• Өндіріс
  • 01 Сәуір, 2021

ЕЛІМІЗДЕ ШЫҒАТЫН АВТОКӨЛІК ШЕТЕЛГЕ САТЫЛЫП ЖАТЫР

Экономика баяулады. Бүкіл әлемде. БҰҰ-ның есебіне қарасақ, бір жылда әлем экономикасының өнімі 4,3 %-ға азайған. Бір жыл болды, міне, әлемдегі карантин жаһандық экономиканың екпінін азайтты.

Шикізатқа сұраныс төмен­деп, Қазақстанның экспорты да біршама төмендеді. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2019 жылы экспорт шамамен $58 млрд болса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша – $47 млрд.  

Дегенмен, машина жасау саласындағы отандық компаниялардың экспортты арттыруға шамасы жетті. Мысалы, ресми статистика бойынша, 2019 жылы біздің автоөндіріс шетелге $56,2 млн-ға 2850 жеңіл көлік жіберсе, 2020 жылы экспортты $130,74 млн-ға өсіріп,  көлемін тиісінше 7 мыңнан асырыпты.

«ҚазАвтоӨндіріс» кәсіпорын­дары салалық одағының басқар­ма төрағасының орынбасары Артур Мискарян қазақстандық көліктердің ішкі және сыртқы бағыттағы саты­лымының өскенін атап айтты.

– Соңғы жылдары Қазақстанда жаңа автокөлік жақсы сатылып жатыр, бұл – жергілікті техникаға деген сұраныстың артуының арқасы. Былтыр пандемия шығынына қарамастан автонарық 25%-ға өсті, 90 мың жаңа автомобиль сатылды, – дейді ол.

Сатып алушының 71,3%-ы өзімізде құрастырылған техниканы таңдапты.

– Біздің автоөндірушінің көрші елдерге автомобиль тасымалдау тәжірибесі 2017 жылы жолға қойылды. Отандық көліктің шетелде сұранысқа ие екенін көріп отырмыз. Әрине, өндірушінің бас­ты міндеті – өзіміздің нарықта тұрақтап қалу, әсіресе, автопарктің жай-күйін ескергенде. Десе де, экспорт жаңа деңгейдің мүмкіндігін ашады, – дейді «ҚазАвтоӨндіріс» басшысының орынбасары.

Қазақстан автокөлігін экспортқа шығаруда Алматының Hyundai Trans Kazakhstan және Қостанайдың «СарыарқаАвтоӨндіріс» кәсіпор­ны­­ның мойны озық тұр.

Hyundai Trans Kazakhstan – «Астана Моторстың» еншілес кәсіп­орны. Компания сайтында жаңа өндіріс – «қазақстандық нарыққа жаңа автомобиль ұсы­натын және ТМД елдерінің экспортын қамтуға мүмкіндік беретін стратегиялық объект» деп жазылыпты.

Зауыт былтыр ғана іске қосылған. 2019 жылдың 21-көкегінде іргетасы қаланып, бір жылдан кейін – 2020 жылдың көкек айында алғашқы автомобилі конвейерден шықты. Биыл, міне, оған бір жыл толмақ.

Былтыр күзде, дәнекерлеу және бояу жұмыстарын қоса алғанда, ұсақ торапты құрастыру желісі іске қосылды. Зауыттың қуаттылығы – бірінші кезеңде жылына 30 мың көлік, екінші кезеңде жылына 45 мың болды. Өнім қатарына Accent, Elantra, Sonata, Creta, Tucson және Santa Fe модельдерінің HYUNDAI автомобилі жатады.

Өндіріске салынған инвести­цияның жалпы көлемі шамамен 28 млрд теңге болды, оның 30%-ы – «Астана Моторс» компания­сының қаражаты, ал  70%-ы – Қа­зақ­станның Даму Банкі мен «ҚДБ-Лизинг» қарыз қаражаты. Болашақта көлік локализациясы 51%-дан асуы үшін автокомпонент зауытын салу жоспарда бар екен.

 

 

Кәсіпорын ішкі және сырт­қы нарықты толықтыруға арналған. Қазақстанның Даму Банкі Өзбек­станға Hyundai автомобилін жеткізу үшін Hyundai Trans Kazakhstan-ның экспорт алдындағы операциясын қаржыландырып, 36 айға 15 млрд теңгеге кредит желісі бе­рілді. KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы қарызды сақтандыруға 6,9 млрд теңге бөлген (KazakhExport – «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ-ына еншілес, сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық ұйымы).

Қазақстан үкіметі елімізде өнді­рілген автомобильді Өзбекстанға жеткізу уағдасына қол жеткізді. Биылдан бастап көрші мемлекетке Hyundai Accent автокөлігін шығару басталды. Кәсіпорынның қуаттылығы өскен сайын оны  шетелге шығару тек өсе береді.

Тағы бір ірі экспортшы – Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Тәжікстанға өнім жеткізу тәжірибесі бар «СарыарқаАвтоӨндіріс» компаниясы. Бұл – жеңіл автокөлікті ұсақ торапты құрастыруды іске қосқан, еліміздегі алғашқы өн­діріс. Қостанайда орналасқан осы зауыт Peugeot, JAC, Chevrolet, RAVON және UAZ брендінің жеңіл автомобилін шығарады. 2020 жылдың қараша айында кәсіпорын конвейерінен жүз мыңыншы автомобиль шықты. Ол – JAC S3 кроссовері. Дәл осы көлікті «СарыарқаАвтоӨндіріс» 2017 жылы KazakhExport қолдауымен Душанбе таксомотор паркін жаңартуға арнап Тәжікстанның астанасына жеткізе бастады.

Одан кейін автокөлікті Ресейге, Өзбекстанға экспорттау жобалары басталды. Былтыр Беларусь экспорттың жаңа бағытына айналды.

Биыл KazakhExport компаниясы экспорт келісімшартын орындау үшін «СарыарқаАвто­Өндірістің» кредиторлар алдын­дағы міндетін 10 млрд теңгеге сақ­­тандырды.

– Біздің компанияның саланы экспорттаушы кәсіпорындарды қолдау үшін қабылдаған сақ­тандыру міндетінің көлемі 2017 жылдан бастап 62 млрд теңге болды, оның ішінде 2020-2021 жылдары отандық автоөндірушіні қолдау сомасы шамамен 24 млрд теңгеге жетті, – дейді Kazakh­Export басқарма төрағасы Руслан Ысқақов.

Оның айтуынша, отандық машина жасаушылардың экспортқа шығуға жететін үлкен әлеуеті бар және мемлекеттік даму институттары оларға қаржылық-сақтан­ды­ру және басқа да қолдау көрсетуге дайын...

Десе де, отандық автоөнді­ріс саласында пұшайман болып отырған  кәсіпорын да бар. Ол – әйгілі «Бипэк Авто» және «Азия Авто» компаниялар тобы.

Биылғы 10-наурызда «Бипэк Авто» және «Азия Авто» (Өскемен) компаниялар тобының 2000-ға жуық қызметкері жұмыстан босатылды. Барлық қызметкер жаңа жұмыс орнына орналасады, деп уәде беріп отыр жергілікті билік.

Былтыр индустрия және ин­фра­­­құ­рылымдық даму ми­нистр­­лігі «Азия Авто» автожинау зауы­тын сотқа берген болатын. Сот «Азия Авто» және салынып жатқан «Азия Авто Қазақстан» толық циклді зауытын өнеркәсіптік міндетін орын­дамағаны үшін мемлекетке 174 млрд теңгеге қайтаруды міндеттеді. Қазір бірінші зауыт жұмыс істемейді, ал екіншісінің құрылысы тоқтап тұр.

«Азия Авто» компаниясының бас акционері Анатолий Балуш­кин өзінің үлесінің 10%-ын ресей­лік «Энергохолод» компаниясына сатыпты. KASE деректері бойынша бұған дейін зауыт акциясын мыналар иеленген:

Анатолий Балушкин акцияның 74%-ын, Дәурен Жақсыбек ак­цияның 10%-ға жуығын, Ержан Мандиев пен Владимир Попов 5%-дан иеленген. Сонымен бірге Игорь Потапов (3%) және Ерік Сағымбаев (2,5%) та резидент бол­ған екен.

Тәуекел ҚУАНТАЙ

7147 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы