• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 22 Сәуір, 2021

Сапалы өмір өркениетке бастайды

Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен республикалық бюджет, ауылдық жерлерде тұрмыс деңгейін арттыру мәселелері Үкімет отырысында қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин барлық бағытта тиісті іс-шараларды қамтамасыз етуді міндеттеді.

Әлемде Covid-19 ауруы мен өлім-жітімі бойынша жағдай әлі де күрделі. Бүгінгі таңда дүниежүзі бойынша КВИ-дің 141 млн-нан астам жағдайы, тәулігіне 700 мыңнан аса жағдай тіркелген. 3 млн-нан астам адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші 2,1% құрады. ДДСҰ-ның алты аймағының бесеуінде аурудың өсу тенденция­сы байқалады. 221 ел қатыса­тын әлемдік рейтингке сәйкес, Қазақстан сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 110-орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша 107-орында тұр. Бүгінде елімізде Covid-19 оң нәтижесімен 292 250 науқас және КВИ бойынша 51 890 жағдай тіркелген. Бағалау матрицасы бойынша республика 22 күн бойы қызыл аймақта тұр. 8 өңір қызыл аймақта, жасыл аймақта тек Түркістан және Қостанай облыстары, қалғандары сары аймақта. Вирустың репродуктивті көрсеткіші республика бойынша 1,065 құрайды. Инфекциялық төсек орындарының жүктемесі – 41%, реанимациялық төсек орындары – 27%. Денсаулық сақтау министрлігі наурыз айының соңынан бастап эпидахуал нашарлап, ол кезде апта сайынғы ауру алдыңғы аптаға қарағанда 46%-ға өскенін хабарлады.

«Халықты, әсіресе, қамтылуы төмен өңірлерде вакциналаумен қамтуды кеңейту қажет. Ай сайын 2 млн адамды вакцинамен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды нақты орындау керек», – деді А. Мамин. 

Премьер-министр коронави­руспен ауырып қалған науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуге және дәрі-дәрмектердің болуына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Әкімдіктерге денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктерімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, мобильді мониторингтік топтардың белсенді қатысуымен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауын қамтамасыз ету тапсырылды.

Келесі тақырыпты талқылау барысында айтылғандай, биыл ел экономикасының өсу болжамы 3,1%-ға дейін жақсарды. Жыл басынан бері Қазақстан экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді және әлемдік тауар нарықтарындағы ахуалды, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсу болжамдарын ескере отырып, Үкімет 2021 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері мен индикаторларын нақтылады. Мұнай бағасы барреліне $50 (бұрын $35), ұлттық валюта бағамы – бір долларға 425 теңге (бұрын 420 теңге) деңгейінде болжануда. Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұрлым белсенді өсуі есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі болжамды көрсеткіштер 4,1%-дан 5,2%-ға дейін жақсарды. Құрылыста болжам 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарына байланысты 2,5%-дан 5%-ға дейін жақсарды. Ақпарат пен байланыс саласында АТ қызметтерге сұраныстың өсуі нәтижесінде болжам 3,8%-дан 6,5%-ға дейін ұлғайды. Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт $10,8 млрд-қа – $52,2 млрд-қа дейін ұлғаяды. Инфляция бұған дейін бекітілген 4,0-6,0% дәлізінде сақталды. Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Осы жылға арналған нақтыланған бюджет шығыстарының негізгі бағыттары – «Nur Otan» партиясының бағдарламасын және Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруды қамтамасыз ету. Сонымен қатар шығындар пандемияға қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға және денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, экономиканың нақты секторын ынталандыруға бағытталады. А.Мамин еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған болжамын және 2021-2025 жылдарға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырды.

Қазіргі таңда ауыл халқының саны 7,7 млн адамды немесе еліміз бойынша  халқымыздың жалпы санының 41%-ын құрайды. Жұмыспен қамтылған ауыл халқының құрылымында ауыл шаруашылығы ең үлкен үлесті құрайды, бұл – 28,2%. Жалпы, соңғы 5 жылда экономиканың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалады. Ауылдарда өмір сүру деңгейін одан әрі арттыру бағытында «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асырудың жоспарлы жұмыстары жүргізілуде. Межелі мақсат – инфрақұрылымдарды жаңғырту есебінен және оны жаңа өңірлік стандарттар параметрлеріне дейін жеткізе отырып, ауыл тұр­ғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Ол үшін әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктерге қол­жетімділігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді іске асыру, сондай-ақ қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру қажет.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылды ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы 4-5 жылда жергілікті маңызы бар 27 мың км жол салынып, жөнделеді. Ауылдарда 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. АӨК саласында 500 мың жұмыс орнын құрумен 845 жоба, 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тартумен 7 экожүйе жүзеге асырылатын болады. Қабылданып жатқан шаралар 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындарының 100%-ы сапалы ауыз сумен, 60%-ы табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау саласында бес жыл ішінде 1095 нысан жөнделіп, салынады. Бұл халықты медициналық қызмет көрсетумен қамтуды 2 есеге ұлғайтуға жағдай туғызады. 5 жыл ішінде 5 мың мектеп жаңғыртылып, 315 ауыл мектебі тұрғызылады. Ауыл оқушыларын қосымша біліммен барынша қамту және қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқарту бойынша жұмыс жүргізілуде. 2025 жылға қарай 748 мәдениет нысаны мен 1719 спорт нысаны жөнделіп, салынады. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 1,3 млн адам тұратын 480 ауылдың дамуына 105 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Бұл өз кезегінде көлік және әлеуметтік инфрақұрылым, сонымен қатар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамытуға арнал­ған 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға жол ашады. Ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мәсе­лелерін шешу үшін 5 жылдың ішінде 800 млрд теңге бөлінеді.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жөніндегі жұмысты тиісті көрсеткіштермен және бірыңғай тәсілмен үйлестіруді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйтерек» ұлттық холдингімен және әкімдіктермен бірлесіп, ауылдық жерлерде кредит қара­жатына қажеттіліктің ұлғаюын ескере отырып, АӨК-ті тұрақты қаржыландыруды, сондай-ақ жоспарланған барлық жобалардың іске асырылуын қамтамасыз ету жүктелді. Ал индустрия, энергетика, денсаулық сақтау, білім және мәдениет министрліктері өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, барлық қажетті шараларды қабылдаулары және 2025 жылға қарай ауылдық аумақтарды дамыту бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізулері керек.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

465 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы