• Бизнес & Қоғам
  • 08 Сәуір, 2021

Әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс

Қоғамдық денсаулық сақтау саласының негізгі міндеттерінің қатарында – қоршаған орта тазалығын, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін және салауатты өмір салтын ұстану екендігін, оның ішінде темекі шегу мен ішімдікке салыну сияқты көп таралған зиянды әрекеттерден аулақ болу керектігін атап өтті,  Х.Досмұхамедов атындағы қоғамдық денсаулық сақтау мектебі қоғамдық денсаулық кафедрасының профессоры, Мақсот Кәрімұлы Құлжанов бізбен әңгіме барысында.

– Темекі шегу мен алкогольдік ішімдіктер – адам ағзасына кері әсерін тигізіп, көптеген ауру­лардың тууына себепші болуда. Бүгінгі күні темекі тұтынушылар қатарын толықтырып отырған жастар арасында кальянды, электрондық темекілерді қолдану жиіленіп кетті. Соның әсерінен созылмалы бронхит, туберкулез және басқа да өкпе аурулары асқынып отыр. Ал алкогольдік ішімдікті пайдалану – адамның жүйке жүйесін қоздырып, миға әсерін тигізіп қана қоймай адам ағзасын улап, жүрек, қан тамыры, тыныс алу жолдары, қатерлі ісік ауруларын туғызады. Аталған өнімдерді қолданушылардың антиденесі вирусқа қарсы тұра алмайды. Қазіргі індет жайлаған уақытта адамдар ағзаға зиянды әсер ететін заттарды пайдаланбағаны дұрыс дер едім.

Қазіргі таңда шылым шегу, алкогольдік ішімдіктерден басқа, адамға пайдасынан зияны көп тағам өнімдерінің ішінде көп тұтынатын тұз бен қант – өзекті мәселелердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маман­дарының кеңесі бойынша тәулігіне сіз тұтынатын ас тұзының мөлшері 3-5 грамнан аспауы керек. Ал бізде орташа есеппен күніне 15-18 грамм. Бұл көрсеткіш тұрғындардың тұз­ды шамадан тыс қолданатынын көрсетеді. Белгіленген нормадан 3-4 есе артып отыр. Аталған мөлшерден артық тұтыну ден­саулыққа өте қауіпті, диабет, гипертония сияқты ауруларға алып келеді. Ал осы ауруларды тудыратын басты факторлардың бірі – нақты тұз екенін көбісі біле бермей­ді. Сондықтан құрамында тұздың мөлшері көп кездесетін тағамдарды тұтыну деңгейін азайту керек, – дейді профессор.

Тағы бір айта кететін жайт, белгі­ленген нормадан тыс қолда­ны­латын қант та тұз сияқты адам денсау­лығына кері әсерін тигізеді.

ДДҰ қант тұтынуды ас үлесінің жалпы энергетикалық құнынан 10%-ға дейін азайтуды ұсынуда. Сондықтан да бұрынғы ата-бабамыз пайдаланған экологиялық таза табиғи шұбат, қымыз және сүт өнімдерін қолдан­ған дұрыс. Сауда жүйесі сатылымға шығарып отырған дүкен сөрелеріндегі өнімдерді алар кезде саралап, құрамы мен сатылымға шыққан уақытын байқау қажет.

Қазір Алматы қаласы әкім­дігінің қолдауымен  балаларға арналған ойын алаңдары мен ересектердің денсаулығын жақсарту алаңдары әр түрлі спорттық жабдықтармен жарақтандырылып, скан­динавиялық жүріске, вело­сипедтердің, мопедтердің және электросамокаттардың қозға­лысына арналған жолдар арнайы түрлі-түсті жолақпен қамтамасыз етілген.

Алматы – табиғаты көр­кем де әсем қала. «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты мен «Медеу» жасанды мұз айдыны бар дүниежүзіндегі ең ірі спорт кешені біздің қаламызда. Сол алаңдардан бұрын көбіне шет ел азаматтарын жиі байқасақ, қазіргі таңда бір қуанарлығы – балалардан бастап егде адамдарға дейін спорттың әр түрімен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанып жүрген алып шаһар тұрғындары қатарының көбейгендігі. Елімізде бұдан да бөлек қаншама табиғаты көрікті, ауасы таза жер­лер жеткілікті. Дегенмен, әлі де болса, соны өз пай­дамызға жаратып, бағалай алмай келеміз.

Осыдан біраз жыл бұрын Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында, «Дені сау әрбір азамат – мемлекеттің қол жетпес байлығы», деген еді. Иә, адамның денсаулығы – қоғамның байлығы. Сондықтан да әрбір адам өз ден­саулығына жауапкершілікпен қарап, бала-шағасын жаман әдеттен сақтандыруы керек.

Еліміз әлеуметтік-экономика­лық  дамуының басты басымдықтары­ның бірі – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы ретте денсаулық сақтау саласының маңызды міндетінен саналатын халық денсаулығын жақ­сартуға бағытталған жан-жақты мақ­сатты жұмыспен қатар, меди­ци­налық қызметтердің қолже­тім­ділігі, саланы білікті кадрлармен то­лықтыру, медицина ұйымда­рының  материалдық-техникалық  базасын әлі де болса жетілдіру күн тәрті­бін­дегі маңызды да өзекті мәселе болып қала береді.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

888 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы