• Білім & Ғылым
  • 08 Сәуір, 2021

Қаржы қайтарымының ең абзалы – білімге салынған инвестиция

Ауыл мектептеріндегі білім берудің деңгейі де, сапасы да қаладағыларға қарағанда айтарлықтай артта қалған. Бұл ретте ауылға Қазақстан Республикасының әлеуметтік  жауапты бизнес өкілдері қолұшын созуы қуантады, деп жазады Forex.kz сайты.

Мәселе, шын мәнінде, аса маңызды және өзекті: Қазақстан бойынша 5 оқушының 2-еуі ауылдық жерлерде оқиды екен, ал бұл – 2 миллиондай адам деген сөз. Айта кету керек, осыдан он жыл бұрын барлық оқушылардың жартысынан астамы ауыл еншісінде болатын. Жағдай түбегейлі өзгеріп отыр. 2020-2021 оқу жылының басында: «Биыл Қазақстанда 7391 мектепте 3,3 миллионнан астам адам білім алады, оның ішінде 1 сыныпта 396 мыңнан аса бала оқиды», деп жазған болатын Премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Ең өкініштісі, еліміздің ауыл мектептеріндегі білім сапасы қала­лықтардан кемшін түсіп жатады және мұндай құлдилау жалғаса түсуде. ҰБТ-2019 қорытындысы бойынша ауылдық жерлердегі әрбір төртінші бала ең төменгі қажетті 50 өту балынан да кем алған. Салыстырар болсақ: осыдан бес жыл бұрын мұндай мектеп бітірушілер бар-жоғы 12,1% (бұл ретте 2019 жылғы ең жоғары балл, 2014 жылғы 125-ке қарағанда 140-ты құраған, яғни минимум ұпай олжалау оңайлай түскен) болыпты. Орташа балл республика бойынша 2019 жылы 65,5 балл құрапты. 2020 жылғы көрсеткіш одан да нашар – 64,06 балл.

Тағы бір факті: Қазақстан Рес­публикасы Экономикалық ын­ты­мақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мен IEA-ның (International Association for the Evaluation of Educational Achievement – Халық­аралық оқу жетістіктерін бағалау жөніндегі қауымдастық) TIMSS (Trends in Mathematics and Science Study – Математикалық және жаратылыстану-ғылыми білім беру сапасын бағалау) ая­сын­дағы халықаралық зерттеулерге қатысады. Осындай беделді ғылыми зерттеулерге сәйкес, қалалық төртінші сыныптағылар математика бойынша өздерінің селолық сыныптастарынан 17 балл (тиісінше, 516 және 499 балл) ілгері, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігі. Сегізінші сыныптықтар көрсеткіштерінде 20 балл (тиісінше, 494 және 474 балл) алшақтық байқалады. Төртінші сыныптықтардың жаратылыс тану бойынша көрсеткіштерінде бұдан да жоғарырақ алшақтық – 24 балл қалалық оқушылар  (500 және 476 балл) еншісіне бұйырған. Сегізін­ші сыныптықтар арасындағы алшақтық тіпті қалалықтар енші­сіне 30 балл (487 және 457 балл) құрапты (1-инфографика).

Ауыл оқушылары қолдауға аса мұқтаж. Жүзеге асуы мүмкін мұндай көмек көзі – қазақстандық әлеуметтік жауапты бизнес. Мәселен, бүгінгі күнге Қазақстанда ауылдық жерлердегі талантты жастарды қолдау үшін арнайы құрылған – IQanat educational fund қайырымдылық қоры бар. Аталмыш қор Johns hopkins center for talented youth аталатын әлемдік стандарттар бойынша ұйымдастырылатын олимпиадалар өткізіп тұрады. IQanat жүздеген ауыл оқушысын алдыңғы қатарлы шетелдік және қазақстандық ЖОО-ларға түсуге дайындап шығарды.

Жобаны BI Group инвестиция­лық құрылыс холдингінің құрушысы Айдын Рахымбаев 59 қазақстандық бизнесменмен бірлесіп, құрған болатын. Құрылтайшылардың бюджеті ағымдағы оқу жылына 1 млн АҚШ долларын құрап отыр. Меценаттардың қатары жыл сайын толыға түсуде (2-инфографика).

2019-2020 оқу жылы IQanat олимпиадасына 34,2 мың оқушы қатысқан. 2020-2021 оқу жылында 8-ші және 9-шы сыныптардың 59 мың оқушысы қатысып үлгерген, оның үстіне осы маусымның іріктеу туры әлі одан әрі жалғасуда.

Жыл сайын 9 мың оқушы екінші турға өтеді және ынталандырушы тренингтерге қатысуға мүмкіндік алады, 700 оқушы «Назарбаев Университеті» негізіндегі екіжылдық сүйемелдеуге және ҰБТ-ға дайындыққа қол жеткізе алады, жыл сайын 100-ден астам бала IQanat High School of Burabay мектебіне қабылдануда.

Қордың бағдарламалары елі­міздің барлық ауылдық аймақ­тарын қамтып отырғаны да аса маңызды фактор (3-инфографика).

Жалпы алғанда, еліміздің  білім беру саласында инвестициялық белсенділік өсе түскен: ағымдағы жылдың екі айында осы сектордағы күрделі қаржы 7,8 млрд теңгені  құраған, бұл – бір жыл бұрынғыдан 1,7%-ға артық. Соның ішінде 31,9%-ын бизнестің өз жеке инвестициялары қамтамасыз еткен: 2,5 млрд теңге – бір жыл бұрынғыдан бірден 17,7%-ға артық.

Дегенмен, бүкіл 2020 жылдың қорытындысы бойынша білім беру саласын инвесторлардың меншікті қаражатынан қаржыландыру бар-жоғы 48,7 млрд теңгені құрапты, яғни 2019 жылдағыдан 10,5%-ға аз. Ал, бұл – бұдан бір жыл бұрынғы 25,6%-ға қарағанда, осы сектордағы инвестициялардың жалпы көлемінің бар-жоғы 16,1%-ы ғана.

Міне, сондықтан да білім беру саласы бизнес тарапынан, әлі де болса, белсендірек көңіл бөлінуіне зәру. IQanat сияқты жобалар мысалын есепке алар болсақ, әлеуметтік жауапты компаниялардың осы сегментке айтарлықтай оң әсер тигізе алатыны айқын аңғарылып отыр.

Исатай ҚАМБАРОВ

191 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы