• Өндіріс өрісі
  • 08 Сәуір, 2021

ЖИҺАЗ ЖИНАЙТЫН КӘСІПКЕРГЕ ШИКІЗАТ ТАБУ ҚИЫН

Қазақстанда жиһаз өндіруші кәсіпкердің басына бірқатар проблема туып тұр.

Әуелгі проблема: шикізат базасы жоқ.

Екіншісі, жиһаз өндірісіне әзірленген стандарттау регламенті жоқ.

Жиһаз өндірушінің басын қатыратын басты дүние, ол – бәсекеге түсетін, жасырын шеберхананың көбеюі.

Алматының түбіндегі ауылдың бірінде тұратын Бақытбек Әлимұрат деген азамат, міне, жиырма жылдан асты, жиһаз жинайтын өндірістік цехтың иесі болып отыр.

– Мұның алдында, 90-жылдары темір жол тұйығынан (базадан) анда-санда жиһаз әкеліп, үстіне сәл қосып сатумен айналысушы едім. Бір күні осымен дұрыстап айналысайыншы деп шештім де, мен үйдің ішінде жиһаз жинап, әйелім газетке хабарландыру беріп, жыл он екі ай сатып жүрдік. Күндердің бір күнінде бұл жеткіліксіз деген ойға келдім. Сөйтіп, 90-жылдардың соңында Қытайдан жиһаз әкеліп сататын болдық, – дейді Бақытбек.

Әуелі кәсіпкер дайын жиһазды алып келіп, сатып жүреді. 2010 жылы тура шекарада тауары бар контейнері көп тұрып қалған соң Қорғасқа барады. Ол жерде бірнеше күн жүрген кезінде жиһаз цехына арналған жабдық­ты Қытайдан сатып алып келе жатқан шымкенттік бизнесмен жігіттермен танысады. Олардың аузынан жиһаз құрайтын цехтың Қытайда арзан екенін естіп, келесі жолы арнайы Гуанчжоу қаласына барады.

– Сөйтіп, мен де жиһаз жинайтын бір жабдық сатып алдым. Осылай алғашқы цехымды аштым,– дейді Бақытбек Әлимұрат.

Қазір кәсіпкердің Алматыда үйге, офиске арналған жиһаз бен жиһазға арналған бөлшек сататын дүкендері, тапсырыс бойынша жиһаз жинау цехы, интернет-дүкені, жеткізу қызметі, жиһаз жинаушылардың үлкен штаты, жеке қоймалары бар. 2017 жылы кәсіпорын 70 миллион теңгеге, 2018 жылы 75 миллион теңгеге, 2019 жылы 78 миллион теңгеге, ал карантин басталған былтыр 47 миллион теңгеге өнім өндіріпті. Бақытбектің жоспары – еліміздің басқа өңірінен, шалғай облыстарынан жиһазын сататын нүктелер ашу. Жақын аралықта кәсіпкер Нұр-Сұлтанда жиһаз бен оның бөлшегін сататын дүкен ашуды жоспарлап отыр.

Дегенмен, қазір бәсеке сұмдық, дейді ол, әсіресе жасырын шеберхана шаужайдан алып жатыр.

– Мұндай «кустарка» Алматыда көп. Біз сертификаттау үшін салық төлейміз, әлеуметтік төлемдер төлейміз, ал, мәселен, үйінде отырып шағын жиһаздарды жинайтындар ештеңеге жауап бермейді. Жасырын жұмыс істеген соң олар салық төлемейді. Кәдімгідей бәсеке жасап отыр бізге, – дейді Бақытбек.

Өкінішке қарай, Алматы қаласы мен Алматы облысында қанша жиһаз цехы тіркелгенін қалалық немесе облыстық кәсіпкерлік бас­қар­масы нақты айтып бере алмайды.

Жиһаз өндірісі өңдеуші өнер­кәсіп секторына кіреді. Ал қалада және облыста жиһаз жасау бойынша қанша жасырын цех жұмыс іс­теп отыр, оны тағы ешкім біл­мейді.

 

 

– Кәсіпкерлердің өздері салық органына хат жазып, осындай жасырын цехтарға қатысты шара қолдануды сұрауы керек. Оларды көп дейді, бірақ есепте жоқ олар. Дегенмен бизнестің дамуына керемет әсер етеді деп айтуға негіз жоқ. Тендерге қатыспайды, тек жеке тапсырысты орындайды. Жиһаз дайындап жатқан қандай да бір гаражға кіріп барсақ, әлгі адам жиһазды өзім үшін жасап жатырмын дейді,  оған ешкім тыйым сала алмайды, – деп түсіндіреді жағдайды Алматы қаласы өңірлік кәсіпкерлік палатасы кеңесінің төрағасы Максим Барышев.

Жиһаз жинаушылардың жұмыс процесін ұзаққа созып, уақытында бітірмейтіні туралы айтып, Алматы қаласындағы тұтынушы құқығын қорғау бөліміне былтыр біршама шағым түскен. Тапсырыс берген ел жеткізу мерзімінің ұзарып кеткеніне, жасалған жиһазды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартқанына шағымданып жатады. Шағымның көбі тіркелмеген, жасырын цехтардың үстінен түседі екен.

Бақытбек Әлимұрат атап өт­кендей, Қазақстанда жиһаз өнді­румен айналысу тиімсіз болып келе жатыр. Елде шикізат базасы жоқ. Шикізат Ресей мен Беларусьтен тасымалданады, технология жоқ, оқыған маман жоқ, өнімді стандарттау ережесі, тендерге қатысу проблемасы әлі де бар. Карантин басталғалы Қытайдан жиһаз бөлшегін,  жиһаз ассортиментін алдыру да қиындап кетті.

– Жиһазға қажет матаны біз Қытайдан, Түркиядан, сондай-ақ Беларусь пен Ресейден алдырамыз. Мәселен, диванның құнындағы мата 35-тен 60%-ға дейін жетеді, оның құны долларға байланысты. Егер бізде жиһаз жинауға қажет жергілікті өндіріс болса, онда ол теңгеге байланған болар еді, – деп түсіндіреді Бақытбек Әлимұрат.

Иә, елде шикізат базасын дамыту керек.

Шикізаттың негізі – плита­лық материал. Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі бұл бағытта жұмыс жүр­гізіліп жатқанын айтады. «Қа­зақстанның индустрияландыру картасы аясында OSB-плитасын (ШҚО) және ДСП (Павлодар облысы) өндірудің жаңа жобасы пайдалануға берілді», дейді олар.

Бірақ бұл жеткіліксіз.

– Біз бәрін Ресейден әкелеміз. Алайда біз Ресей Федерациясының еуропалық бөлігінен алып жүре­тін плиталық өнімдегі көлік шығы­нының өзіндік құны 30%-ға дейін жетеді. Бұл – үлкен шығын, – дейді Қазақстанның Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығын ұзақ жыл басқар­ған бизнесмен Михаил Глухов. – Міне, 1500 км болатын Уфада плита зауыты ашылды, бірақ оларда әзірге бар­лық ассортимент жоқ.

Жиһаз және ағаш өңдеу өнер­кәсібі кәсіпорындары қауымдас­тығының бағалауынша, Қазақ­станның жиһаз нарығы шамамен $400 млн болып тұр, 2013 жылы, девальвацияға дейінгі кезеңде, бұл сан $1 млрд-қа дейін жеткен екен.

Жалпы, Қазақстанның жиһаз өнеркәсібі қазір ішкі нарықтың тек 25%-ын ғана  алады.

– Біз ішкі нарықтың кем дегенде жартысын, ал келешекте 70%-ын қамтуымыз керек. Алматыда 200 кәсіпорынның 80%-ы толық салық төлейді. Сондықтан оларға көмектесу керек, жиһаз өндірісін әрі қарай дамытуымыз керек, – деп түйіндейді сөзін Михаил Глухов.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

501 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы