• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 04 Наурыз, 2021

Дамумен дәреже артады

Сейсенбідегі Үкімет отырысында АӨК-ті дамытудың және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі бағыттары, сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту мәселелері қаралды. Жиын төрағасы, Премьер-министр Асқар Мамин алдағы ауқымды міндеттерге тоқталып, маңызды тапсырмалар жүктеді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешені саласында іс жүзінде барлық макрокөрсеткіштер бойынша оң өсу серпіні байқалды. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл ЕАЭО елдері арасындағы ең үлкен өсім. Агро­өнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту мақсатында ішкі нарықты 80%-дан асатын деңгейде азық-түлік тауарларымен молықтыру, 1 млн ауыл тұрғындарының табысын тұрақты көтеру, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайту сынды міндеттер қойылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінен баяндалғандай, қазір импорты қысқаратын позициялар айқындалып, оларға құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық кіргізіліп отыр. Алдағы үш жылға арналған бағыттардың әрқайсысы бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы айқындалды. Сүт өнімдері импортының жалпы көлемі сүт шикізатына қайта есептегенде шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Молықтыру мәселесін өнеркәсіптік тауарлық сүт ферма­ларының қуаттылықтарын іске қосу мен кеңейту, отандық сүт зауыттарының жүктемесін толық игеру арқылы шешу көзделген. Сондықтан жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын іске қосу қажет. Ал алманы жалпы тұтыну көлемі қазірде 344,3 мың тоннаны, импорт 144 мың тоннаны құрайды. Ішкі нарықты 6,6 мың га алаңда жаңа қарқынды бақтар салу есебінен молықтыру болжануда. Сондай-ақ қант тапшылығы да 240 мың тоннаны немесе қажеттіліктің жартысынан көбін құрайды. Ішкі нарықты молықтыру Алматы облысындағы қант зауытын жаңғырту, сондай-ақ Жамбыл облысында қуаты 150 мың тонна қант болатын жаңа қант зауытын салу есебінен болжанып отыр. Бұл ретте АШМ қосымша 175 мың тонна қант өндіру есебінен жетіспеушілікті шешіп, 80%-дық қамтамасыз ету көлеміне шықпақ. Балық өнімдерімен қамту – 60,8%. Ішкі нарықты молықтыру үшін өндіру қуаты 13,5 мың тонна балық болатын 8 жоба іске қосылатын болады. Бұл қамтамасыз ету көлемін 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Жалпы республика бойынша бес жыл ішінде 380 инвестициялық жобаны іске асыру қарастырылған, оның 65%-дан астамы импортты алмастыру аясындағы жобалар. Және де бұл тізбеде агрокешен экспорттық әлеуетін ұлғайту, оның ішінде бордақылау алаңдары, репродукторлар, жылыжайлар, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша бірқатар жобалар бар. Сондай-ақ бұл жобалар Мемлекет басшысының 7 ірі экожүйе құру тапсырмасына сай жүзеге асуда. Оның шеңберінде дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру мен өңдеу экожүйелерін құру жөніндегі инвестициялық жобалар жоспарлануда. Мысалы, өсімдік шаруашылы­ғында зәкірлік «BioOperations» ЖШС кәсіпорнымен Солтүстік Қазақстан облысында астық өндіру және өңдеу жөніндегі экожүйе құрылуда. Кооперация қағидаты бойынша экожүйе астықты тереңдетіп өңдейтін зауытты, құрамажем зауытын, құс кешенін, тауарлық сүт фермасын және осы кәсіпорындарды ауыл шаруашылығы шикізатымен қамтамасыз ететін ауыл шар­уашылығы өндірушілерін біріктіреді. Осындай экожүйелер елдің барлық өңірлерінде өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып құрылатын болады. Сонымен қатар ауылда шағын несие беру жалғасады. Өткен жылдың өзінде бұл мақсатқа 43,2 млрд теңге бағытталды, оның 60%-ы – стартап-жобалар. Бағдарламаны іске асыру ауылда 11 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.  Алдағы бес жылда 250 млрд теңге сомасына 50 мың шағын несие беру жоспарланып отыр. Еңбек өнімділігін арттыру мақсатында агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.  Бұл үшін өткен жылы министрлік субсидиялау тетіктерін қайта қараған, олар белгілі бір салаға баса назар аудармай, бірыңғай тәсілдемені көздейтін болды. Сондай-ақ шағын және орта фермерлердің субсидиялауға қол жеткізу шектері өзгертілді. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін ағымдағы жылдан бастап бизнес үшін қарсы міндеттемелер кезең-кезеңімен енгізіледі. Базалық субсидиялау көлемін ұлғайту есебінен 2025 жылға қарай: ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 4%-дан 6%-ға дейін; минералды тыңайтқыштарды қолдану ғылыми негізделген норманың 21%-ынан 30%-ға дейін; IV репро­дукцияға дейінгі жоғары сапалы тұқымдарды енгізу деңгейін 97%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.  Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың басты қағидаты оның тұрақтылығы мен сабақтастығы болады. Бұл ауыл шаруашылығы ең­беккерлеріне өз қызметін ұзақ мерзімді перспективаға болжауға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы әкімдер азық-түліктің негізгі түрлеріне бағаны тұрақтандыруға бақылауды күшейтіп, өңірлерде тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауы, азық-түлікті фор­вардтық сатып алу тетіктерін неғұрлым кеңінен пайдалануға назар аударуы қажеттігін ескертті. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп аграрлық ғылым мен білімді дамыту бағдарламасын әзірлеу, аграрлық ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру, сондай-ақ АӨК субъектілерін білім беру жүйесімен қамту бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Жиында қаралған келесі та­қырып – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту шаралары. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі дерегінше, қазіргі уақытта халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмекті 7 мыңнан астам МСАК ұйымы көрсетеді, оның ішінде 2 991 медициналық пункт, 836 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 379 дәрігерлік амбулатория және 2 182 емхана бар. МСАК медициналық қызметтерін мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының 59%-ы және жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарының 41%-ы көрсетеді. Амбулаториялық емханалық көмекті қаржыландыру үлесі ТМККК және МӘМС жалпы көлемінің 52,4%-ын құрайды. МСАК ұйымдарында 10 мыңға жуық дәрігер және 28 мың орта медицина қызметкері, оның ішінде ауылдық жерлердегі дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің 47%-ы жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға артты. БМСК дәрігерлерінің жүктемесін азайту бойынша үлкен жұмыс атқарылды, ағымдағы жылы жалпы практика дәрігерлерінің қолданыстағы учаскелерінен қосымша 480 учаске құрылды, БМСК-нің 63 жаңа объектісі салынды. Көлік медицинасы енгізілді, жыл сайын жылжымалы медициналық кешендермен 1100 шалғайдағы ауылдық елді мекендердің 1,2 млн тұрғыны қамтылады және 35 мыңға жуық науқас адам анықталады, өткен жылы қосымша 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Осылайша, қолданыстағы 49 ЖМК ескере отырып, олардың жалпы саны 149 құрады. Сондай-ақ республика бойынша МСАК ұйымдары ғимараттарының 55%-ға тозған.

Үкімет басшысы ауылдарға жұмысқа белсенді тарту және жас медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қажеттігін атап өтті. «2025 жылдың соңына дейін 487 объект салу жоспарланған. Сонымен қатар 600-ден астам алғашқы медициналық кө­мек көрсету объектілерін күр­делі жөндеуден өткізу қажет. Қабыл­данып жатқан шаралар, әсіресе ауылдық елді мекендерді алғаш­қы медициналық көмекпен қамту аясын кеңейтеді», – деді А.Мамин.

Премьер-министр өңірлер­дің әкімдеріне бір ай мерзімде Денсаулық сақтау министрлігіне жылдар мен елді мекендер бой­ынша бөлінген алғашқы ден­саулық сақтау объектілерінің ин­фрақұрылымын дамытудың жол картасын әзірлеп, жолдауды тапсырды. Әкімдіктерге Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, өңірлерде жаңа учаскелер ашу, жеке секторды дамыту және тарту арқылы МСАК дәрігерлерінің жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету, сондай-ақ жас медицина қызметкерлерін, әсіресе ауылға жұмысқа келген жас мамандарды материалдық ынталандыру шараларын қабылдау тапсырылды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

515 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы