• Аймақ тынысы
  • 29 Сәуір, 2021

Жыл сайын елімізде 390 000-нан астам бала дүниеге келеді

Ана мен бала денсаулығын қорғау мемлекет пен Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Елдің болашағы — жас ұрпақтың денсаулығына байланысты. Мемлекетімізде жылдан-жылға балалар өлім-жітім көрсеткіші азайып келеді. Мәселен, соңғы 5 жылда балалар өлімінің көрсеткіші 1,4 есеге, ал нәрестелер өлімінің көрсеткіші 1,2 есеге төмендеді.

Бала жасындағы ауруларды ерте анықтау және уақтылы түзету мен емдеуді жүргізу мақсатында скринингтік бағдарламаларды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Зат алмасудың тұқым қуалайтын ауруларын, ерте араласу, өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік мәні бар аурулардың жүктемесін азайту мақсатында сенсорлық бұзылуларды диагностикалаудың жаңа әдістері енгізілуде. Онко­логиялық аурулары бар балаларға толық мемлекеттік қолдау көр­се­тіледі. Балаларды оңалту өз дамуын алды. Балалар­дың ауру­шаңдығын, мүгедектігі мен өлім-жітімін төмендетуге қол жеткізуде еліміздегі балалар дәрігерлерінің қосқан үлесі зор.

Бұл жөнінде Денсаулық сақ­тау министрі Алексей Цой Алма­тыда «Педиатрия және балалар хи­рур­гиясының жетістіктері мен перспективалары» атты Қазақ­стан балалар дәрігерлерінің ІХ съезінің онлайн-режимінде атап өткен болатын. Төрт жылда бір рет өткізілетін шара биыл 9000-нан аса балалар дәрігерлерінің басын қосты. Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Қазақстан Педиа­­трлар Одағының ұйым­дастыруымен үш күн бойы өткен съезд жұмысына АҚШ, Чехия, Ұлыбритания, Ресей, Украина, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да алыс-жақын шетелдердің мамандары, педиатрия және балалар хирур­гиясы саласының жетекші ғалымдары мен сарап­шылары, сондай-ақ отандық ға­лымдар мен педиатр дәрігерлер қатысты.

«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ-ның Басқарма төрайымы Риза Боранбаева алғы сөзінде еліміздегі педиатриялық қыз­меттің бүгінгі жағдайымен бөліс­ті. Оның баяндамасында атап өтілгендей, жыл сайын елімізде 390 000-нан астам бала дүниеге келеді, қазір балалардың жалпы саны 6,3 миллионға жуық. «Бүкіл жер бетін жайлаған COVID-19 коронавирус пандемиясы біздің өмірімізге орасан зор әсер етті. Кейбір көзқарастар мен басымдықтар өзгерді, халықтың денсаулығы, оның ішінде балалардың денсаулығын қорғау мәселесі өзекті және құнды бола бастады. Өйткені балалар қоғамның ең осал, әлсіз бөлігі болып саналады. Біздің елдің педиатрлары да COVID-19-қа қарсы күресте ерекше бел­сен­ділік көрсетті. Пандемия жал­ғасуда, бірақ балалардың басқа ауруларын диагностикалау және емдеу мәселелері кезек күттірмейді. Бүгінгі күні әртүрлі созылмалы немесе тұқым қуалайтын ауруы бар балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету бұрынғыдан да бетер маңызды болып отыр», – деп атап өтті ол.

Пленарлық мәжілістің ашы­лу салтанатында сонымен қа­тар, С.Асфендияров атын­дағы ҚазҰМУ-дың ректоры Т.Нұр­ғожин, АҚШ-тың Жаһан­дық педиатрия департамен­тінің басшысы, St.Jude Global дирек­торы Р.Галиндо және Укра­ина елінің Охматдет ұлттық ма­ман­­дандырылған аурухананың бас директоры В.Жовнир құт­тықтау сөз сөйледі.

Үш күн бойы өткен съезд алаңында балалар жасындағы ауруларды диагностикалау мен емдеудің ең өзекті мәселелері және нәрестелер мен бүлдіршіндерді емдеу мен педиатрия саласына қатысты өзекті мәселелер талқы­ланып, ғылыми жобалар ұсы­нылды. Барлығы 14 ғылыми сессия барысында 100-ден астам баяндама жасалды.  Сонымен қатар, съезд барысында педиатрия тәжірибесінде сирек кездесетін әр түрлі клиникалық жағдайлар көптің талқысына салынды. Съезд соңында арнайы резолюция шыға­рылып, педиатрия саласының негізгі мәселелері нақтыланып, даму болашағы айқындалды.

Шара аясында докторанттар, магистранттар және резидент­терге арналған «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия мен балалар хирургиясының сын-тегеуріндері мен даму перспективалары» атты жас ғалымдар форумы өтті. Жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру арқылы жас мамандарды ғылыммен айна­лысуға шақыру, денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, жас дәрігерлердің рөлін арттыру мақсатында өткен форумда өз еліміздің, ТМД және шет елдердің ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарында және жоғары оқу орындарының резидентурасында, магистратура мен PhD-докторантурасында оқитын жас ғалымдардың ғылы­ми мақалалары, жарияланым­дары мен ауызша және постер­лік баяндамалары ұсынылды. Ғылыми-зерттеу жобаларды пе­диатрия және хирургия сала­сының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалап, саралады. Конференция соңында ұсынылған жұмыстар «Үздік баяндама», «Үздік тезис», «Үздік постерлік баяндама» аталымдары бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы