• Аймақ тынысы
  • 22 Сәуір, 2021

Кешенді жоба аясындағы ауқымды істер

Тұрақты айдарымыз аясындағы бүгінгі шолуда Оңтүстік Қазақстан облысындағы көктем келісімен ерекше бір қарқын алатын еңбек тынысы жайында әңгімелемекпіз. «Климаты құрғақ, шөлді, жаз мезгілі ұзақ болатын Түркістанды көгалдандыру үшін ең алдымен суландыру жүйесін жетілдіру керек. Мәселені шешу – басты назарда. Осы мақсатта облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке бақылауымен Түркістанда жан-жақты зерттеліп, зерделенген кешенді жоба бойынша ауқымды істер атқарылып келеді», деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 СУАРУ ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ

Ең алдымен, қаланың бір­неше бағытынан келетін кіші каналдар күрделі жөндеуден өткізіліп, қалаға су тартылды. Түркістан аумағында жүздеген су арналары пайда болды. Рухани-мәдени орталық пен Әкімшілік-іскерлік орталықта және іргелес жатқан аумақтағы көшелерде салынатын жол­дар­дың бойына жобамен 100 шақырым арық­шалар орна­тылды. Бұл – Түркіс­тан­ның экологиясын оңалтып, клима­тын жақсарту үшін жаса­латын оң қадамдар.

«Түркістан магистральды каналын күрделі жөндеу» жобасы, «Кеңсай-Қосқорған – 2» су қоймасын салу, «Ма­шиналық әдіспен су беру», «Жетікөл көлдер жүйесін жаң­ғырту» сияқты кешенді шара­лар бойынша жұмыстар басталды. Түркістан қаласы бас жоспарының жобасына сәйкес, қала айналасынан 8 мыңға жуық гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспары жыл соңына дейін толық жүзеге асады. Бұл жазы ыстық Түр­кіс­танның жасыл желекке ора­нуына сеп болады.

Суландыру жұмыстарын жүргізу арқылы қала ішіндегі және айналма жол бойында отырғызылған ағаш көшеттері мен жасыл желекті суғаруға толық мүмкіндіктер жасалмақ.

Және осы арықшалардан келген су Кесене аумағында орналасқан Тұңғыш Президент саябағындағы жасанды көлге келіп құятын болады. Түркістан әуежайының аумағында 140 мың жасыл желек, 200 мың қара өрік отырғызылды. Бұл да шаһардың жасыл желекке орануына сеп болмақ.

Қаладағы құрылыс алаңдарын аралаған Өмірзақ Естайұлы жаңадан бой көтерген «Дендро саябақ» пен ондағы жасанды көлдің құрылыс барысымен танысты. Жасанды су айдыны­ның құрылысы аяқталуға таяу. Жақын күндері мұнда су келеді.

Түркістан сәулетшілері облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа су арнасының жобасын дайындады. Жоба жүзеге асқан жағдайда, ұзындығы 9 шақырымды құрайтын жаңа канал пайда болады. Осылайша, «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасынан келетін ағын су Яссауи кесенесінің аумағындағы Тұңғыш Президент саябағы мен қала іргесінде орналасқан аттракциондар паркіне дейін созылады.

Айта кетейік, Түркістан қа­ласын сумен қамтамасыз етуде жер беті суларымен қатар, жер асты суларының да маңызы зор. Жарамсыз болып қалған 150 тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіру арқылы жылына қосымша 190 млн текше метр ағын су тапшылығын шешуге қол жеткізіледі.

АВТОТҰРАҚ МӘСЕЛЕСІ

ШЕШІМІН ТАБАДЫ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев­тің тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласындағы паркинг мәселесін шешу бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.  Бүгінгі күні Қожа Ахмет Яссауи кесенесі айналасында 2 мыңға жуық көлікке арналған автотұрақ бар. Қазіргі уақытта бұл бағытта полициямен бірлескен жұмыстар атқарылуда. Облыс басшысы қала аумағындағы атқарылған жұмыстарды пысықтады.

Түркістан қаласында автотұ­рақтардың аз болуы бірқатар қиындықтар тудыруда. Атап айтқанда, туристер рухани-мәдени орталық аумағында орналасқан автотұрақтарды таппай, кез-келген орындарға автокөліктерін қойып, көлік кептелістері орын алуда. Осыған орай аймақ басшысына «Түркістан тұрағы» жобасы таныстырылды. Ақылы автотұрақтар – «ретсіз тұрақ» мәселесін шешуге жаяу жүргіншілердің, қоғамдық көліктің және автомобильдердің жайлы қозғалысы үшін мүмкіндік жасайды.

Қаладағы құрылыс алаңдарын аралап шыққан өңір басшысы Түркістанға кіреберіс жолда салынып жатқан 5 мың орындық зәулім мешіттің құрылыс барысымен танысты. Бұл – күллі түркі әлемі­нің рухани астанасы Түркістан қаласына Өзбекстан мемлекеті тарапынан жасалған сый. Шығыс үлгісіндегі Ислам орталығының аумағы 20 мың шаршы метр, айналасында 400 орындық медресе, кітапхана, асхана, неке сарайы және басқа да қосымша нысандар салынады.

Облыс басшысы Түркістанда жаңадан салынып жатқан Назарбаев зияткерлік мектебінде болды. Құрылысы басталған білім ұясында 720 бала оқитын болады. Мұнда 120 орынға арналған жатақхана салынуда. 6 гектар аумаққа орналасқан 3 қабатты жаңа білім ордасының жалпы аумағы – 22 мың шаршы метр.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралынан Майкотов көшесіне дейінгі автокөлік жолының жалпы ұзындығы 6,5 шақырымды құрайды. Бұл – Шәуілдірден тікелей Шымкент бағытына шығатын және Түркістан әуежайын  Әкімшілік-іскерлік орталық арқылы жаңа Темір жол вокзалына  кедергісіз қосатын күре жол. Жолдың 5,5 шақырымына асфальт төселіп, жарықтандыру жүйесінің баға­налары орнатылған. Суағар науа (лоток) және аяқжол мен веложолдар салынуда. Ал, жобаның 1 шақырым аумағына, яғни М32 «Самара – Шымкент» автодәлізі мен №9 көше аралығына өзгеріс енгізіліп, 4 жолақты жолдан 6 жолаққа ауыстырылды. Осы ау­мақта да түнгі жарықтандыру жүйесі орнатылған.

ШАРДАРА АУДАНЫНДА АУЫЛ-АЙМАҚ

ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, онда атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Өңірдегі маңызды жо­балардың бірі – Жаушықұм алқа­бын суландыру. Шаруалармен кездескен өңір басшысы облыс аумағында жаңадан айналымға қосылатын суармалы жерлердің көлемін арттыруға үлкен мән берілетінін айтты. Облыс әкімі Жаушықұм массивіндегі 12 мың гектардан астам алаңдағы су таратқыш және су сорғы стансасын қайта құру жобасын пысықтады.

Суармалы жердің іске қосылуы нәтижесінде 2,5 мың гектар ал­қапқа көкөніс, 2 мыңдай гектарға картоп, 3 мың гектардан астам жерге бақша дақылдары, 1 мың гектардан астам алқапқа сүрлемдік жүгері, 3 мың гектардан аса жерге жоңышқа егіліп, жыл сайын 11 миллиард теңгеге 523 мың тонна көлемінде азық-түлік және мал азығының өнімдері өндірілетін болады. Сонымен қатар 12 500 адамға тұрақты жұмыс орындары ашылады. Аталған мәселе министрлік тарапынан қолдауды қажет етеді. «Мемлекеттік бағдарламалар ар­қылы ауыл-аймақтың әлеуеті арта түсуде. Түркістан облысы аграрлық аймақ саналатындықтан және ауыл шаруашылығының болашағы жердің сапасы мен құнарлылығына тікелей байланысты болғандықтан аталған мәселені оңтайлы шешу маңызды», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Облыс әкімімен кездескен ауыл диқандары екі айда пісетін қарбыз бен болгар бұрышын еккен. Шаруалар 1 гектардан 1,5 млн. теңгеге дейін табыс табатындарын айтты. Соңғы жылдары ауданда күріш өсіру мықтап қолға алынған.

Облыс басшысы 40 жылдан астам уақыт бұрын қабырғасы қаланған «Шардара» мектеп-ли­цейін аралап көрді. 6 мың шаршы метрге жуық жерде орналасқан білім ошағы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ол үшін 350 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Мектепте 1500-ден астам оқушы оқиды. Білім ұясын аралап шыққан Өмірзақ Естайұлы өзінің ұсыныстарын да айтты.

Өмірзақ Шөкеев Шардара қаласындағы жедел жәрдем стансасын, ауысымында 150 келушіге арналған аудандық емханаға жапсарлас салынып жатқан ғима­раттың құрылысымен танысты.

Облыстық бюджеттен қар­жыландырылған құрылыс­тың сметалық құны – 1 миллиард 715 миллион теңгеден асады. Созбалаңға салынған істі сынға алған Өмірзақ Естайұлы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.

Сондай-ақ облыс басшысына Шардара қаласының Абай, «Қызылжар» шағынаудандарын­дағы орамішілік газ жүйелерінің құрылысы туралы баяндалды. Жобаның сметалық құны 767 миллион теңгеден асады. Республикалық бюджеттен биыл 300 миллион теңге қаржы қаралған. Жоба бойынша шағынаудандардағы 8 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылады.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ
 

507 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы