• Бизнес & Қоғам
  • 04 Наурыз, 2021

Өндірістік жобалар грант алды

«Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» – мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдаудың ең нәтижелі жобасы. Бағдарлама 2010 жылы іске қосылды. Содан бергі уақытта бағдарлама ел дәулетін еселеуге, жас кәсіпкерлердің аяғынан тік тұруына көп септігін тигізіп келеді. 

Бағдарлама іске қосылған он жыл ішінде батысқазақстандық  кәсіпкерлерге 134 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде өңірде 30 мың жұмыс орны сақталып, 7 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылғаны мәлім. Өткен жылы аталмыш бағдарламаны іске асыруға 1,8 миллиард теңге бөлініп, толықтай игерілді. 
– Бөлінген қаржының 1,5 млрд теңгесі несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауға, 150 млн теңгесі несиелер бойынша кепілдеме беруге, соның ішінде гранттық қаржыландыруға 86 млн теңге қарастырылды. Коронавирус пандемиясы кезінде төтенше жағдай жариялануына байланысты дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға республикалық бюджеттен облысқа қосымша 1,8 млрд теңге бөлінді. Осы қаржы-қаражаттың барлығы игерілді, – деді Батыс Қазақстан облыстық  кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының жетекші маманы Мейрам Қабдығалиев. 
Оның айтуынша, жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асыруға жалпы құны 336 млн теңгенің 80 гранттық жобасы қолдауға ие болған. Осы жобалардың ішінен құны 89 миллион теңгені құрайтын 22 жобаны жас кәсіпкерлер іске асыруда.
– Өткен жылы мақұлданған озық жобаларды атап өтсек, олар – «Трансформаторды айырып-қосу құралы өндірісі», «Гидрошланг өндірісі», «Акустикалық жүйе өндірісі», «Өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу және майын алу»,  «Арахис пастасын өндіру», «Киіз үй өндірісі», «Робототехникаға оқыту», «Қатты түрмыстық қалдық­тарды өңдеу», «Құрылыс бояулары өндірісі», «Алма ағашы бағы» және басқалары. Жобалардың ішінде өндірістік бағыттағы соны жобалар баршылық. Бұл жобалардың алды  2 миллион  теңгеден 5 миллионға дейін қайтарымсыз грант алды. Енді сол жобалардың іске асырылуы маңызды, – деді М.Қабдығалиев. 
Былтыр 2017-2021 жылдарға ар­налған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша облысқа 500 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ филиалы арқылы бағдарламаға қатысушыларға берілді.  Бағдарлама бойынша Орал қаласынан 59 жоба мақұлданды. Елімізде экономиканы әртараптандыру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда.  Халық тұтынатын тауарлардың отан­дық өндірісін арттыруға мүм­кіндік беретін бағдарлама облыста қарқын алуда. Осы бағдарлама бойынша жобалық кеңсе құрылды. Бүгінде жобалық кеңсе жалпы құны 31 млрд  теңгенің 252 жобасын сүйемелдеуде. Соның ішінде 24 млрд 886 млн теңгенің  240 жобасы мақұлданды. Қазіргі уақытта жалпы құны 295 млн теңгені құрайтын  3 жоба қаралуда. 
2020 жылы инвесторлық кеңестің бес отырысы өткізілді. Онда жалпы шамасы 45 млрд теңгенің  18 жобасы мақұлданды.  Осы жобалардың іске асырылуының нәтижесінде 920 жаңа жұмыс орны ашылды. Мақұлданған 18 жобаның  ішінен 7 жоба («Орал жылыжай комбинаты», «Кублей» ЖШС-ның жобалары) жандандырылды. Басқа жобалар биылғы жылы жүзеге асырылады. 
Елді алқымнан алған «жаман» індетке қарамастан оралдық Галина Вольнова эстетикалық гинекологиялық клиника ашты. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 6%-бен жеңілдетілген несие алғанын айтады. Несиелік қаржыға ғимарат пен қажетті құрал-жабдық сатып алды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін ашқан кәсіпкер халыққа қызмет көрсетуде. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. 
Биыл облысқа «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге қаржы бөлінді. Соның 88 млн теңгесі гранттық жобаларға бағытталмақ. Гранттық қаржыға өтінім қабылдау шамамен наурыз-сәуір айларында басталады деп жоспарланған. 

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

Батыс Қазақстан облысы

1002 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы