• Мәдениет & Спорт
  • 18 Наурыз, 2021

Ұлық мерекені биыл он күн тойлаймыз

Әз-Наурызды асыға күтетін қазақ халқы үшін Наурыз мерекесі ақ түйенің қарны жарылған күнмен тең. Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы.

Қазақ халқы бұл мерекені айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айналдырған.  Иә, бұл ке­зең нағыз жуанның жіңішке­ріп, жіңішкенің үзілетін шағы десек те болады, себебі, табиғат ананың да қайта жанданып  жаңа өмірге қадам басар шағы. Әрбір отбасы наурыз мереке­сіне ерекше дайын­далатыны сөзсіз. Себебі бұл кез – жаңару, құлпыру, шаттану сезімдері мен жайдары көңіл күйге толы кезең. Көктемнің өзі күллі тіршіліктің, табиғаттың жаңаратын мезгілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуел­сіздік  бәрінен қымбат» атты ма­қала­сында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын жасауды, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды. Осыған орай, таяуда Премьер-министр Асқар Мамин Наурыз мейра­мын атап өту тұжырымдамасын  бекіту туралы қаулыға қол қойды. Осылайша 14-23 наурыз аралығында мерекелік күндер белгіленді. Мәселен, 14 наурыз – «Сәлемдесу күні»; 15 наурыз – «Табиғат күні»; 16 наурыз – «Бабаларды еске алу және бата күні»; 17 наурыз –  «Тарих күні»; 18 наурыз –  «Игі істер күні»; 19 наурыз – «Спорт және шеберлік күні»; 20 наурыз – «Даналық пен білім күні»; 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні»; 22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні»; 23 наурыз – «Құрмет күні».

Ұлыстың ұлы күні – Наурызда адамдар бір-біріне деген өкпе-реніш­терін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген. Хал­қымыз мол дастарқанын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кет­кен­­нен сыр тартып, барша адам бала­сына жақсылық, аман­шылық ті­леп, жастарға ақ бата­ларын берген.

Иә, Наурыздың жыл басы болып белгіленуі жайдан-жай емес. Күн мен түннің теңелер сәті. Демек, осы сәттен Жаңа жыл, Жаңа күн басталады де­генді аңғартады. Біле білгенге нағыз Жаңа жылымыз, Жаңа жыл мерекесі. Кең дүниеге қа­ра­ңызшы. Ғажап қой. Мұз құр­санған дала бусанып жатыр. Жылғалардан судың сылдырай аққан үні естіледі. Жер бетінде көк өскіндер қылтияды. Ағаштар бүршік жарған. Күннің шуағы да өзгеше, көңілді көтеріп, бойың­ды балбыратады... Осының бәрі төңірекке нұр-шапағатын төгіп, Әз Наурыздың келіп қалға­ны­ның белгісі. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Еліміз аман, жұр­тымыз тыныш болып, ізгі арман­дарымызға жете берейік.

Нұрлан ҚҰМАР

263 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы