• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 15 Сәуір, 2021

Әлеуметтік-экономикалық даму: Бірінші тоқсан не берді?

Үкімет еліміздің бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуын және республикалық бюджеттің атқарылуын қорытындылады. Сондай-ақ жиында күн тәртібіндегі өзекті мәселе – елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай баяндалды. Премьер-министр Асқар Мамин іс-қимылды ширатып, міндеттерді тиімді іске асыру керектігін нығыздады.

Алғашқы тоқсанда еліміздің өңдеуші өнеркәсібінің барлық секторларында оң қарқын сақталып, жиынтық көрсеткіші 107,5% болды. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер, машиналар мен жабдықтар өндірісі, өзге де көлік құралдары, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтарды, электр жабдықтарын жасау, жөндеу және орнату арқылы машина жасау саласында 121,8% өсім тіркелді. Сондай-ақ түсті металлургияда да оң динамика орнықты, өсім – 3,4%. Бұл ретте тазартылған алтын, күміс, мыс, құйма алтын көлемі артқан. Қара металлургия­да нақты көлем индексі 100,1% құрап, шойын, көміртекті болат, ферросиликомарганец өндірісі өсті. Халықтың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға деген сұранысының артуы есебінен фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 9,1%-ға ұлғайды. Жеңіл өнеркәсіпте де киімнің және былғары өнімдердің ұлғаюы әсерінен өндіріс 3,1%-ға өсті. Дезинфекциялық құралдар мен минералдық тыңайтқыштарға сұраныстың көбеюі химия өнеркәсібінің өндіріс көлемін арттырып, 14,2% өсімге жеткізді. Құрылыс материалдары өндірісі 130,1%. Көлік саласында есепті кезеңде нақты көлем индексі 82,6% құрады. Транзиттік кон­тейнерлік тасымалда оң динамика сақталды, көрсеткіш 244,2 мыңжиырма фунттық балама, өсім – 63%. Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 815 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 96,4% құрады. Құрылыс саласында нақты көлем индексі 113,1% болды. Тұрғын үй құрылысында биылғы бірінші тоқсанда 2 млн 870 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.

Бірінші тоқсанда мұнай мен конденсат өндіру көлемі – 100% орындалды, бұл 21,1 млн тонна. Атап өткенде, Теңіз жобасында аталған кезеңде 6,7 млн тонна мұнай өндірілді. Солтүстік Каспий жобасы – Қашағанда мұнай өндіру көлемі 3,7 млн тонна болды. Қарашығанақ жобасының көрсеткіші –3,1 млн тонна. Есепті кезең ішінде 16,6 млн тонна мұнай экспортталып, жоспар 100% орындалды. 1 сәуірдегі ОПЕК+ отырысының қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі кезең-кезеңмен сәйкесінше мамыр, маусым және шілде айларында тәулігіне 6 мың баррельге ұлғайтылмақ. Көрсетілген кезеңде 13,9 млрд текше метр көлемінде газ өндірілген. Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 6,6 млрд текше метрге жетті.  Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 817 мың тонна. Экспортқа шығарылған газ көлемі 2,1 млрд текше метр. Биылғы қаңтар-наурыз айла­рының қорытындысы бойынша 3 млн тоннадан астам мұнай өнімдері өндірілді, бұл көрсеткіш жоспардың 96,4%-ы.

Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 2,8%-ға артып, 591,3 млрд теңгені құрады. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3%-ға – 551,1 млрд теңгеге ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ тірі салмақта ет өндіруде 5,1%-ға және сүт өндіруде 3,4%-ға жоғары өсім байқалады. Өсімдік шаруашылығы өнімдері 33,5 млрд теңгеге өндірілді, НКИ 100% деңгейінде. Бұл көлем жабық топырақта ауыл шаруашылы­ғы дақылдарын өсіру есебінен қамтамасыз етілді. Өңірлер бөлі­нісінде республикалықтан жоғары қарқын 4 облыста: Ақмола, Жамбыл, Қарағанды және Павлодар аймақтарында байқалды. Көрсетілген кезеңде азық-түлік өнімдерінің өндірісі 3,3%-ға өсіп, 487,2 млрд теңгені құрады. Бұл ретте қызылша қанты өндірісінің 28,3%-ға, сары май 26,8%-ға, жарма 21%-ға, өңделген күріш 19,7%-ға, өсімдік майы 17,5%-ға, ірімшік пен сүзбе 9,3%-ға, ұн 9%-ға, өңделген сүт 4,7%-ға өскені байқалады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 54,8%-ға артып, 112,3 млрд теңгені, азық-түлік өнімдері өндірісі 86,8%-ға артып, 24,3 млрд теңгені құрады.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік қар­жының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты. Мемле­кеттік бюджетке 2 трлн 219 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 111,4%-ға атқарылды.  Республикалық бюджетке 1 трлн 351 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 101,2%-ға атқарылды. Жалпы кірістер бойынша жоспар 16 млрд теңгеге артығымен орындалды. Оның ішінде салықтар 5 млрд теңгеге атқарылмаса, салықтық емес түсімдер 20 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша негізгі атқарылмау сомасы іште өндірілген тауарларға салынатын қосылған құн салығына және корпоративтік табыс салығына тиесілі. Жергілікті бюджеттердің кірістері 132,1%-ға атқарылып, 868 млрд теңгеге теңесті. Жос­пар 211 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 189 млрд теңгеге асыра орындалды. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар артығымен орындалды.  Мемлекеттік бюд­жет­тің шығыстары 99,5%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,8%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,1%-ға атқарылды.  Республикалық бюджет бойынша сомасы 3,5 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 7 млрд теңгені құрады, оның 4 млрд теңгесі – үнемдеу, 3 млрд теңге игерілмеген. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1,4 трлн теңге. 13 млрд теңге атқарылмаған. Ағымдағы жылы өңірлерге 1,9 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделіп, 328 млрд теңге бөлінген. Оның 99,2%-ы игерілген, 2,5 млрд теңге атқарылмаған.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдері мен мемлекеттік орган­дардың басшыларына әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарлы көрсеткіш­теріне қол жеткізуді және Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Отырыстың екінші бөлі­гінде елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Келтірілген мәлі­меттерге сәйкес, республика бойынша вирустың репро­дуктивтік көрсеткіші 1,15 болып тұр. Инфекциялық төсек орындарының жүктемесі 41%, реанимациялық төсек орындары – 27%. Қазіргі уақытта Covid-19 таралу қарқыны бойынша Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстары «қызыл аймақта». Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарын қоспағанда, қалған барлық өңірлер – «сары аймақта».

Үкімет басшысы әкімдерге эпидемиологиялық жағдайға бай­ланысты жедел шектеу шараларын қабылдауды, барлық емдеу мекемелерін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қам­тамасыз етуді, санитарлық нормалар мен маска тағу режимін сақтауды күшейтуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге төсек орын қорының толық дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық орындарды, оның ішінде сауда орталықтарын пайдалана отырып вакциналаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен бірге вакциналаудың маңыздылығы жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары одан әрі жүргізілуі керек. «Қоғам санитарлық нормаларды сақтау мен вакциналау пандемияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретінін түсінуі керек», – деді А. Мамин.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

303 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы