• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 01 Сәуір, 2021

Әртараптандырудың әлеуметтік маңызы зор

Үкіметтің кезекті отырысы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын талқылауға арналды. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин ағымдағы істерді оң бағалап, өнімді жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Қазірде Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмаларын орындау мақсатында егіс алаңдарын әрта­раптандыруға және рентабель­ділігі жоғары дақылдарды өндіруге мойын бұрылды. Атап өткенде, биыл ауыл шаруашылығы дақыл­дарын 22,8 млн гектар жерге егу жоспарланған, яғни, өткен жылға қарағанда 186,6 мың га немесе 0,8%-ға көп. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,8 млн га алқапқа егілмек. Майлы дақылдардың болжамды алаңы 3 млн га, бұл да өткен жылғы деңгейден 63,0 мың гектарға көп. Азықтық дақылдар 3,4 млн гектарды қамтиды. Көкөніс-бақша дақылдарының алаңы өткен жылғыдан 16,0 мың га асып, 280 мың гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров 29 наурыздағы жағдай бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жаздық масақты дәнді дақылдар, картоп, көкөніс егіліп жатқандығын айтты. Өңірлер әкімдіктерінің ақпары бойынша, қазір 2,4 млн тонна тұқым себілген, бұл жоспардың 100,2%-ын құрайды. Ағымдағы жылы тұқым шаруашылығын қолдауға 11,8 млрд теңге бөлінді, бұл минералды тыңайтқыштар­ды қолдануды 3,3%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ диқандарға көктемгі дала жұмыс­тарын жүргізу үшін 117,6 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілген. Биылға пестицидтерді субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджеттерінде 30,6 млрд теңге көзделген, бұл пестицидтерді сатып алуды 15,8% арттыруға және қолайлы фитосанитар­лық жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралым­дарында 141,7 мың трактор, 73,2 мың тұқымсепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралы бар. Бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияны орындайтын қазіргі заманғы егіс кешендері 4,3 мың бірлікке дейін ұлғайды. Бұған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезіндегі мемлекеттік қолдаудың тиімді шаралары ықпал етті. «ҚазАгроҚаржы» АҚ ақпараты бойынша биыл жыл басынан бері  24 млрд теңге сомасына 1 112 техника, оның ішінде 458 трактор, 28 комбайн және 626 өзге де техника қаржыландырылды. 29 наурыздағы жағдай бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашы­лығы техникасының дайындығы –97%. Энергетика министрлігінің келісімімен егіс жұмыстарын жүргізу үшін ақпан-маусым айларына шамамен 380 мың тонна дизель отыны бөлінді. Қазіргі уақытта облыстардың операторлары мұнай өңдеу зауыттарымен шарттар жасасу және диқандар үшін дизель отынын тиеп-жөнелту рәсімдерін жүргізуде. Графиктің қолданылу кезеңінде Ауыл шаруашы­лығы министрлігі Энергетика минис­трлігімен бірлесіп өңірлерге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель оты­нының тиеп-жөнелтілуіне күн сайын мониторинг жүргізеді.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге шамамен 116,8 млрд теңге кредиттік ресурстар бөлінді, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ республикалық бюджеттен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлді. Бүгінгі күні «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде 48,6 млрд теңге сомасына 1326 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Тағы 562 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 10,6 млрд теңге сомасына қаржыландырылу сатысында. Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ кредиттер көлемі 6 млн теңгеден аспайтын көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қар­жыландыратынын да атап өту қажет. Бүгінгі таңда 60-тан астам ұсақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 370 млн теңгеден астам қаражат берілді. Сондай-ақ Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырады. Жоспарланып отырған сатып алу сомасы 45,3 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 14,3 млрд теңгеге 74 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды.

Биыл форвардтық сатып алу шеңберінде сатып алынатын өнімдер тізбесі ауыл шаруашы­лығы дақылдары 4-тен 9-ға дейін кеңейтілгенін атап өткен жөн. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру және азықтық базаны нығайту үшін бидаймен және арпамен бірге, қарақұмыққа, күнбағысқа және басқа да майлы дақылдарға ке­лісім­шарттар жасалады.

«Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізу – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Былтыр пандемияға қарамастан егіс жұ­мыстары өте жоғары деңгейде жүргізілді. Агротехнологиялар дәл сақталып, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары уақтылы салынды. Бұл мол астық жинауға мүмкіндік берді.  Биыл­ғы жылы Үкімет көктемгі егісті қаржы­лай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдерді қабылдады», – деді А.Мамин.

Премьер-министр Экология министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігі­мен және әкімдіктермен бірле­сіп, республиканың оңтүстік өңірлеріндегі ауыл шаруашылы­ғы өнімін өндірушілерді суармалы сумен, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада тұрақты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.  Өңірлердің әкімдеріне ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін тізбелер мен субсидиялар нормаларын бекіту жұмысын бір апта ішінде аяқтау, Энергетика министрлігіне бекітілген кесте мен бағалар бойынша егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының қажетті көлемін жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды. «Ауыл шаруашы­лығы министрлігі облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егіс алаңдарына жүргізіліп жатқан әртараптандыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға ерекше назар аударсын», – деді А.Мамин.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары жаңартылды. Өңірдің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын қарау барысында алдын ала бағалаумен құжаттың өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шар­уашылығы өнімдері көлемін 1,5 есе ұлғайтуға, жалпы өңірлік өнімнің өсу қарқынын 5,2%-ға дейін қамтамасыз етуге ықпал ететіні айтылды. Жоспар төрт негізгі бағытты – инвестициялық жобалар, тұрғын үй және инфра­құрылым, әлеуметтік сала, қо­ғамдық құқықтық тәртіпті және азаматтық қорғанысты қам­тама­сыз ету бойынша 80-нен астам іс-шараны жүзеге асыруды қам­тиды. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 2 трлн теңгені құрайды, оның басым бөлігі жеке. Бұл жаңа жобаларды іске асыруға, сапалы жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасының жа­ңа құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жаңа өсу нүк­телері пайда болып, облыстың инфрақұрылымы жақсарады. «Өңір әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жаңа импульске ие болады. 26 мың біліктілігі жоғары жұмыс орны ашылады. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту өңірдегі көші-қон үрдістерін тұ­рақ­тандыруға мүмкіндік беріп, жастардың тұрақтауы мен маман­дардың келуіне қосымша жағдай жасайды. Бұған білім беру мен денсаулық сақтау салаларын бел­сен­ді дамыту септігін тигізеді», – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы іс-шаралар­дың уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

406 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы