• Білім & Ғылым
  • 29 Сәуір, 2021

Ғалым-педагог ғибраты

Жақында көрнекті ғалым-педагог Ақылбек Ахметовтің «Өмір өрнектері» атты кітабы жарыққа шықты.  Естелік жеке адамның өмірі туралы болғанмен, өн бойына дәуірдің рухын, адамдардың адамгершілік және эстетикалық таным-түйсіктерін, соларға деген автордың көзқарасын жинақтайды. Онда замана ағымы, дәуір тынысы, замандастардың дүниетанымы мен ел-жұртының мәдениеті – баршасы тоғысып жатады. Әрбір елеулі тұлғаның өмірлік тәжірибесі жас ұрпақ үшін өнеге болмақ.

Ядролық физика саласының маманы, физика-математика ғы­лымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ақылбек Қабиұлы Ахметов 1948 жылы қазіргі Атырау облысы, Теңіз ауданы, Зормата ауылында дүниеге келген. 1971 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетін бітірген.

1971-1993 жылдары Атырау педагогикалық институтында оқытушы, деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі болған. 1975-1978 жылдары Мәскеудің П.Н.Лебедев атындағы Физика институтының аспирантурасын атом ядросы физикасы және космостық сәулелер мамандығы бойынша бітірген. «Аса жоғары энергиялы бөлшектердің атом ядро­ларымен әсерлесу мәселелері» тақырыбы бойынша физика-математика ғылымдарының кандидаты (1989), «Болашақ мұғалімдерді кәсіби-экономикалық бағыттаудың педагогикалық негіздері» тақы­рыбы бойынша педагогика ғылым­да­рының докторы (1997) ғылыми дәрежелері үшін диссертация қорғаған.

1993-1996 жылы Атырау уни­верситеті Ақтау филиалының ректоры, 1996-2001 жылдары Ш.Есенов атындағы Ақтау мемле­кеттік университетінің проректоры, 2002 жылдан Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті «Физика және информатика» кафе­драсының меңгерушісі болып қызмет істеді.

1991 жылы Жапонияның Токио қаласындағы Васеда универ­ситетінде космостық сәулелер физикасының өзекті проблемалары жайында ғылыми баяндама жасады. 1994 жылдан Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі. Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.

Ақылбек Қабиұлы республикаға танымал ғалым-педагог, негізгі еңбектері студент жастарға эконо­микалық тәрбие беруге, оның ішінде тың тақырып – кәсіби-экономикалық бейімдеуге бағыт­талған, Қазақстанда осы ғылыми саланың негізін қалау­шы ғалым болып саналады. А.Қ.Ахметовтың жетекшілігімен бір докторлық, екі кандидаттық диссертация қорғалған.

2009 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Респуб­ликасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары ака­демиясының «Әл-Фараби» алтын медалінің және ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының А.Байтұрсынов атындағы алтын медалінің иегері, Қазақстан білім беру ісінің үздігі. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» (2010), Маңғыстау облысы әкімінің «Жыл адамы» атағының («Жыл ғалымы» аталымы бойынша, 2009) иегері.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назар­баевтың Алғыс хатымен, Білім және ғылым министрлігінің, «Нұр Отан» ХДП Орталық саяси кеңесінің, Маң­ғыстау облысы Әкімінің Құрмет гра­мо­­таларымен марапатталған.

«Кванттық механикаға кіріс­пе», «Статистикалық физика және тер­мо­динамика», «Жалпы физика курсы» (3 томдық, профессор Г.Б.Поме­ранцевпен бірігіп жазған) сияқты республикаға белгілі оқу­лық­­тардың, 3 монографияның, 110-ден астам ғылыми мақалалар мен әдісте­мелік нұсқаулардың авторы.

Адам егде тартып, ақсақалдыққа бағыт алған сайын ой тереңіне сүңгіп, өткен кезеңнің сан тарау жолдарын, өмір сапарының сәттілігі мен сабақтарын пайымдауға бейім. Әулет пен отбасы, ұжым мен орта, еңбек пен қызмет барысындағы жеңістері мен шегіністерінен, артына қалдырған өнегелі істері мен өкінішті сәттерінен ұрпағы сабақ алса екен деген ниет әрбір қазына кеудеде орын алары хақ. Жеке үзінділері орайы келген әңгіме үстінде айтылып, есті естеліктің арқауы болатын, тұтас ғұмырдың маңызды оқиғаларын, өміріңде із қалдырған ғазиз жандардың өнегелі істерін, тіршілікте көргендерінен түйген ордалы ойларды жинақтап, көлемді еңбек жазу – ғибратты іс.

Естелік – қазаққа жат дүние емес, қайта ертеден келе жатқан ата-бабаларымыздың тарихтан тарқатып шежіре түзуі, өткен-кеткен оқиғалардан аңыз өріп, әсерлі әңгімелер қалдыруы, елге елеулі тұлғалардың өмір жолын дәріптеуден бастап, әулетінің атақты адамдарының өнегелі істерін ұрпағының құлағына сіңіріп отыруы – жақсы дәстүрлер үзілмей, ұрпақтар арасындағы сабақтастық жалғасып жатсын деген игі тілектен туған әрекет екені даусыз. Бұрын ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жалғасып келген осы дәстүрдің қазір сұйылып бара жатқаны жасырын емес. Қазақы ортадағы шешендік пен шежіре соғатын әңгімешілдік дәстүр ұмытыла бастады, адамдар жиналған жердегі әңгіме көбінесе тұрмыстың ұсақ-түйектері мен саясаттың бүгінгі сипатын талқылауға, әр жерден естіген өсек-аяңды әңгімелеуге ұласып жатады. Осындайда аға ұрпақтың өнегесін баяндайтын естелік еңбектердің маңызын түсінесің.

Мемуар – ұрпағыңа өміріңнің елеулі кезеңдері мен жарқын сәттері, көргендерің мен көңілге түйгендерің, дәуірдің айтулы оқиғаларының ғұмырыңа қал­дырған іздері туралы тартымды әңгімелеудің ұтымды құралы. Ол – өткен өміріңе талдау жасап, тіршіліктің тылсым сырларын пайым­даудың жолы. Жеке адамның өмірі туралы болғанмен, ол өн бойына дәуірдің рухын, адамдардың адамгершілік және эстетикалық таным-түйсіктерін, соларға деген автордың көзқарасын жинақтайды. Онда замана ағымы, дәуір тынысы, замандастардың дүниетанымы мен ел-жұртыңның мәдениеті – баршасы тоғысып жатады. Әрбір елеулі тұлғаның өмірлік тәжірибесі жас ұрпақ үшін өнеге болмақ.

Естелік – деректі әдеби жанр, сыршыл проза. Ол – автор­дың атынан баяндалып, соның субъ­ек­­тивті көзқарасын білді­ретін, өмірбаяндық деректерін қамти­тын тарихи-ғұмырнамалық еңбек. Қарапайым тілмен айтсақ, ғұмыр­нама­лық баян – жеке тұлғаның өмір факілерін, оқиғалар мен адамдарды субъективті бағалауы тұрғысынан баяндайтын, өзі өмір сүрген кезеңнің тарихи келбетін жаңғырта отырып, өзінің өмір жолы туралы сыр шертетін әдеби-публицистикалық шығарма. Ақылбек ағамыздың ұсынып отырған ғұмырнамалық баянын оқи отырып, мұндай еңбектің қажеттігіне тағы бір көз жеткізгендей болдық.

Мен Ахметов Ақылбек Қаби­ұлын көптен бері білемін десем болады. Тоқсаныншы жылдардың ортасында Атырау мемлекеттік педагогика институтының Ақтау филиалына қызметке тұрған кезімде Ақаң осы оқу орнының басшысы болатын. Сол жылдары жаңа білім ордасын аяғына тұрғызу жолында ол кісінің атқарған жұмыстарынан хабардар болдық.

Кейін Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті Педагогика институтында директор болған кезінде Ақаңмен жақсы араласып кеттік. Содан бері байланысымыз үзілмей, ағалы-інілі болып хабарласып тұрамыз. Әсіресе, осы институттың құрамындағы «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі болған жылдарымда мен талай рет Ақылбек Қабиұлының білімділігінің, іскерлігінің, педагогтік шеберлігі мен ұйым­дастырушылық қабілетінің куәсі болдым. Ол кісінің жаратылыс­тану ғылымдары мен педагогика саласынан терең білімділігінің үстіне, жалпы интеллектуалдық ой өрісінің кеңдігі, рухани саладан да жан-жақты хабардарлығы таңқалдыратын. Кім-кіммен де бөтенсімей тез араласып кететін тіл табысқыштығы, өзгенің жағдайын түсініп, қолдан келгеншекөмек қолын созуға тырысатын елге­зектігі, қандай мәселеде болса да тереңінен үңіліп, себеп-салдарын саралай қарастыратын аналитикалық қабілеті, қазақ-орыс тілдеріне бірдей жүйрік сауат­тылығы мен көркем әдебиетке құмарлығы, қолға алған ісінің нәтижесін шығарғанша өзі де тынным таппайтын, өзгеге де талап қойғыш еңбекқор-ізденгіштігі мен талапшылдығы – ұжымдағы тұлғаға деген сыйластық атмосфераның мәйегі болса, сонымен қатар, әсіре­се жастар үшін үлкен тәрбие мек­тебі болатын. Сондықтан басшы ретінде де, әріптес азамат ретінде де Ақаңнан біздің үйренгеніміз көп болды.

Өз өмірі жайлы естелік еңбек жазу туралы ойы бар екенін Ақаң­­ның осыдан он шақты жыл бұрын айтқаны бар. «Өткен өмір жо­лымдағы көрген­дерімді пайымдап, өзім мен ата-аналарымыздың өмірі жайында, заманым мен замандастарымның игі істері туралы кітап жазсам ба деп ойланып жүрмін», – деген еді бірде. Міне, сол кітабы енді ғана қолымызға тиіп отыр. Бұл автордың естелік жазу мәселесін көп ойланып-толғанып барып қолға алғанын, әбден қажеттігіне көзі жеткеннен кейін барып шығарғанын көрсетсе керек.

Ақаңның өмір жолын қарап отырсақ, адам – заманының пер­зенті, өз тағдырының қожасы деген тәмсілге тағы бір ден қоямыз. Әр әулеттің тарихы – халқымыз жүріп өткен кезеңдердің бөлшегі, сонымен қатар әр отбасының өз тағдыр-талайы бар. Соғыстан кейінгі ауыржылдары қиырдағы қазақ аулында дүниеге келіп, барша халық секілді тұрмыстың ауыртпалығын иығымен көтеріскен отбасында тәрбиеленген, зерек­тігімен, табандылығымен, еңбекқор­лығымен білім алып, еңбек етіп, ғылымда жоғары жетістіктерге жет­кен азаматтың айтары да аз бол­­маса керек. Әр кезде жазылған есте­ліктерден құралған жинақ емес, хронологиялық тәртіппен жүйелі баяндалған жинақы біртұтас еңбек жатық тілмен жазылған, оқиғалар мен кейіпкерлерге автордың қаты­насы шынайы әрі толғамды ойларымен әдіптеліп отырады.

«Өмір жылдарымен ғана емес, әсерлердің толықтығымен, тағы­лым­дардың көптігімен өлшенеді», – деген екен бір ғұлама. Сол айт­қандай, автор көрген-білген­дерін түгел тізе бермей, ерекше есте қалған жандар туралы, өмір­баянның ұрымтал тұстарын саралап, ғибратты ойлар түйген. Ата-ана мен тумаластар, нағашы жұрт жайлы жазбалары ерекше сағынышқа толы, балалық және жастық шақты бірге өткізген достар ортасы, ғылым жолында табысқан аяулы жандар, олардың көмегі мен тілеулестігі кім-кімге де ой салғандай. Әсіре­се, автордың ұстаздары жайлы естеліктері ерекше тебіреніспен баяндалған. Мектепте алғаш сауатын ашқан мұғалімдерінен бастап, университетте оқытқан ұстаздарын, кейінгі еңбек жолында білгенін үйретіп, ғылымға баулыған ардақты есімдерді ерекше жылылықпен есіне алып, қадір тұтуы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Әркім-ақ ұстаздарын осылай ұлықтап жүрсе екен дейсің!

Ақылбек Қабиұлының елге сіңірген еңбегі көпшілікке аян. Жарты ғасырдың үстінде ұстаз­дықпен айналысып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген педагог, ядролық физика секілді іргелі ғылымды игеруші ұлттық кадрлар­дың алдыңғы шебінде болған, кейін педагогика саласында ғылыми-зерттеулер жүргізіп, педагог мамандар даярлауға үлес қосқан ғалым, зерттеулерінің нәтижесіне сүйеніп қазақ тілінде бұрын болмаған бірнеше монографиялар мен оқу құралдарын жазған автор ретінде еліміздің ғылымы мен жоғары білімін дамытуға атсалысып келеді.

Бұл еңбектің бір ерекшелігі – біздіңше, автордың өз өмірбаянын боямасыз баяндай отырып, өмір құбылыстарын ұстаз-ғалымның көзімен пайымдауы дер едік. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, ұстаздыққа жүр­ек қалауы­мен келген адам ғана осы бір қасиетті мамандықты өмір бойы абыроймен алып жүреді. Автордың: «Ұстаздық – біріншіден, өзімнің кәсіби міндетім, адамдық парызым болса, екіншіден, өзімнің ұстаздарымның қалдырған өнегесі, маған «сен де осы үлгіні келесі ұрпаққа жалғастыр» деп аманаттап кеткен солардың алдындағы қарызым деп білемін», – деген лебізінде үлкен сыр жатқандай.

Атырау мен Маңғыстау өңірінің тел перзенті, физика мен педагогика ғылымында өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті ғалым, Маңғыстау облысында жоғары білім саласын ұйымдастырушылардың бірі, ғылым докторы, профессор Ақылбек Қабиұлы Ахметовтің бұл кітабы замандастары үшін жадыдағы жылдардың жаңғырығы болса, жас  ұрпақ үшін өнегесі мол ұстаздың ұлағаты, ғалымның ғибраты дерлік еңбек болары анық.

Әділет ҚАБЫЛОВ,

филология ғылымдарының

кандидаты,

Yessenov University профессоры

3221 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы