• Бизнес & Қоғам
  • 08 Сәуір, 2021

Рейтингтік агенттіктер болжамдарын өзгертті

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Қаржы нарығын қас қақпай қадағалайтын, болашақты болжап, келешекке көз тіккенде қалтадағы пұлға емес, базардағы бағаға қарап бал ашатын рейтингтік агенттіктердің алғашқы үштігінен ойып орын алатын Мoody’s еліміздің банк жүйесінің жағдайын «негативтен» «тұрақтыға» өзгерткенін, Fitch Ratings тәуелсіз рейтингті «тұрақты» деген болжаммен «BBB» деңгейінде растағанын, ал азуын айға білеген осынау жорамалшылардың бұрынғы райдан қайтуына макроэкономикалық жағдайдың жақсаруы және активтер сапасының нашарлау қаупінің төмендеуі себепкер болғанын бұрындары тілге тиек еткенбіз. Ал үстіміздегі ақпан-наурыз айларында S&P Global Ratings және Fitch Ratings екеуі бірігіп Қазақстанның тәуелсіз рейтингін қайтадан құптайтындарын жария етті.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан коронавирус пандемиясы басталғаннан бері өзінің рейтингтік позицияларын сақтап қалған елдердің бірі болып табылады. Банк жүйесіндегі өзгерістер, шектеулердің біртіндеп алынып тасталуы және әлемдік мұнай бағасының қалпына келуі жалпы ішкі өнімнің өсуіне, экономикалық белсенділіктің жандануына, қаржы-кредит мекемелері мен олардың борышқорлары үшін операциялық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді деген үміт мол. Сонымен бірге Ұлттық банктің тарихи жоғары инфляциямен күресу үшін көтеріңкі нақты пайыздық мөлшерлемені ұстап тұруға басымдық беруіне байланысты несиелік өсім қалыпты болып қалуда. Алайда, мемлекеттік қолдау шаралары біртіндеп жойылған соң бизнесті жүргізу шарттары қиындауы ықтимал. Сөйтсе де Moody’s ел экономикасы биылғы жылы 3,5 пайызға өседі деп болжам жасап отыр. Ал, Fitch-тің пікірі бойынша мемлекеттің борышы төмен деңгейде, сыртқы және фискалдық буферлік резервтер болса коронавирус пандемиясына және мұнай бағасының төмендеуіне байланысты туындауы мүмкін тосын өзгерістерге бекемдігін көрсетті. Агенттіктің талдауына сәйкес теңгенің еркін ауыспалы айырбастау бағамы 2020 жылғы мұнай бағасынан туындаған ауытқуларды реттеуде негізгі рөл атқарды. Осы ретте Fitch агенттігі Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген активтердің сапасын тәуелсіз бағалаудың Қазақстан банк секторының орнықтылығын арттырудағы маңызды рөліне де тоқталды. S&P Global Ratings агенттігі болса үстіміздегі наурызда еліміздің тәуелсіз рейтингін «тұрақты» деген болжаммен «BBB-» деңгейінде растағанын айтып өттік. Сарапшылар Қазақстанның фискалдық және сыртқы экономикалық көрсеткіштері жақын арадағы екі жылда қуатты болып қалады деп отыр. S&P агенттігі карантиндік шектеулердің әлсіреуі, мұнай бағасының өсуі, өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен ел экономикасының өсуін 3,2 пайыз деңгейінде болжауда. Сонымен қатар саудадағы серіктес елдердің экономикасының қалпына келуі жөнінде де жорамал жасап отыр. Агенттік үстіміздегі жылы инфляция 6,5 пайызға дейін баяулайтынын болжады. Сол S&P өткен жылдың қорытындысы бойынша 37 пайыз болған депозиттерді долларландыру деңгейінің тө­мендеу үрдісі жалғасып келе жатқанын атап өтті. Талдаушылардың пікірі бойынша теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы өткен жылы мұнай бағасы құлдыраған кезде экономиканың сыртқы қысымға төтеп беруіне мүмкіндік берген. Агенттік алдағы жылдан бастап Ұлттық банктің экономиканы қолдау бағдарламаларынан шығуы қаржылық реттеушінің инфляциялық таргеттеу және ақша-кредит саясатын ұстанатынын білдіреді, деп бағалады. Moody’s агенттігі шетел валютасындағы қомақты резервтерді, сондай-ақ экономика мен халық кірісі өсуінің жоғары әлеуетін атап көрсетті, сөйтіп банк секторы бойынша болжамды «теріс»-тен «тұрақты» дегенге өзгертті. Экономиканы қалпына келтіруге банк капиталының жеткіліктілігіне және түйткілді кредиттер коэффициентінің төмендеуіне негізделген операциялық жағдайдың жақсаруына байланысты Қазақстан банк секторы оң бағаланды.

Үш халықаралық агенттіктің өкілдері экономиканы одан әрі әртараптандыру, алға қойылған мемлекеттік және экономикалық реформаларды жүзеге асыру, макроэкономикалық көрсеткіштерді нығайту, кәсіпкерлікті дамыту, қаржы секторының тұрақтылығын арттыру түптеп келгенде елдің тәуелсіз рейтингін көтеріп, отандық экономика позициясын күшейтуге және өндірісті қалпына келтіруге ықпал ететіндігін атап өтті. Енді тілге тиек етіліп отырған оң өзгерістердің экономикаға әсеріне тоқталып өтейік. Атап айтқанда, үстіміздегі наурызда нақты сектордағы 459 кәсіпорынға жүргізілген ай сайынғы сауалнаманың нәтижелері бойынша іскерлік белсенділік индексі өткен жылдың басынан бері алғаш рет 50 тармақтан асып, 50,6-ды құрады. Қызмет көрсету саласында индекс 51,2, өнеркәсіпте – 50,2, құрылыс саласында – 46,5 болды. Іскерлік белсенділік индексі қызмет көрсету және өнеркәсіп салаларында өсу аймағына өтіп, 51,2 және 50,2 шамасына жетті. Өнеркәсіптегі көрсеткіш тауарлы-материалдық қор көлемінің ұлғаюына, жеткізу мерзімінің қысқаруына және жаңа тапсырыстардың артуына байланысты оң аймаққа өтті. Қызмет көрсету саласы үшін индекстің барлық бөліктерінде жақсару байқалды. Дегенмен, құрылыста іскерлік белсенділіктің төмендеу тенденциясы жалғасуда, көрсеткіш индекстің барлық бөліктерінің нашарлауына орай 0,9 тармаққа төмендеп, шамамен 46,5-ті құрады. Қазақстан аймақтары бойынша кәсіпорындардың іскерлік белсенділігінің жақсаруы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қызылорда, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында орын алды. Ендігі міндет – оң өзгерістерді баянды ету.

580 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы