- Руханият
- 22 Сәуір, 2021
Аса көрнекті қазақ ағартушысы
Ыбырай Алтынсариннің туғанына – 180 жыл
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының ұйымдастыруымен жақында ағартушы-ғалым, педагог, жазушы-этнограф Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына орай «Білім беру ісінің көшбасшысы, ұлы ағартушы» атты онлайн форматта дөңгелек үстел өткізілді.
Халық ағарту жолында ұлты үшін аянбай қызмет еткен Ыбырай Алтынсариннің есімін ұлықтау, өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға «Тарих», «Тарих және география» мамандығының магистранттары мен «Ника» студенттік-ғылыми клубының мүшелері белсене қатысты. Алдымен спикерлердің баяндамалары тыңдалып, Ы.Алтынсарннің ұстаз, ағартушы-ғалым және қоғам қайраткері ретіндегі тұлғасы жан-жақты ашыла түсті.
Дөңгелек үстелге арқау болған негізгі мәселе – Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметіндегі діннің рөлі, оның ислам дініне деген көзқарасы. Кеңестік билік тұсында Ы.Алтынсаринді көзқарасына қатысты «миссионерлердің қолдаушысы», «шоқынды» деп, атеист етіп көрсетуге тырысушылық байқалған. Шын мәнісінде, Ы.Алтынсариннің өз халқы ұстанған дінді қадір тұтқандығы, мұсылман дінінің өзегінде жатқан озық идеяларды жоғары бағалағаны және оның рухани құндылықтарын қазақ халқының өркендеуіне және алға басуына пайдалануға шақырғандығына оның сан-салалы қызметіне терең талдау жасау арқылы көз жеткізуімізге болады. Алтынсарин өмір сүрген заманда қазақ халқының ислам туралы түсінігі бұлдыр болатын, араб тілін білетіндер саусақпен санарлықтай ғана еді. Діннің негіздеріне жіті бойламаған, шала сауатты дүмше молдалар халықтың діни сауатын ашып, исламның имандылық, тәрбие, білім деген салаларын насихаттап, ислам дінінің жөн-жосығын көрсетудің орнына, халықты одан сайын қараңғылыққа батыра түсті. Осы жайларды ескере отырып, қалың қазақ арасында имандылықты, ислам мәдениетін насихаттау үшін Ыбырай Алтынсарин бабамыз алғашқылардың бірі болып «Мұсылманшылықтың тұтқасы» (Шариат-ул-ислам) деген еңбегін жазды.
Ыбырай қазақ қауымына бұл еңбектің аса қажеттілігін терең түсінді. Ұлы ұстаз әр қазақтың баласы өзінің мұсылман екенін білгенін, жүрегімен терең сезінгенін міндет деп санады. Ең бастысы, ол діннің қажеттілігін, оның тәрбиелік мәнін терең түсінгендігін байқай аламыз. Өз замандастары арасында «Ыбырай мұсылман емес», «балаларды орысша оқытады», «шоқынып кетті», деген өсек сөздердің тарап кеткеніне қарамай, Ыбырай Алтынсарин «Мұсылманшылықтың тұтқасы» деген еңбегін жазуға бел байлады. Мұндағы мақсатым дейді Ыбырай: «...Кәләм шариф (қасиетті сөз) һәм үлкен ғылыми кітаптар араб тілінде жазылуы. Араб тілін әркімге білмек һәм қиын, һәм көп қара халыққа мүмкін де емес. Мұнан ғайри (басқа, бөтен) және сөздері де не араб, не парсы тілінде болып, әр жұрттың лұғаты (тілі) бөлек болуынан көп оқымаған адамдар аят-хадисте бұйырылған һәм әр мұсылманға керекті қысқа ғылымдарды да білуге қадыр бола алады». Сонымен бірге осы еңбегін жазудағы мақсатын Н.Ильминскийге хатында айқындай түсіп: «қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, екіншіден, қазақ жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алмауы үшін мен соңғы кезде Мұхаммед шариғатын үйреніп, Сізге жолдап отырған осы оқу құралын құрастырып бітірдім», дейді. Бұдан Ы.Алтынсариннің қазақ даласында ғана емес, күллі ресейлік Шығыста жүйесіз оқытылып жүрген дінтануды реттеу мен тіл тазалығын сақтауды дәйектегені байқалады. Алтынсариннің дәл осы бағыттағы идеялары мен қызметі тек Ресей мұсылмандары ғана емес, бүкіл мұсылмандық Шығыста белең ала бастаған мұсылмандық модернизация, яғни жәдидшілдік қозғалысының дамуына ықпал еткенін байқауға болады. Дөңгелек үстелге қатысқан магистранттар мен студенттер ғылымда әлі де болса арнайы зерттеу нысанына айнала қоймаған осы мәселе төңірегіндегі ойларын да ортаға салды.
Ыбырай өмір сүрген заман – XIX ғасырдың екінші жартысы Ресей отаршылдығының күшейе түскен уақыты болатын. Н.Ильминский бастаған орыс миссионерлері қазақтар арасында патша өкіметінің орыстандыру саясатын қазақ оқығандары арқылы жүргізуге тырысты. Және бұл айла-амалдың қарамағына ілінбегендер сирек еді. Осы жағдайды кезең шындығына сәйкес дұрыс талдай білген Алаш зиялылары: «А.Байтұрсынұлы Ыбырай тұсында өмір сүрсе – Ыбырайдай, ал Ы.Алтынсарин Ахмет тұсында өмір сүрсе – Ахметтей болары сөзсіз», – деп байыптады. Н.Ильминский Ыбырайды үгіттеп, орыстың қолшоқпары еткісі келгенімен, ағартушы-ғалым оны бойына дарытпады, өз жолымен жүрді. Ол қазақ ағартушыларының арасынан алғашқылардың бірі болып, шын мәнінде қазақ халқын білім деңгейі едәуір алға кеткен орыс және еуропа халықтарының деңгейіне жеткізіп, сонымен бірге өз халқының тілдік, мәдени және рухани мұраларын қорғайтын, қолдайтын, алдағы уақытта оны үздіксіз өркендететін ұлтшыл тұлға – қазақ зиялысын қалыптастыруды көздеген болатын. Оның бұл еңбегі өз жемісін бергендігін Алаш қайраткерлерінің 90 пайызы Ы.Алтынсарин ашқан мектептерді бітіргендер болуы айғақтайды.
Халқымыздың ұлы жaзушылaрының бірі Мұхтaр Әуeзoв қaзaқ дaлacынaн шыққaн үш aлып – Aбaй, Шoқaн жәнe Ыбырaй турaлы aйтa кeліп: «Aл eнді, ocы eкeуінің қaйcыcын қocқaндa дa Aбaй aқын eceбіндe бір бөлeк, Шoқaн ғaлым eceбіндe бір бөлeк бoлca, Ыбырaй cөзі мeн іcі жaғынaн eкeуінeн дe oзық тұрғaн тұлғa», – дeп Ыбырай Алтынсаринге өтe жoғaры бaғa бeргeн болатын. Ұлы жазушының Ыбырай атамызға берген осы бағасының әділдігін университет студенттері мен магистранттарының ұлт ұcтaзын ұлықтaу мaқcaтындa ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында айтылған пікірлері де айғақтай түсті.
Ерке ҚАРТАБАЕВА,
ҚазҰУ доценті, т.ғ.к.,
Раушан НҰРБАТЫРОВА,
ҚазҰУ PhD докторанты
831 рет
көрсетілді0
пікір