• Руханият
  • 01 Сәуір, 2021

Семейде Абай атындағы мешіт ашылды

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының Семей өңірінде 113 мешіт бар. Төрт жүз мыңға жуық халық тұратын Семей қаласында 13 мешіт бой көтерген. Оның екеуі биыл Наурыз мерекесінде ғана ашылыпты.

Таяуда Ұлыстың ұлы күні Семей қаласында Абай атындағы жаңа мешіттің ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына ҚР Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, дін өкілдері мен қала басшылығы қатысты. «Бүгінгі шара Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келіп отыр. Семейліктер үшін бұл үлкен қуаныш. Мешіт құрылысы ұзаққа созылып, біраз уақытқа тоқтатылды. Дулат Тастекеевтің арқасында құрылыс қайта жанданып, бүгін оның ашылуын атап өтудеміз. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын», – деді ҚР Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы.

Қала әкімі Нұрымбет Сақ­та­ға­нов құрылысқа атса­лысқан барлық жандарға алғысын білдірді. Тұсаукесер рәсіміне еліміз­дің әр өңірінен келген өнер, әдебиет, мәде­ниет майтал­ман­дары ақжарма тілегін жеткізді. Игі шарада сөз алған Асанәлі Әшімов, Мұхтар Шаханов, Жүрсін Ерман қатар келген қос тоймен құттықтады.

Кәсіпкер Дулат Тастекеевтің айтуынша, құрылысты өткен жылдың тамыз айында Абайдың 175 жылдығына орай аяқтау жоспарланған еді. «Ақ күрек жел ескен, күн мен түн теңескен нағыз әз-Наурыз мейрамымыздың қарсаңында осы мешітіміздің қолданысқа берілуі өзім үшін үлкен қуаныш. Сонымен қатар біздің Семей халқы үшін үлкен бақыт деп ойлаймын. Себебі бұл мешітті халық 15 жылға жуық уақыт тосты», – деді Д.Тастекеев.

Мешіттің іргетасы 2008 жы­лы қолға алынған еді. Алайда көп ұзамай аяқсыз қалған болатын. Ғимараттың құрылысын түрік инвесторлары бастап, олар қаржылық қиындықтарға байланысты жоба бойынша жұмысты жалғастырудан бас тартқан. Содан кейін оның құны төрт миллион долларды құрады. 2010 жылы «Қазақмыс» корпорациясы 100 миллион теңге бөліп, жобаны аяқтамақ болды. Бірақ бұл корпорация да құрылысты аяқтай алмады. Ал 2018 жылы құрылысты аяқтауды Тарбағатай ауданының тумасы, кәсіпкер Дулат Тастекеев өз мой­нына алды. Оның жеке қаража­тына жұмыстар қайта жалғасып, көптен күткен Семейдегі ең үлкен діни ғимарат бой көтерді.

Аталмыш мешітте бір ме­зетте 2500 адам намаз оқи алады. Ғимараттың ішінде діни жо­рал­ғыларды өткізуге арналған кең бөлмелер қарастырылған. Мешітті салуға 600 миллион теңгеге жуық қаржы кеткен. Қа­зір мешіт ғимаратына жақын ор­наласқан 47 мың шаршы метр аумақ абаттандырылып, екі биік жер үсті көпірі салынуда. Бұл адамдар көп болатын айналма жолдан еркін өтуге мүмкіндік береді. 500 көлікке арналған тұрақ қарастырылып, 200 шам орнатылды. Алтын жала­тылған мұнаралардың биік­тігі 37 метр. Түркістан облысы Абайдың 175 жылдығына орай іс-шаралар аясында мешіт аумағын абаттан­дыруды қолға алды.

Осылайша Абайдың 175 жылдығына арналып, Тасте­ке­евтер әулетінің қолдауымен, «Assyltas» қоғамдық қорының демеушілігімен халық игілігіне берілген «Абай Құнанбайұлы» мешіті қаладағы ең сәулетті нысанға айналды.

Шығыс Қазақстан облысында бірлігі мен берекесі көпке үлгі болған Ақтамбердідей бабаның, Шәкірдей дананың елі Құндыз­ды жерінде «Байтөлек» қажы атын­дағы жаңа мешіт ел игілігіне берілді.

Сонымен қатар таяуда  Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында 300 орындық «Құнанбай қажы» мешіті ашылды. Аудан орталығындағы мешіт көптен бері тозыңқырап тұрған еді. Жаңа ғимарат болса деген жамағат тілегі былтыр қабыл болып, бұл игі істі қолға алуға бел буған. Бас-аяғы бір жылдың ішінде еңселі ғибадат үйі бой көтерді. Мешіттің жалпы аумағы – 400 шаршы метр, мұнараларының биіктігі 14 метр. Жамағат үшін қолайлы жағдай жасалып, ауласы түгел абаттандырылған. «Туған жер» бағдарламасы арқылы жүзеге асқан бұл жобаға кәсіпкерлер 130 миллион теңгелерін жұмсапты.

Нұрлан ҚҰМАР

281 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы