• Аймақ тынысы
  • 18 Наурыз, 2021

Бензин бағасы неге құбылмалы?

Жақында energyprom.kz сайты еліміздің бензин бағасы арзан елдердің рейтингінде 8-орында екендігін жазды.

Қазақстандағы бензин бағасы Түркіменстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттеріндегі бағамен салыстырғанда едәуір арзан көрінеді. Еліміздегі бензиннің бағасы литріне 170 теңгені құрайды. Көлік отыны арзан елдердің алғашқы үштігінде Венесуэла (8,4 теңге), Иран (29,5 теңге) және Ангола (102,6 теңге) тұр. Ең қымбат жанар-жағармай Сирияда екен. Бұл елде бензиннің бір литрі 1,1 мың теңге тұрады.

Біздегі бензин бағасы қандай деген сауалды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына жолдағанбыз. «Қазіргі уақытта облыс аумағында мұнай өнімдерін сақтайтын тоғыз база жұмыс істейді. Жанар-жағармай жеткізетін жабдықтаушылар қатарында жергілікті «Архар Бизнес», «Батыс Арна», «Цетан Батыс» ЖШС-лары (серіктестіктердің барлығы өнімді «АМӨЗ» ЖШС-дан сатып алады) және «Конденсат» АҚ компаниялары бар. Облыста 131 жанар-жағармай құю стансасы болса, оның 78-і Оралда, 53-і аудандарда орналасқан», – деді аталмыш басқарма басшысының орынбасары Бейімбет Мусин.

Басқарма мамандары ұсынған соңғы үш жылдағы жағармай бағаларының салыстырмалы көрсеткіштері төмендегідей (1 литрі, теңгемен).

Кестеден көріп отырғанымыздай, өткен ақпан айында жанар-жағармай бағасы шамамен 2-3 теңгеге төмен­деген. Алайда наурыз айында АИ-92, 95 бензин түрлерінің бағалары шамамен 2-5 теңгеге қымбаттаған. Облыстың АИ-92 бензиніне деген орташа айлық қажеттілігі 20 000, жылдық қажеттілігі 180 000 тоннаны құрайды. Ал дизель отынына орташа айлық қажеттілік 15 000, жылдық қажеттілік 135 000 тонна шамасында. Қазіргі уақытта барлық жанар-жағармай құю стансаларында отын түрлері еркін сатылуда, жанар-жағармай тапшылығы және кезек жоқ.

 

БАҒАНЫ КІМ БЕЛГІЛЕЙДІ?

Мұндай рейтингтік зерттеу­лер жылда жүргізіледі. 2018 жыл­дың рейтингінде Еуропаның 33 мем­лекетімен қабаттасып Қазақстан да жүр. Ол кезде елімізде АИ-95 маркалы бензиннің бағасы 176 теңге болды. Бұл – ең арзан көрсеткіш. Бізден кейін Беларусьте – 206, Ресейде – 233 теңге деп көрсетілген. Ал АИ-95-тің  ең қымбат бағасы  Голландияда болған, бір литрі – 629 теңге. Мұнай-газға бай Қазақстан бензин бағасы тез өсетін елдер тізімінде бірінші орыннан көрінеді. Бізде бір жылда АИ-95 бағасының 20 пайызға қымбаттай салуы түк емес дейді сарапшылар. Бірақ жалақының өсуі бойынша бұл топтағылардың көшіне ілесу мүмкін емес. Мысалы, бензині ең қымбат деген Нидерландта орташа айлық бір миллион теңгенің көлемінде болса, Қазақстанда орташа еңбекақы одан 10 есе кем.

Біздегі бензин бағасының құбы­луы қандай факторларға байланысты деген сауалды химия ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің экология және биогеохимия сынақ зертханасының жетекшісі Зарипа Қонашеваға қойғанбыз. «Еліміздегі жанар-жағармайға қатысты баға саясатын мұнайдың сапасымен байланыстыру қиын. Қазіргі уақытта мұнайдың қасиетін жақсартатын озық технологиялар баршылық. Жалпы, елімізде көмірсутегі шикізатын өңдеп, мұнай өнімдерін шығаратын, одан әрі оны сатумен айналысатын компаниялар  бензин бағасын өздері белгілейді. Бір сөзбен айтқанда, баға жауапкершілігі солардың мойнында. Біраз сараптама жасағанда байқағаным, мұнай өнімдерінің саясаты сыртқы және ішкі экономикалық саясатқа тікелей байланысты. Бензин бағасы – экономика мен саясаттың түйісетін жері. Сарапшылар сәуір айынан бастап мұнайдың құны өседі деп болжауда. Алайда мұнайға қатысты коммерциялық саясат бұдан бөлектеу. Өйткені қазақстандық мұнай өңдеу саласындағы ұстаным мұнай химиясына қатысты әлемдік экономикалық саясатқа тәуелді емес. Мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысты қамтитын мұнай өңдеу зауыттары өздерінің баға саясатын жүргізеді», – деді Зарипа Хайроллақызы.

  Күні кеше онлайн сипатында өткен брифингте энергетика вице-министрі Әсет Мағауов ел нарығындағы жанар-жағармай бағасының сұраныс пен ұсыныс негізінде нарықта реттелетінін айтты. Ол мұнайдың әлемдік бағасына тәуелді емес. Баға ішкі нарықта­ғы мұнай бағасына, мұнай өңдеу қызметіне, салықтар мен акциздерге, зертханалық сынақтар, қоймада сақтау және өзге де шығындарға байланысты қалыптасады. Вице-министр бензин бағасына басқа елдердегі бағаның әсері болатынын жоққа шығармайды. Өйткені баға төмен болса, отандық өнім іргелес елдерге «кетеді», ал керісінше қымбат болатын болса, онда импортталған бензиннің профициті (артығы) орын алмақ. Ондай жағдайда қоймалар отандық өніммен толып, мұнай өңдеу көлемі төмендейді. Кейбір сарапшылар 2025 жылға қарай бірыңғай жанармай нарығын қалыптастыру жөнінде Еуразиялық экономикалық одақпен келісім барын алға тартады. Ондай нарық құрылатын болса, ЕАЭО елдерінде бензин бағасы шамалас болады деп болжануда.

 

ГАЗ ЖЕТКІЗУШІ ӨЗГЕРДІ

 Жақында Орал қаласында сұйытылған газ тапшылығы білінді. Облыстық  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары бұл жағдайды Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты  құрылғысының істен шығуымен байланыстырады. Біздің өңірде 103 жанар-жағармай құю бекеті жұмыс істейді. Олардың 58-і қалада, 45-і аудандарда. Үш газ құю желісі бар аккредиттелген кәсіпорындар («Алау», «Тәуекел», «BKKS LPG» ЖШС-лары) қала және аудандардағы жанар-жағармай құю бекеттері арқылы сұйытылған газды тұтынушыларға ұсынады. Басқарма мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылы өңірге 33 043 тонна шамасында сұйытылған газ жеткізілді. Сұйытылған газ бағасының литрі 60-80 теңге аралығында құ­былады. Былтырдан бастап облысқа сұйытылған газ электрондық сауда алаңдарынан тысқары жеткізу жос­пары шеңберінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан тасымалдануда.  Басқарма мамандары ақпанның 8-інде Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын­дағы құрылғының (каталитикалық крекингтің) істен шығуына байланысты оның жоспардан тыс жөн­деуге жабылғанын айтады. Осындай жағдайға байланысты қаладағы газ құю бекеттерінде газ тапшылығы орын алып, газды талонмен құю жағдайы болды. Қазір жағдай шүкірге бет бұрды. Бұрын облыс халқының сұйытылған газға айлық сұранысы 2000 тоннадан асатын болса, бүгінде 3000 тоннаға жетті. Өйткені жыл санап өңірде газбен жүретін көліктер қатары артып келеді. 1-наурыздағы Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған газды жеткізу жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия отырысының хаттамасымен Батыс Қазақстан облысы бойынша наурыз айындағы газ отынын жеткізу көлемі «Жайықмұнай» ЖШС компаниясына қайта бөлінді. Сондықтан өңірде газ тапшылығы және газ отынына деген кезек жойылды.

 

Гүлнәр ШӘҢГЕРЕЙ,

Батыс Қазақстан облысы

493 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы