• Мәдениет & Спорт
  • 08 Сәуір, 2021

Тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы чемпиондары кімдер?

Биыл Ел Тәуелсіздігінің алғанына 30 жыл толады. Осы жылдар аралығында қандай ілкімді істер атқарылды, ал жеткен жетістіктер ше деген көптеген орынды сұрақтар туындайтыны ақиқат. Егемендіктің  арқасында әр салада қызмет ететін ел азаматтары да толағай жетістіктерге қол жеткізуіне зор мүмкіндік алды. Әсіресе, еліміздің танымал болуына спортшыларымыздың қосқан үлесі шексіз.

1991 жылдан бері спортшыларымыз әлем чемпионаттарында егемен Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, көк туымызды желбірету мүмкіндігін алды.  Осы жолда олар намысымызды абыроймен қорғап, үмітімізді ақтап келеді. Біздің елдің спорт майталмандарының есімдері жер жүзіне әйгілі бола бастады. Бұның бәрі Егемендіктің арқасында жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Ендеше Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде сайыпқырандарымыздың беделді халықаралық жарыстарда қандай жетістікке жеткендігіне қысқаша тоқталайық. 

1992 жылы Испанияның Барселона қаласында өткен XXV Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бұрынғы КСРО-ның 15 елі бірігіп «Біріккен команда» құрамында өнер көрсетті. Ал, 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII  Қысқы Олимпиада ойындарына Тәуелсіз қазақ елі алғаш рет байрақты бәсекеге жеке ел ретінде қатысқан болатын. Сол Олимпиаданың соңғы күнінде 50 шақырымдық алыс қашықтықта бақ сынаған жерлесіміз Владимир Смирнов көптеген тәжірибелі, даңқты шаңғышыларды артқа тастап мәре сызығын бірінші болып кесті. Осылайша Егеменді еліміздің көк туы Скандинавия түбегінде шырқалып, бүкіл әлем жер шарында Қазақстан мемлекеті бар екендігін біле бастады.

1998 жылы ХVIII Қысқы Олимпиада Нагано қаласында өтті. Қазақстан командасы екі қола медаль алды. Оларды конькийші Людмила Прокашева мен шаңғышы Владимир Смирнов жеңіп алды. Ал 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити және 2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен Қысқы бәсекеде спортшыларымыз жүлдеге іліге алмады. 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен ХХІ қысқы Олимпиада ойындарында биатлоншы Елена Хрусталева Олимпиада күмісін жеңіп алды. 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен ХХІІ Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен қола жүлдегер атанды. Ал бұдан 3 жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Пхенчханда байра­ғы желбіреген ХХІІІ Қысқы Олимпиадада фристайл-могулшы Юлия Галышева қола жүлдеге ие болды.

1996 жылы АҚШ-тың Атланта олимпиадасында өткен ХХVI додада спортшыларымыз алғаш рет Жазғы олимпиадада бақтарын сынады. Атлантада еліміздің намысын 96 спортшы қорғады. 14 спорт түрінен жарыс жолына шығып, 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлде (жалпыкомандалық есепте 24-ші орын) еншілеп қайтты. Бұл дүбірлі додада бессайысшы Александр Парыгин күтпеген жерден чемпион атанды. Ақтық сайыста бірінші болып жүгіріп келе жатқан ресейлік спортшының артында ілесіп келе жатқан А.Парыгин мәре сызығын екінші болып кесіп, күміс жүлде олжалайтын болар деп топшылаған едік. Алайда мәреге 100 метр қал­ғанда қарсыласы оңбай құлады. Осыны сәтті пайдаланған жерлесіміз Олимпиаданың биік шыңын бағындырды. Грек-рим күресінен Юрий Мельниченко мен боксшы Василий Жиров шын мәнінде бабында екендігін дәлелдеді. Тіпті В.Жиров техникалық шеберлігі ең жоғары боксшыға берілетін Баркер кубогын жеңіп алды.

Араға төрт жыл салып Австра­лияның әсем қаласы Сиднейде өткен ХХVIІ Жазғы Олимпиадасында елімізден 130 спортшы бақ сынады. Спорттың 17 түрінен қатысып, 3 алтын, 4 күміс олжалап, жалпыкомандалық есепте 22-ші орынға табан тіредік. 100 метрге кедергілермен жүгіруде алматылық Ольга Шишигинаның айы оңынан туды. Ол өзінен әлдеқайда жүйрік желаяқтарды артқа тастады. Бокстан Ермахан Ибрайымов пен Бекзат Саттарханов жеңістің биік шыңына көтерілді.

Келесі ХХVIІІ Жазғы Олимпиада Грекия мемлекетінің  астанасы Афина қаласында өтті. Эллада төрінде  өткен дүбірлі додада ел құрамасы 17 спорт түрінен сынға түсіп, 119 спортшы 1 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль (жалпыкомандалық есепте 40-шы орын) иеленді. 69 келі салмақта сынға түскен Бақтияр Артаев шаршы алаңда атынан ат үркитін кілең мықты боксшыларды ұтып Олимпианың чемпионы атанды. Рингте небір әдемі әдіс-тәсілдерді қолданып, сәтті өнер көрсеткені үшін шебер боксшыға берілетін Баркер кубогын иеленді.

2008 жылы Бейжіңде байрағы көтерілген ХХІХ додада еліміздің намысын 132 спортшы 22 спорт түрі бойынша бақ сынап, 2 алтын, 4 күміс, 7 қола еншілеп, жалпыкомандалық есепте 29-орынға тұрақтады. Бақтияр Артаевтың салмағында сынға түскен Бақыт Сәрсекбаев төртжылдықтың басты додасында топ жарды. Ал ауыратлет Илья Ильин алтын алғанымен, кейін допинг дауына байланысты чемпиондық атағынан айырылды.

Лондондағы ХХХ Жазғы Олимпиадасында ел спортшылары зор жетістікке жетті. 16 күнге созылған дүбірлі доданың қорытындысында жерлестеріміз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 12-ші орыннан көрінді. Дегенмен ауыратлетшілердің жеңіп алған 4 алтыны допинг мәселесіне байланысты медальдарды иесінен айырды. Велошабандоз Александр Винокуров пен жеңілатлет Ольга Рыпакова жасындай жарқырады. Ал бұдан 5 жыл бұрын Бразилияның Рио-Де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ Жазғы Олимпиадада 17 медаль олжалап, өз тарихымызда жүлделердің саны бойынша рекорд орнатты. Алтын жүлдеге боксшы Данияр Елеусінов, ауыр атлет Нижат Рахимов және суға жүзуден Дмитрий Баландин қол жеткізді. Биыл жазда Жапония астанасы Токиода ХХХІІ Жазғы Олимпиадасы өтпек.

Қазақ мемлекетінің сайып­қырандары Тәуелсіздік алғаннан кейін спорттың ең биік шыңы деп саналатын Олимпиада ойындарында бағындырған белестері осындай.

Нұрлан ҚҰМАР

332 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы