• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 18 Наурыз, 2021

Межеге мазмұнды істер жеткізеді

Сейсенбідегі кезекті Үкімет жиынында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері, бұдан бөлек, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай сөз болды. Баяндауларды зерделей отырып, Премьер-министр Асқар Мамин атқарылар маңызды шараларға тоқталды.

Мемлекет басшысының Жол­­дауына және Nur Otan пар­тиясының бағдарламасына сәй­кес, Үкімет алдына 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өндірісін 1,5 есеге ұлғайту міндеті қойылды. Биыл қара металлургияның 5%-ға өсуін қамтамасыз ету жоспарлануда, оның ішінде ферроқорытпа өндірісін 10,4%-ға, болатты 17%-ға және прокат өндірісін 19%-ға, түсті металлургияны 4,5%-ға, оның ішінде мырышты 18,6%-ға, қорғасынды 18,8%-ға, мыс концентратын 9%-ға, алюминийді 6%-ға арттыру көзделген. Химия саласында фосфор тыңайтқыштары (+16,6%), аммофос (+15,4%), аммиак селитрасы (+10,7%) және хром қосылыстары (+13,6%) өндірісінің өсуі күтілуде. Машина жасауда автомобиль жасауды (+29%), теміржол вагондарын (+180%), ауыл шаруашылығы техникасын (+58%) және аккумуляторларды (+10%) қоса алғанда, 13%-ға өсім жоспарланған. Фармацевтика саласының өндіріс көлемінің өсуі 5% деңгейінде жос­парланған, бұл дәрі-дәрмектер өндірісін 10,2%-ға ұлғайту, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина шығару өндірісін іске қосу және 5 жаңа жоба есебінен қамтамасыз етілетін болады.  Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіпте 5%-ға өсім күтілуде. Тоқыма өнімінің өндіріс көлемі 6%-ға, оның ішінде мақта-мата иірілген жібі (+ 50%), мата (+14%), кілем (+19%), киім (+11%), тері (+30,4%) ұлғайтылатын болады. Құрылыс материалдары өндірісінде темір-бетон бұйымдары (+16%), кірпіш (+15%), цемент (+11%), құрылыс ерітінділері (+13%), жылу оқшаулағыш материалдар (+12,5%), гипсокартон (+11%) өндірісін қоса алғанда, 6% дең­гейінде өсімді қамтамасыз ету жоспарлануда.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігі биыл ферро-қорытпа, құрылыс арматуралары, болат құбырлар, темір және марганец кенін қайта өңдеу өндірісін арттыруға мүмкіндік беретін 6 жобаны іске қоспақ. Жоспарланған өсімге қол жеткізу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнеспен бірле­сіп, отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін реттеуші тетік әзірленген. 2025 жылға қарай өндіріс көлемі жылына 4 млн тонна болатқа жеткізіліп, «АрселорМиттал Те­міртау» компаниясының негізгі техникалық қуатын жаңғырту жұмыстары аяқталады. Салынатын инвестиция көлемі – 1,3 трлн теңге. Bloomberg болжамына сәйкес, қысқа мерзімді перспективада түсті металдардың барлық түрі бойынша баға көтерілуі тиіс. Осыған байланысты номиналды мәнде түсті металлургия өндірісінің өсімі 13% деңгейінде болжануда. Бұл өндірістің жоспарланған көлемін қамтамасыз етеді. Өндірістің қосымша көлемі Жәйрем кен байыту кәсіпорнын, Казминералс Ақтоғай 2 және Сәтбаев тау-кен байыту кәсіпорнын, сондай-ақ алтын шығару фабрикаларын іске қосады.  Титан өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі – Өскемен титан-магний комбинатын шикізатпен толық жүктеу үшін ЕЭК шеңберінде титан шикізатына салынатын кедендік баждарды алып тастау бойынша жұмыстар жүргізіледі. 2025 жылға дейінгі мерзімде Алматы облысында Көксай мыс кен орнын игеру жобасы іске асырылады. Бастапқы алюминийдің 250 мың тонна қуатымен Павлодар қаласындағы Қазақстандық электролиз зауытының екінші кезегі салынады.

«Биыл өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі көрсеткі­шінің 5,8% деңгейінде өсуіне қол жеткізуіміз керек. Машина жасауда, қара металлургияда, жеңіл өнеркәсіпте, фармацевтикада, тамақ өнімдері, құрылыс материалдары өндірісінде өсімді әрі қарай қамтамасыз етуіміз қажет. Биыл жалпы сомасы 2 трлн теңгеге жуық 110 өңдеу жобасын енгізу керек», – деді А. Мамин.

Президент Қазақстанды дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын бекітті, оның негізгі басымдығы мықты экономика құру болып айқындалды. Стратегиялық салаларда ұлт­тық жобалар құрылса, мұнда өңдеу секторына ерекше назар аударылған. Үкімет басшысы өндірістік процестерге жаңа технологияларды енгізу жөніндегі әлемдік трендтерді есепке алу­дың маңыздылығын, цифрлық инновациялық шешімдерді енгізетін кәсіпорындарды қо­сымша ынталандыру шараларын, сондай-ақ жұмыс күшінің өнімділігі төмен секторлардан анағұрлым өнімді секторларға ауысуын ынталандыру шараларын қабылдау қажет екенін атап өтті. А.Мамин Nur Otan партиясының бағдарламасын орындаудың жол картасына сәйкес 2025 жылға қарай экспортқа бағдарланған мұнай-газ химиясы өнімдері өндірісінің 9 есе өсуін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Осыған байланысты Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-мен бірлесіп, биыл Атырау облысы мен Шымкентте үш мұнай-газ химиясы зауытын пайдалануға беруді тапсырды, бұл мұнай-газ химиясындағы өндіріс көлемін 400 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Талқылаулардың екінші бөлігінде елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жөнінде баяндалды. Онда қазір елімізде, әсіресе «қызыл аймаққа» кірген Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Батыс Қазақстан облысында коронавируспен сырқаттанушылықтың өсіп отырғандығы айтылды. Алматы, Қарағанды, Ақмола және Атырау облыстарында ауырғандар саны өсуде. Республика бойынша вирустың репродуктивтік көрсеткіші 1,1-ді құрайды. Жұқпалы аурулар ауруханаларының толуы 24%, реанимациялық төсек орындарының толуы 16% құрай­ды. Өткен тәулікте КВИ+ 954 жағдайы және КВИ- 7 жағдайы тір­келді. Елімізде ресейлік вакцинаны шығару жолға қойылды және отандық вакцина да тіркелетін болады. Халықты вакциналау ақпан айында басталып, қазіргі сәтте 95 мыңнан астам адамға вакцина салынды. Бірінші болып медицина қызметкерлері, содан кейін педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлеріне вакцина салынды. ДСМ мәліметінше, вакцина алғандардың барлығының жағдайы жақсы, препараттың қалыпты төзімділігін және жа­ғымсыз реакцияның жоқтығын көрсетті. Сәуір айында вакцина ала­тындардың саны, оның ішінде аға буын өкілдері арасында айтарлықтай артады.

Үкімет басшысы вакцина алудың қолжетімділігін қамта­масыз ету және жаппай егу пан­демиямен күресте басты міндет екенін атап өтті. «Вакциналау ха­лықтың ұжымдық имму­нитетін қалыптастыруға және инфек­цияның одан әрі таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Дәл осы фактор пандемиямен күресте, сондай-ақ экономикалық өсімді қалпына келтіруде аса маңызды», – деді А. Мамин.

Вакцина салынатындар санын ұлғайту мақсатында Премьер-министр вакцинаны сақтау және тасымалдау үшін қажетті жағдайлары бар егу кабинеттерін қосымша ашуды, азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. «Әкімдіктердің сайттарында вакциналау, оның пайдасы, егу пункттерінің мекенжайлары туралы толық ақпарат жоқ. Халық арасында вакциналаудың маңыздылығы туралы дұрыс пікір қалыптастыру үшін жұртшылық пен медицина қызметкерлері арасында семинарлар ұйымдастыру қажет», – деді А.Мамин.

Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне осы жылдың нау­рыз айының соңына дейін егу пункттерінің дайындығын бақы­лау және вакцинаның қажетті мөлшерін уақытылы жеткізуге қатысты барлық мәселені шешу тапсырылды. Өңірлердің әкім­діктеріне халықтың, әсіресе ұжымдарда және білім беру ұйымдарында шектеу шараларын сақтауын қамтамасыз ету, адамдар көп жиналатын ойын-сауық іс-шараларын өткізуге жол бермеу, ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, мониторингтік топ­тар­дың жұмысын күшейту және тәртіп бұзушыларды қатаң жауапкершілікке тарту тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, ауру ошақтарында жедел шара қолданып, шектеу шараларын қайта қарау тапсырылды. «Науқастармен байланыста болған барлық адамдарға коронавирусқа тестілеу міндетті түрде жүргізіліп, олар бақылауда болуы керек. Бұл ретте күнделікті жүргізілетін ПТР-тестілеу деңгейі төмендемеуі тиіс», – деді А. Мамин.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

419 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы