей өсті. Яғни, бүгінде өңдеуші өнеркәсіптен түсетін салықтар индустрияландыру саясатын іске асыруға жұмсалған шығындардан 6,6 есе көп.

Дегенмен, жаңа тәсілдерді, қағи­датты шешімдерді әзірлеуді талап ететін бірқатар жүйелі мәселелер әлі де ашық күйінде қалып отыр. Б.Атамқұлов бұлардың қатарын­да импортталатын өнімнің жоғары үлесін, шикізатқа қолжетімділіктің шектеулілігін, цифрлық технология­ларды пайдаланудың төмен деңгейін, сыртқы нарықта ілгерілету кезіндегі кедергілер мен шектеулер және өндірісті жаңғыртуға қаражаттың жетіспеуін атап көрсетті. Осыған байланысты заң жобасы қолайлы индустриялық климатты қамтамасыз етуді, бәсекеге қабілетті өндірістерді жолға қоюды, инновацияларды тиімді енгізуді, өнеркәсіпте еліші­лік құндылықты дамытудың негізгі міндеттері ретінде айқындайды. Осылайша, өнеркәсіп саласына қатысты жаңа заң жобасына отандық өнімдерді қолдау мақсатында «ел ішіндегі құндылық» ұғымы енгізіліп отыр. «Отандық өнеркәсіптік өнімді өткізу нарықтарында ілгерілету керек. Осы мақсатта заң жобасында бірінші кезекте өнімдері қосылған құнның жаһандық тізбегіне енуі мүмкін шетелдегі мекемелерімізбен жұмыс істейміз. Экспортқа бағдарлан­ған өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдауға күш шоғырландырып, экспорттаушыларымызға сырт­қы нарықтардағы кедергілерді (кеден­дік, әкімшілік және басқа да тосқа­уылдарды) алып тастау мәселе­лерінде де жәрдемдесуге тиіспіз», – деді министр.

Сонымен қатар өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындарды ынталандырудың тың тетіктері енгізілмек. Заң жобасы шеңберінде ішкі нарықты сапалы өніммен толықтырып, экспорттауға баса назар аудару керек. Осы мақсатта өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын ынталандырған абзал. «Отандық тауар өндірушілерді өндірілген өнімді жаңа, күрделірек қайта бөлуге ауысуға ынталандыру мақсатында орта және түпкілікті қайта өңдеудің басым та­уарларының тізбесі енгізілді. Бұл тауарлар тізбесі шикізат сегментіне жататын тауарларды қоспағанда, шикі­затқа жақын, өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларын құрайтын 4 мыңнан астам тауардан тұрады», – деді ИИДМ басшысы.

Өнеркәсіптік саясаттың мәні бойынша өндірістік нарықтың бар­лық қатысушыларына бірдей жағдай жасалуы керек. Заң жобасына экономикалық, әкімшілік, құқықтық, институционалдық және басқа жағдайларды қамтитын өнер­кәсіптік климат ұғымы енгізілуде. Оның жай-күйін бақылауды Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі жүзеге асырады. Нәтижелер болашақ кезеңдерге арналған өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру кезінде ескеріледі. Осы мониторинг негізінде басқару шешімдері қабылданып, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі бағаланады. Өнеркәсіптік саясатты және мемлекеттік ынталандыру шараларын іске асыру үшін бірінші кезекте өндірісте сауда қызметі реттеліп, инвестиция тартылып, инновацияларды дамыту арқылы өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асырудың тиімді ведомствоара­лық үйлестіруін қамтамасыз етуден тұратын институционалдық базаны шоғырландыру қажет. Бүгінгі таңда өндіріске қатысты функциялар әртүрлі ведомствалар арасында бөлінген. Индустриялық даму Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, сауда саясаты және экономикалық интеграция Сауда және интеграция министрлігі­нің, инновациялық даму Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, ал шетелдік инвестицияларды тарту Сыртқы істер министрлігінің міндетінде. Өнеркәсіптік саясатты үйлестіруді қамтамасыз ету үшін негізгі заң жобасында Премьер-министрдің орынбасары басқаратын Өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру қарастырылған. Оған мүшелікке мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарлары, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, депутаттар және басқа да мүдделі тұлғалар кіреді. Комиссияға жаңа ынталандыру шараларын енгізу, қолданыстағы ынталандыру шараларын қайта қарау және жою туралы Үкіметке ұсыныстар қалыптастыру міндеті секілді бірқатар құзырет берілмек.

Отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін реттеу бірқатар бағыт бойынша жүзеге асырылады. Еңбек өнімділігін арттыру мониторингін өнеркәсіпті ынталандыру саласындағы уәкілетті орган тұрақты негізде жүзеге асырады. Инвестицияларды тарту мақсатын­да Бірыңғай инвестициялық карта әзірленеді. Өңірлерді ынталандыру, олардың рөлі мен жауапкершілігін күшейту және операторларды тар­туға жаңа жағдайлар жасау бөлі­гінде индустрияландыру картасын қалыптастыру бойынша жаңа тәсілдер бекітіледі. Шикізатты қайта өңдеуді тереңдету үшін Қазақстан аумағында өндірілмейтін шикізат пен жинақтауыштарды баждан босатуды көздейтін Стратегиялық өнім тізбесі енгізіледі. Осы арқылы отандық шикізатқа қол жеткізуді қамтамасыз ету және жоғары сапалы өнім шығару тетігі пысықталады. Жабдықтарды жаңарту, шығындарды бірлесіп қаржыландыру арқылы жаңа өндіріс құру мақсатында заң жобасымен ынталандырудың жаңа құралы – өнеркәсіптік грантты беру көзделген.

Сондай-ақ, фармацевтика және химия өнеркәсібін 2025 жылға дейін дамытуға арналған жол картасы жасалады. Фармацевтикалық кәсіпорын­дардың клиникалық және клиника­ға дейінгі сынақтар жүргізуге, GMP стандарттарын енгізуге арналған шы­ғыстарын субсидиялау мәселесі пысықталады. Бұл ЕАЭО нарығында дәрілік заттарды тіркеу бойынша отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттырады. Сонымен қатар елде дәрілік заттардың құнын төмендету мақсатында бір­қатар импортталатын субстанциялар мен шикізатқа кедендік баждарды төмендету мәселесі қарастырылады.

Ал, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде азық-түлік және қайта өңдеу өнер­кәсібінде жаңа шаралар қолға алынады. Шикізат сатып алуға жеңіл­детілген несие беріледі. Одан бөлек, форвардтық сатып алу құралын дамыту (оның ішінде мемлекеттік сатып алу кезінде отандық азық-түлік тауарларының оффтейк-келі­сімшарттары арқылы) көзделген. Қайта өңдеу кәсіпорындары құрылып, кеңейтіледі. Сапасыз, арзан импортқа қарсы күрес үшін мүдделі уәкілетті органдардың (ИСМ, ДСМ, АШМ) өзара іс-қимылын күшейтіп, заманауи сапа стандарттарын әзірлеу керек.

Осылайша, жүргізіліп жатқан шаралар биыл өңдеу өнеркәсібінің өсі­мін қамтамасыз етіп, индустриялық саясаттың тиімді іске асырылуына елеулі ықпал етуі тиіс.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

358 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы