• Өндіріс өрісі
  • 18 Наурыз, 2021

Импортты алмастыру бағытындағы маңызды қадам

Қазақстандық «SAIMAN» аспап жасау зауыты ірі электр техникалық өнімдерді өндіруші және жеткізуші ретінде танымал. Бұл зауыт елімізде отыз жылға таяу уақыт электр энергиясын есептейтін аспаптар бойынша импортты алмастырып, Қазақстан мен ТМД елдері нарығында көшбасшы болып келеді.

Осыған орай электр қуатын есептеу құралдары нарығындағы жетекші өндіріс орны – «Корпорация Сайман» ЖШС директорының орынбасары Әділхан Әлиевтен зауыт шығаратын үнемшіл аспаптар туралы айтып беруді сұраған едік.

– Қазіргі таңда «SAIMAN»  бренд өнімдерінің 300-ден аса түрі өндіріліп, соңғы 5 жылда 1 500 000-ден астам санауыш жасап шығарылды. Кәсіпорын өз жұмысын 1992 жылы Ленинград электромеханикалық зауытының (LEMZ) технологиясы бойынша өлшеу құралдарын құрастыру өндірісінен жалға алынған аудандарда 2,0 дәлдік класындағы индукциялық үш фазалы өнеркәсіптік электр есептегіштер шығарудан бастады. Содан соң Вильнюстың «Скайтекс» электр өлшеу техникасы зауытының технологиясы бойынша дәлдік сыныбы 2,0 со-И449М1-2 типті тұрмыстық бір фазалы индукциялық электр есептегіштерін шығарып, 2001 жылдан бастап IEC 1036-96 халықаралық стандартқа сай электрондық электр есептегіштерін шығаруға көшті.

Компанияның сапа менеджменті жүйесі ISO 9001 халықаралық стандартына, МСТ Р ИСО 9001 ресейлік стандартына және СТ ИСО 9001 қазақстандық стандартына сәйкес сертификатталған. Өндірісті әртарап­тандыру мақса­тында электрондық жол және жаяу жүргінші бағдаршамдарын шығару, бір фазалы және үш фазалы электр есептегіштерді сынау үшін автоматтандырылған Мерген-1-24 және Мерген-3-16 тексеру стендтерін, Жусан-1 және 3 контролдерін өндіру жолға қойылды. Компания сапасы жағынан жаңа деңгейге көтеріліп, энергияны коммерциялық есепке алудың автоматтандырыл­ған жүйелері SANAU ENERGY ЭКЕАЖ-дың есептеу аспаптары мен бағдарламалық қамтамасыз етуінің өзіндік әзірлеме­лері негізінде іске асырылып келеді, – дейді Әділхан Садықұлы.

Зауытта еліміз бен ТМД елдерінде тек қана өз өнімдерін – активті және реактивті электр энергиясының санауыштарын, ток трансформаторларын, электр есептегіш сөрелерін (шкафтарын), жарық диодты өнімдерге дейінгі әр түрлі өнімдерді өндіріп, тұтынушыларға дер кезінде ұсыну көзделген.

Энергия есептегіштері авто­маттан­дырылған есепке алу жүйе­лерінде – деректерді жинау, беру және алмасу мүмкіндіктері қарастырылған. Бір фазалы бір және екі тарифтік, үш фазалы бір және көп тарифтік электр есептегіштерін шығаратын тұрақты өндірісте әртүрлі сыйымдылықтағы қосымша жад блоктарымен, қосу және ажырату релесімен, смарт-карта­лармен (деректерді жинау және алдын ала төлеу үшін), әртүрлі тәсілдермен деректерді беру блоктарымен тапсырыс берушінің қалауы бойынша жүргізіледі.

Зауыт шығаратын өнімдердің негізгі номенклатурасына, электр санағыштарды есептеудің бір фазалық және үш фазалық көп тарифті аспаптары, PLC модемді электр энергиясын есептеу аспаптары, «ОТАН» ірі қуатты көпбейінді есептеу аспаптары, 50/5-ден 1000/5-ге дейінгі ток трансформаторлары, «LED» жарық-техникалық өнімдері, КСК жарықдиодты лампалары, датшігімен, өндірістік және көшені жарықтандыруға арналған жарықдиодты аспалы шамдары, қуат­ты есептеу сөрелері және тағы басқа аспаптар жатады. Зауыт өндір­ген әрбір өнімнің паспортында ақпарат­тар мемлекеттік және ресми тілде дайындалған.

«Сайман» корпорациясы кез келген кәсіпорында барынша қысқа мерзімде қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттарға сай және тапсырыс берушінің талабы мен өтініші бойынша АСКУЭ-ні меңгеру мен қолданысқа енгізуде кешенді қызмет түрлерін ұсынып, орнатылған жүйеге сапалы түрде техникалық қолдау көрсетуге кепілдік береді. Осыдан үш жыл бұрын зауытта энергия ресурстарын есепке алудың зияткерлік жүйелеріне арналған PLC технологиясы бар су есептеуіш көрсеткіштерін есептейтін және жөнелтіп отыратын құрылғының баспа тақталарын құрастыру бойынша автоматтандырылған желі іске қосылды.

Компания өзінің негізгі қыз­метінің өндірістік бағытынан басқа кез келген салаға әр түрлі үлгіде, кө­лемде, қалыпта, жаңа технологияны ескере отырып, металл мен пластмассадан корпустық бұйымдар және бөлшек бұйымдарын жасап шығару­да. Сондай-ақ өз тұтынушыларына ыңғайлы болу үшін зауыт жанынан ашылған фирмалық дүкен бү­гінгі күні кәсіби деңгейде сапалы қызмет көрсетіп отыр. Қазақстандық тұтынушыларға «Корпорация Сайман» ЖШС аспаптарының, оның ішінде электрсанауыштар, электр энергиясының шкафтары, басқа да әр түрлі өнімдер, біріншіден, сапасы жағынан шетелдік өнімдерден ешқандай да кем емес, жоғары бәсе­келестік деңгейде екенін мақта­нышпен айтуға болады. Компания­да 300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Жас мамандар, сондай-ақ өндіріске жаңадан келген жұмысшы-қызметкерлер құрал-жабдықтарда жұмыс істеу кезінде келеңсіз жағ­дайларға ұрынбас үшін техника қауіпсіздігі талаптарын сақтау және біліктілік арттыру курстары­нан өтеді. Зауыттағы электрмагниттік өріс белгілі бір немесе шектеулі деңгей­ден жоғары көрсеткіш көрсеткен жағдайда адам ағзасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан электрмагниттік өрістер мен физикалық факторларды тексеру «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Алматы қалалық филиалымен келісе отырып, жылына екі рет жүргізіледі. Сонымен қатар шикізат өнімдерін зерттейтін зертханалар жұмыс істейді.

«Сайман» зауыты суды есепке алатын 12, газдың – 6, электр энергиясының – 26 түрлі үнемшіл аспаптарын шығаратын ең ірі өндіріс болып табылады. Шығарылатын өнімнің құрамдас бөлігі сол елде өндірілуі керектігі экономикалық тұрғыдан орынды екендігі белгілі. Қалай болғанда да, белгілі бір аспап немесе құрылғы жиналатын құрамдауыштар мен тетіктер жергілікті мекенде шығарылуы керек. Осы ретте зауытта іске қосылған өндіріс желісі – импортты алмастыру бағытындағы кезекті маңызды қадам болып саналады.

Гүлмира МЕРАЛИНА

 

470 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы