• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 08 Сәуір, 2021

Түрленген штаммдар қауіп төндіруде

Үкіметте елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, халықты вакцинациялау барысы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар жайы талқыланды. Бұдан өзге, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі сөз болды. Премьер-министр Асқар Мамин ағымдағы ахуалды саралап, алдағы жұмыс бағыттарына назар салды.

Денсаулық сақтау министрі А.Цой көлемді мәліметтер келтіріп, әлемде COVID-19 ауруы мен одан өлім-жітім жағдайы шиеленісіп бара жатқанын айтты. Бүгінгі күні әлемнің 221 елінде 130 млн астам КВИ жағдайы тіркелген, аурушаңдықтың өсуі – 0,5. 2,8 млн астам адам қай­тыс болды, өлім көрсеткіші 2,2%. Қазақстанда ағымдағы жылдың 6 сәуіріне COVID-19 оң нәтижесімен 256 837 науқас және КВИ- 50 839 жағдай тіркелді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы, Ақмола және Ақтөбе облыстары «қызыл аймақта» тұр. Наурыз айында ақпанмен салыстыр­ған­да сырқаттанушылық 30%-ға өскен, сөйтіп, тәулігіне 1800-ге дейін жағдай тіркелді. Сәуірдің 5-інде 9 983 жағдай, тәулігіне 2000-ға дейін науқас тіркелуде. Аурудың өсуі британдық және оңтүстікафрикалық штам­мдар­дың айналымымен байланысты. Эпидемиологиялық ахуал­ды ескере отырып, сәуір айын­да тестілеудің тәуліктік саны тәулігіне 57 мың зерттеуге дейін артты. 6 сәуірдегі жағдай бойынша КВИ-мен ауыратын науқастарға меди­циналық көмек көрсету үшін республикада 28 730 төсек-орын қоры бар 275 инфекциялық стационар жұмылдырылды. Ин­фекциялық төсек-орындардың ең көп жүктелуі Батыс Қазақстан облысында, Нұр-Сұлтан қаласын­да, Алматы облысында, Алматы қаласында байқалады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, британдық штамм әлемнің 130 елінде, оңтүстікафрикалық штамм 80 елінде, ал бразилиялық штамм 45 елінде анықталды. «Жаңа мутацияларды анықтау мақсатында біз тұрақты негізде республика аумағында айналымда жүрген КВИ штаммдарына генетикалық зерттеу жүргізудеміз. Наурызда республика аумағында британдық және оңтүстікафрикалық штаммдардың айналымы анықталды. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, британдық коронавирус нұсқасы бастапқы штаммға қарағанда ауруханаға жатқызу мен өлімнің жоғары ықтималдығымен байланысты. Бразилиялық штамм бұдан қауіпті болып саналмаса да, бастапқы COVID-19 штаммына қарағанда оңай таралады», – деп түсіндірді А.Цой. Сондай-ақ британдық коронавирус штаммы өткен жылғы штамм-мен салыстырғанда 1,7 есе, оңтүстікафрикалық штамм 1,5 есе және бразилиялық штамм 2 есе тез таралатыны анықталды. Сонымен қатар репродуктивтілік санның өсуі 1,1-ден 1,9-ға дейін артуы мүмкін, бұл біртіндеп осы штаммдардың үстемдігіне әкеледі.

Ақпаннан бері КВИ-ге қар­сы вакцинация науқаны жалға­суда. Бірінші сәуірден бастап вакцинациялауға жататын адам­дардың санаттары кеңейтілді. Кестелерді жергілікті атқарушы органдар жасайды. Бүгінгі таңда бірінші компонентпен – 194 706, екінші компонентпен – 72 110 азамат егілді. Республика бойынша 1000 тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 10,3 болды. Мемлекет бас­шысының тапсырмасын орындау мақсатында сәуір айында 2 млн доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде, бұл тиісті контингенттің 23,4%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Иммундау жоспарына сәйкес, өңірлерге вакциналарды жеткізудің көлемі мен алдын ала мерзімдері анық­талды. Өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді ескере отырып, Қазақстанда бірінші жарты­жыл­дықта вакциналардың 6 миллионнан астам дозасын қабылдау жоспарланып отыр, бұл тиісті контингенттің 64%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Бұл көлем КВИ-ға қарсы вак­ци­­нациялауға жататын кон­тин­­гентті және өтеусіз негізде егілуге ниет білдірген адамдар үшін қолжетімділігін барынша кеңейтеді. Ұйымдастырылған ұжымдарда және адамдар көп жиналатын жерлерде вакцинация жүргізу үшін жылжымалы егу пункттері іске қосылады. Осыған байланысты облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдері КВИ-ға қарсы вакцинациялаумен халықты қамтуды ұлғайту үшін адамдар көп жиналатын жерлерде уақытша егу пункттерін/бригадаларын ұйым­дастыруы, көшпелі егу бригадалары екпе  салу үшін вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтарының және термокон­тейнерлердің жеткілікті санымен қамтамасыз етуі тиіс. Қазірде КВИ-ға қарсы вакцинация мәсе­лелері бойынша 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. 600-ден астам вакцинация кабинеті, 800 мұздатқыш жабдық және 3 мың термоконтейнер дайындалды. Наурыз айының соңына дейін 300 мың азаматқа вакцинацияның қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, 11,3 млн шприц сатып алынды. Өңірлерде барлық денсаулық сақтау ұйымдарының, соның ішінде реанимациялық бөлімшелердің жабдықтарын түгендеу жүргізілуде.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге «қызыл аймақтағы» өңірлерде вакцина алатындардың санын арттыру бойынша шаралар қабыл­дауды және қабылданған жос­парға сәйкес вакцинаны жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп вакцинациялаудың ма­ңыз­дылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізеді. Денсаулық сақтау, цифрландыру, ішкі істер ми­нистрліктеріне, «Атамекен» ҰКП, өңірлердің әкімдіктеріне осы жылдың сәуір айының соңына дейін бизнес субъектілерінің қызметін қалпына келтіру және эпидемияға қарсы шараларды жүргізу үшін «адамдардың шоғырлану орындарын анықтау карталарын» енгізу мен мобиль­ді мониторингтеу топтарының тиімділігін жақсарту мақсатында барлық өңірлерге «Ashyq» жобасын кезең-кезеңімен енгізу тапсырылды. 

Отырыста қаралған тағы бір тақырып – жол-көлік инфра­құрылымын дамыту мәселелері. Атап өтілгендей, биыл 1,2 мың км жол бойында көлік қозғалысын ашып, жалпы ұзындығы 6 мың км автомобиль жолдарын реконструкциялау, жөндеу және салу бойынша ірі жобаларды аяқтау белгіленген. Талдықорған-Өскемен (768 км), Қарағанды-Балқаш-Қапшағай (645 км), Қалбатау-Майқапшағай (415 км) және т.б. сияқты ірі жобалар іске асырылады. Қызылорда-Жезқазған автожолының реконструкциясы жобасы жүзеге асырыла бастайды. Әкімдіктер 2,6 мың шақырым жергілікті автожолдарды салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жол бойындағы сервистің 125 жаңа нысанын салу көзделген.

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-пен бірлесіп, жоспарланған жоба­лардың уақтылы іске қосы­луын және биыл жыл соңына дейін бөлінген қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Энергетика ми­нис­трлігіне құрылыс маусы­мының қызған шағында бағалар­дың өсуіне жол бермей, барлық автомобиль жолдары жобаларына битумның мәлімделген қа­­жеттілігін қамтамасыз ету жүк­телді. Биылдың соңына дейін реконструкцияланған учаскелерде «ақы төлеуді» өнеркәсіптік пайдалануға енгізе отырып, автомобиль жолдарын өзін-өзі қамтамасыз етуге көшіру бойынша жұмысты аяқтау қажеттігі айтылды, бұл автомобиль жолдарын нормативтік күйде күтіп ұстауға мүмкіндік береді. Облыс әкімдіктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жол бойындағы сервис объектілерін жаңғырту және оларды Ұлттық стандартқа сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты жандандыру тапсырылды.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

319 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы