• Аймақ тынысы
  • 18 Наурыз, 2021

Кенді мекендегі берекелі істер жалғасады

Барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулері атқарушы құрылымдардың біржылдық жұмысының қорытындысын шығарады. Сонымен қатар тұрғындардың қатысуымен алдағы жылдардағы даму бағыт-бағдарын айқындайды. Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов осындай онлайн сипатындағы халықпен есептік кездесуін өткізді. Жиынға бейнебайланыс  арқылы облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сақтау, қоғамдық ұйымдармен және қарапайым азаматтармен диалог, ашықтық, адамдардың қажеттілігіне жедел әрекет ету, халықпен тұрақты кездесулер жергілікті атқарушы құрылымдар қызметіндегі басты қағидат болып табылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан әкімдігі 250-ге жуық адамды онлайн және оффлайн форматта қабылдап, аудандық деңгейдегі көптеген түйткілді мәселе шешімін тапты.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақсай қаласының 10-шағынауданында  9 қабатты  үш тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бір үй жер­гілікті атқарушы құрылымның кезегінде тұрған азаматтарға, екі үй «Отбасы» банкінің салым­шыларына арналған. Бұдан басқа Ақсай қаласында және «Аралтал» шағынауданында екі пәтерлік 40 тұрғын үйдің құрылыс құжаттамалары дайындалды. Әлеуметтік саладағы маман тапшылығын жою, мамандарды тұрақтандыру мақсатында бір ғимарат жөнделіп, денсаулық сақтау саласының 28 қызметкері­не жатақхана ретінде берілді. Атқарушы құрылым дәрігерлерге арнап 22 пәтерді жалға алды. Бумакөл ауылында мамандарға арналған жатақхана салынды. Ақсайда білім беру саласының қызметкерлеріне жатақхана салу жоспарланған. Есепті жыл ішінде 30 шақырымға жуық жол жөндеуден өткізілді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Биыл да қарқынды түсірмей, 30 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланды.

2020 жылдың қорытындысында аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 266,5 млрд теңгені құрады. Аудан экономикасын нәрлендірген жеке инвестициялардың өсу динамикасы айқын. Биыл жалпы құны 18 миллиард теңгеден асатын 31 жеке инвестициялық жоба іске қосылмақ. Мұның өзі 600-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына екі жоба, «Global Trade and Services» ЖШС-ның жарық диодты прожекторлар өндірісі және «Green Spark Limi­ted» ЖШС-ның күн батареялары өндірісі жобалары кіреді. Аудан экономикасының құрылымында шағын және орта кәсіпкерлік үлесі – 88,8%. Осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 12 096 адамды, яғни ауданның белсенді тұрғындарының 38%-ын құрайды. Сонымен бірге кәсіпкерлікті дамытуға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда.

Өткен жылдың қорытынды­сында ауыл шаруашылығы  өнімінің жалпы көлемі 8,5 млрд теңгені құрады. Шаруаларды су мәселесі қинайды. Көктемгі ағын суларды сақтап қалу үшін бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бесағаш, Успен, Қарағанды және Қарақұдық ауылдарының бөгеттері жөнделді.

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ

ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛУДА?

Аудан әкімі Президенттің тапсырмасына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару және жұмыс істейтін азаматтарға беру бағытындағы шаралардың жүйелі атқарылып отырғанын айтты. Бүгінде 10 шаруа қожалығынан 11 200 га  жер мемлекет меншігіне қайтарылды.  Ауданда жалпы шамасы 5 млрд теңгеге жуық ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мысалға, «Достық Қоныс» ЖШС 3 мың асыл тұқымды ірі қараға арналған бордақылау алаңын салып жатыр. «Аманат» шаруа қожалығы 600 ірі қараға арналған сүт тауар фермасы құрылысын жүргізуде.

Ақсайлықтарды Қызылтал ауылы бағытындағы жол бойында желмен шашылған қоқыстар мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонынан шыққан түтін мазалайтын. Бұл мәселе былтыр шешілді. Полигон аумағы кеңейтіліп, қоршалып, дезинфекциялау орны, қоқыстарды сұрыптайтын желі, бейнекамералар мен жарықтандыру жүйесі орнатылды. Ауданы 40 га жаңа полигонның жобасы әзірленіп, сараптама жасалуда. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бес стационарлық полиция бекеті орнатылды. Полиция бөлімінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Ақсай қаласында өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталады. Бұрын қалада өрт сөндірушілерге арналған жеке ғимарат болған жоқ. Сондай-ақ осы бағдарлама аясында әскери комиссариатқа арналған әскерге шақырылушылар пункті салынады. Қолданыстағы ғимарат тозған,  стандарттарға сәйкес келмейді. «Ақылды» жарықтандыру, бейнекамералар, ыстық және суық судың автоматтандырылған есеп­тегіштері, жылдамдық өлше­­­­­гіш­тері болатын SMART-AKSAY жо­­басы бойынша инвесторлармен келіс­сөздер жүргізілуде.

Онлайн есеп беру барысында аудан әкімі тұрғындардың бірқатар сұрағына жауап берді. Соның бірі – Ақсай  қаласындағы жеделсатыларды жөндеу мәселесі. «Аудандағы 200-ден астам жедел­сатының 115-і жөнделуі қажет, жыл сайын 18-і жөнделуде. Биыл да солай жалғасады. Алдағы 3-4 жылда барлық жеделсаты жөнделеді», – деді Миржан Мұнай­дарұлы.

  Орал – Орынбор күрежолын жөндеуге қатысты тұрғындар сұ­рағына республикалық маңызы бар бұл жол құрылысының жобасы сараптамадан өткізіліп жатыр деп жауап берді аудан  басшысы. Тұрғындар ауданда дәрігерлер жетіспейтініне шағымданды. Соңғы екі жыл ішінде Бөрлі ауданына өзге өңірлерден 28 дәрігер қызметке шақырылды. Оларды баспанамен қамтуға мән берілуде. Алдағы жылдары ауданды білікті мамандармен қамту жоспарланған. «Ақсай – Жымпиты бағытындағы жолды жөндеу жалғаса ма? Александровка селосы бағытындағы жол қашан жөнделеді?» – деп жазды аудан тұрғыны Олга Светлакова. «Жол Жымпиты бағытында салынып жатыр. Алдағы жылдары құрылысы аяқталады. Александровкаға дейінгі жолды асфальттау жоспарланған. Облыс орталығы бағытындағы күрежол жөнделген кезде, сіздің ауылға да жол салынады», – деді М.Сатқанов.

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДЫҢ

МҮМКІНШІЛІГІ ЗОР

Осы жиынды тікелей тың­дап отырған облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан әкімінің өткен жылғы есебінде оң даму үрдіс­тері басымдығын, тың жобалар барын айтты. Бірақ мұнымен шектелмей, халықтың әл-ауқа­тын жақсарту жұмыстарын жал­ғастыру қажеттігін еске салды. «Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға төмендеген. Оның мәнісі ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша «ҚПО б. в.» компаниясы­ шығындарының азаюына бай­ланысты болды. Жалпы тартылған инвестиция көлемі  –  97% жеке инвестиция. Бұл көрсеткіш инвестиция тартудың зор мүмкіншілігін көрсетеді. Аудан әкімі мұнай-газ саласына ғана мән-маңыз бермей, аудан экономикасын әртараптандыру мақсатында жеке инвестицияларды тарта отырып, жаңа жобаларды іске асыру жұмыстарын күшейтуі қажет», –  деді облыс әкімі.

Өңір басшысы инвесторларды тарту мақсатында ашылған ауданның инвестициялық сайты­ның қазақ тілінде «сөйлемей­тінін», кей жобалардың ақпараты жоқтығын ескертіп, кемшіліктерді түзетуді тапсырды. Облыс бюд­жетінің кіріс көздерін көбейту мақсатында тіркелмей қызмет жасап жүрген ірі компаниялардың тізімін жасақтап, олармен нақты жұмыстар жүргізу қажет. «Өткен жылы осы бағытта жұмыстандық, басқа аймақтарда тіркелген компаниялар өңірімізге көшірілді. Соның нәтижесінде жыл қоры­тындысы бойынша салық түсімдері 4 млрд теңгеге өсті. Нақ осы жерде мол қорымыз бар. Кейбір компаниялар осы жерде жұмыс істеп, салық төлемдерін басқа өңірлерге төлеп жүргені белгілі. Солардың көпшілігі Бөрлі ауданында жұмыс істеуде», – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Одан әрі облыс басшысы облыстық еңбек инспекциясына аудан әкімдігімен бірлесіп, «ҚПО б. в.» компания­сы мен оның айналасындағы мердігер компаниялардың қыз­меткерлерінің жалақыларын келісімшартқа сәйкес уақтылы тө­ленуін бақылауға алуды тапсырды. Ауданда ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 9%-ға төмендеген. Жағдайдың қуаң­шылыққа байланысты екен­дігі түсінікті. Десе де, ауыл шаруа­шылығы саласының әлеуетін барынша пайдалануы тиіс. Соған орай аудан әкімдігі кен игеруші компанияның, мердігерлердің азық-түлік өнімдерін қайдан алатынын анықтап, сол өнім түрлерін ауданда шығару жөнін­де ұсыныстар жасау керек. Егіс алқаптарына түгендеу жүргізіліп, көпжылдық дақылдар егісін ұлғайту, мемлекет иелігіне қайтарылған жерлерді игеруге инвесторлар тарту қажет. Асыл тұқымды шаруашылықтар жоқ, соларды дамытқан жөн. Мемлекеттік бағдарламалар аясында гранттық қаржыға мал өнімдерін өңдейтін шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын ашуға мән берілгені дұрыс. Тасжол бойындағы жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында БҚО полиция департаментімен бірлесіп, жұмысты күшейту тапсырылды. Ауданда 27 ауылдық елді мекеннің төртеуінде ғаламтор байланысы жоқ. Бұл облыстық деңгейде жоспар жасалып, ше­шіледі. «Жобалардың сапасына көңіл аудару керек. Өткен жылы ауданға барғанымда, тұрғындар абаттандыру жобаларына балалар алаңдарын енгізуді ұсынды. Осыны ескергеніміз жөн. Аудан тұрғындарының жалақысы жаман емес деп саналады, ауданда тұрғын үй құрылысы жинақ банкісінің салымшылары және зейнеткерлік жинағы мол адамдар бар. Олар зейнеткерлік жинағының бір бөлігін алып,  үй мәселесін шеше алады. Сондықтан ауданға тұрғын үймен қамту жоспарын жаңадан жасақтау қажет. Биыл және алдағы жылдары қанша коммерциялық үй салынатынын тұрғындар біліп отыруы үшін сайт жасау керек», – деді Ғали Есқалиев.

Облыс әкімі ауданда қолға алынатын жобаларға қолдау көр­сетілетінін айтты. Оның бірі – SMART-AKSAY жобасы болса, екіншісі, кәрізді қайта құру жобасы. Бұл жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі негізінде жүзеге асырылады. Дәрігер мамандар тапшылығын жою үшін жылда грант шамасын көрсетіп отыру керек дей келе,  ата-аналар ұсынысымен дәрігерлік мамандықтарға бөлінетін гранттар санын көбейтуге болатынын жеткізді.

Батыс Қазақстан облысы

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

354 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы