• Аймақ тынысы
  • 04 Наурыз, 2021

ӨҢІРДІҢ ӨРЛЕУІ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ

Қай өңірдің болмасын орнықты дамуына нақты экономика әсері ғана емес, кейде тіпті әлеуметтік маңызды мәселелердің ықпалы содан кем емес екенін аңғарамыз. Бұл ретте туризм саласын дамытуда кешенді жобалар жүзеге асып жатқан Түркістан – түркі әлемінің астанасы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктететін айрықша маңызды өлке. ЮНЕСКО-ның қорғалу аймағындағы ғимараттар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің биіктігінен аспайды және де барлық жерде мавзолей көрініп тұруы тиіс. Бұл аумақтағы ғимараттар мен баспаналар ортаазиялық үлгіде салынуда. Қазақы нақышта, ою-өрнектер қолданылады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 «КЕРУЕН САРАЙ» БОЙ КӨТЕРМЕК

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев кезекті рет шаһар­дағы құрылыс жұмыста­ры­ның барысын бақылады. Өңір басшысының қатаң қадағалауымен жүргізіліп жат­­қан мәдени-рухани орта­лықтағы халықаралық деңгей­дегі нысандар әлем турис­терін қызықтыратын әрі тарихтан сыр шертетін ғажап орталыққа айналуда.

Түркістан қаласында ша­һарға ерекше көрік бере­тін ауқымды жобалардың құры­лысы жалғасуда. Солардың бірі де бірегейі – «Керуен-сарай» кешені.

Жоспар бойынша бұл ке­шен көне заманның ежелгі сау­да алаңдарын еске түсіретін үлкен шығыс үлгісіндегі гранд-базарға айналады. «Керуен-сарай»  аумағында қонақүйлер, кинотеатрлар, мейрамханалар, тарихи-сауда көшесі және жа­санды көлмен қатар, кешенге жақын жерде «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені  орналасады. Тұрғын үй кешенінің көрінісі негізгі кешен мен көне қала орталығының жалпы келбетіне сәйкес, ежелгі қаланың рухын, қайталанбас үлгісі мен бірегей сәулетін сақтайды.

Түркістанның жаңа көрікті ау­мағындағы құрылыс барысын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аралап көрді. Құрылысшылармен кездескен өңір басшысы жауапты тұлғаларға демалыс орындарындағы балалар алаңқайларының сапасы мен қауіпсіздігін жіті қадағалауды жүктеді.

ЖОЛ САЛАСЫН  ДАМЫТУҒА –  20 МЛРД ТЕҢГЕ

Өткен жыл қорытындысымен Түркістан облысында 828 нысан және 1,5 мың шақырымнан астам жол мен көшелерде құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. Ауқымды жұмыстар биыл да жалғасуда. 2021 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағ­дайдағы үлесін 81,4%-ға арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды.

Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 637 шақырымды құрайды. Былтыр автомобиль жолдарын дамытуға бюджеттен  54,8 миллиард теңге бөлінген. Облыс жолдары жайлы баяндаған  Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, биыл жол саласын дамытуға бюджеттен 19,9 млрд теңге қаралуда. 156 нысан немесе 538  шақырым жол мен елді мекен көшелері қамтылады деп жоспарланған.

Биыл Түркістан қаласындағы әуе­жайға баратын автомобиль жолын, Түркістан – Кентау, Түркістан – Балтакөл, Кентау – Ащысай, Шымкент – Ақсукент, Ақсу­кент – Қарамұрт, Шымкент – Сайрам, Шарапхана – Жаңа­базар бағыттарындағы жолдар пайдалануға берілмек. Бұдан өзге, Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандарындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңарту жұмыстарын аяқтау көзделуде.

Сәуір айында Түркістан қала­сындағы жаңадан салынған әуе­жайға баратын 16,3 шақырым жол пайдалануға беріледі. Түркіс­тан – Кентау бағытындағы ұзын­дығы 19 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде аяқжол, веложол, жарықтандыру  қарастырылған. Бұдан басқа, Түркістан қаласына Кентау қаласынан кіреберіс 26,6 шақырым жолды жөндеу жұ­мыстары басталды.

Ал, Түркістан – Балтакөл, Түр­кістан – Қарнақ – Кентау, Кентау – Ащысай бағыттарындағы 113,2 шақырым автомобиль жолы күрделі және орташа жөндеуден өткізілуде. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталатын болады. Шардара – Темірлан бағытындағы жалпы ұзындығы  162,6 шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтіп жатыр.

Шымкент – Ақсукент, Ақсу­кент – Қарамұрт, Шымкент – Көксәйек бағыттарындағы  50 шақырымнан асатын күре жолдар жөндеуден өткізілуде. Жыл соңына дейін жұмыстар толық аяқталып, халық игілігіне беріледі. Ал, Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандары аумағында ұзындығы 50 шақырымға жуық жол жөнделуде. Одан бөлек, осы ауданда жалпы ұзындығы 184,6 шақырымды құрайтын  11 облыстық маңызы бар автомобиль жолдары жаңартылып жатыр. Бұл жолдар қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

ГАЗ ЖЕЛІЛЕРІ  ЖАППАЙ  ТЕКСЕРІЛЕДІ

Соңғы кездері бірқатар өңірде орын алған қатерлі оқиғалар халық­ты қатты қапаландырып, солардың қайталанбауы қатаң бақылауға алынды. Түркістан облысында да әр үйдегі газ құрыл­ғыларының орнатылу тәртібі жаппай тексеруден өткізіледі. Табиғи газды тұрмыста пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары толық сақталуы тиіс. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ақпан айының со­ңындағы апталық мәжілісте осындай тапсырма берді. Облыс басшысы газ пештерін орнатуда жіберілген қателіктер үшін жауаптыларға шара көруді міндеттеді, деп хабарлады өңір әкімінің Баспасөз қызметі. «Бүгіннен бастап, барлық әкімдерге де айтамын, газ кірген жерлердің барлығын тексеріп шығу керек. Шұғыл түрде. Әр ауланы аралап жүріп, тексеру керек. Қажет болса, сол газды орнатқан мекемені жазалау керек», – деді облыс әкімі.

Облыс басшысының төраға­лы­­ғымен өткен отырыста орталық­тандырылған газ жүйесіне қосылған тұрғын үйлерді толықтай тексеріп шығу, жазатайым оқиғаның алдын алу жүктелді. Талап бұзғандар табиғи газдан ажыратылуы мүмкін. Осы мәселеге қатысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов баяндама жасады. Айтуынша, жылыту маусымы басталғалы үгіт-насихат жұмыстарының барысында 45 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі­нің кемшіліктері анықталып, ретке келтірілген. «Арнайы топ камин пештер пайдаланбауға, одан бөлек, шатырдан шыққан құбырларды да бекітіп қоюға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Өкінішке орай, тұрғындардың көпшілігі біз кеткен соң, қайтадан өз дегендерін істеп, қауіпсіздік ережелерін бұзуда. Оған дәлел, екінші рет барғанда анықталып жатқан фактілер де бар. Төтенше жағдай саласы тарапынан осы камин пештерін пайдаланғаны үшін әкім­шілік шараға тарту немесе оны тоқтату талаптары қарастырылмаған», – деді департамент басшысы.

Айта кетейік, облыс аумағында жалпы 376 мыңнан астам жеке тұрғын үй есепке алынған. Оның 204 мың­нан астамы табиғи газ пайдаланады. Бұдан бөлек, өңірде 1,5 мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй орналасқан.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

606 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы