• Спорт
  • 15 Сәуір, 2021

Үш жолдаманы қанағат тұттық

Көп ұзамай 3 айдан кейін Жапонияның бас қаласы Токио шаһарында кезекті ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындары басталады. Беделді доданы осымен екінші рет өткізгелі отырған Токио қаласындағы Олимпиадаға 205 мемлекеттің сайыпқырандары қатысады деп күтілуде. Төрткүл дүниенің кіл мықтылары бақ сынайтын дүбірлі жарысқа әлем халқы назар аударатыны анық. Бүгінде Токио аламанына берілер жолдама жолындағы жарыстар қыза түсуде.

Осыған орай, Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кеше­нін­де Азия құрлығының 24 мем­лекетінен 200-ден астам балуаны 3 күн бойы 18 Олимпиа­да­лық салмақ бойынша іріктеу жары­сынан өткізді. 

Жарыстың алғашқы күнінде грек-рим күресінің балуан­дары жолдаманы иелену үшін боз кілемде белдесті. Төрт балуа­нымыз жарыс жолына шық­қан еді. 87 келі салмақта сынға түскен Нұрсұлтан Тұрсыновтың ғана бағы жанып, Олимпиада лицензиязын еншіледі. Ширек финалда ол жапониялық Масато Сумимен белдесті. Белдесудің бірінші кезеңінде 0:3 есебі­мен ұтылып жатқан балуаны­мыз екінші кезеңде белсендік танытып әдіс-тісілдерді сәтті қолданды.  Жартылай финалда ол тәжірибелі үндістандық Сушил Құмармен жолы түйісті. Бірінші кезеңнің нәтижесінде С.Құмар жерлесімізден үш ұпай озып тұрды. Екінші кезеңде үндістандық спортшының осал жерін тапты. Осылайша финалға шыққан ол Токиоға бара­тындардың тізіміне қосылды. Финалда қытайлық Фей Пенг боз кілемге шығудан бас тарт­ты. Олимпиада жолдамасымен қоса, алтын жүлдені еншілеген Н.Тұрсынов ел мерейін асырды.

Алайда басқа «классикте­ріміз» ел сенімін ақтай алмады. Мейіржан Шермаханбет (67 келі) қырғызстандық  Марлен Асикеевтен, Олжас Сырлы­баев (97 келі)  Оңтүстік Корея өкілі Сейол Лиден ұтылды. Ал Георгий Цурцумия қатарынан екі белдесуде қарсыластарына есе жіберді. Сөйтіп, Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері Ал­матыдағы турнирде бір жолда­маға ғана қол жеткізе алды.

Әйелдер арасында еркін күрес бойынша жарыстар қызықты да тартысты өтті. Ел намысын қорғауға 4 балуан аруымыз сынға түсті. Екі спортшымыз жарыс жолын ерте аяқтады. Екі белдесуде қатарынан ұтылған Эмма Тисина (57 келі) мен Жамиля Бақбергенова (68 келі) жарыс жолынан шығып қалды.  53 келі салмақта сынға түскен Татьяна Ахметова бозкілемде атой салды. Ол алғашқы кездесуінде тәжікстандық Ватансұлтан Шакаршоеваны айқын басым­дық­пен ұтты. Моңғолиялық Болотуя Бат Очирмен болған кездесу күтпеген нәтижемен есте қалды. Басында қателікке бой ұрындырып 0:8 есебімен ұтылып жатқан аруымыз жасымады. Екінші кезеңде ретін шығарып қарсыласын үш рет жамбасқа салып лақтырғаны үшін төрешілер тарапы еңбегін жоғары  бағалады. Ақырында 12:8 есебімен алға шықты. Жартылай финалда ол оңтүстік кореялық мықты балуан Ким Хен Джуның жынын қағып алды. Осылайша ол финалға жолдама еншілеп, Олимпиадаға берілетін лицензияны қалтасына басты. Бірақ қатты жарақат алуына байланысты ол ақтық сайысқа қатыспады. 35 жастағы Т.Ахметова күміс жүлдеге қанағат тұтты. 

Орта салмақ, яғни 62 келі салмақ дәрежесіндегі Аяулым Қасымованың сәл жолы болмады. Алғашында оңтүстік кореялық Ханбит Лиді ұтса, келесі белдесуде моңғолиялық Цереншимедке жеңілді. Жартылай финалда үндістандық Сонам Сонамға есе жіберді.

Ерлер арасында еркін күрес­тен екі балуанымыз бозкілем­де сынға түсті. Олар: Азамат Дәулетбеков (86 келі) және аса ауыр салмақтағы Юсуп Батыр­мурзаев (125 келі). Қос спорт­шымыз­дың жолы болмады. Әсіресе, А.Дәулетбековтің Олим­пиадаға баратын мүмкіндігі бар болатын. Ол жартылай финалда бар білге­нінен жаңылды.

Күрес түрлерінен Олимпиадаға соңғы іріктеу турнирі келесі айда Болгарияның астанасы София қаласында өтеді. Бұл турнирде жолдаманы еншілеу қиынға соқпақ. Себебі аталмыш жарысқа бұған дейін жолы болмаған әр құрлықтың мықты балуандары сынға түседі.

Әртүрлі спорт түрлері бойын­ша Қазақстан командасындағы жалпы лицензиялар саны 48-ге жетті.

Нұрлан ҚҰМАР

373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы