• Ғылыми негіз
  • 29 Сәуір, 2021

Егінжайдан леп есті

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

 

Оңтүстік өңірдің диқандары егіс даласын еңбек күйіне бөлеуде. Осы аптаның басындағы деректерге сәйкес Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында егін егу алдындағы дайындық жұмыста­рымен қатар кейбір дақылдарды егу науқаны басталып та кетті. Атап айтқанда, аймақта 220 мың гектарға жуық дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 30 мың гектар көкөніс, 11 мың гектардан астам жерге картоп, 15,4 мың гектарға бақша дақылдары егілді.  Астық себетін солтүстік облыстарда негізгі науқан мамыр айының ортасында басталады. Егіс науқанын жүргізетін ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы 141,7 мың трактор, 4,3 мың жоғары өнімді егін егу кешені, 73,2 мың тұқым сепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құрылғылары диқандар қажетін толықтай өтеуге жеткілікті.

Ел тілегі – егін үстінде. Өйткені, нақты өндіріс өсімін пандемия індеті іркіп отырғандықтан, биылғы жылдың біраз жүгі аграршылар мойнына түсетін түрі бар. Осыған орай тұқым қоры мен құрал-сайманды дайындау ұдайы бақылауда болып, жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта барлық техника егін егу науқанына толықтай дайын. Биылғы көктемгі-дала жұмыстарына 380 мың тонна арзандатылған дизель отынын жеткізу бойынша кесте жасалды. Үстіміздегі сәуірде мұнай өңдеу зауыттары дизель отынының орташа нарықтық бағасын тоннасына 174 мың теңге немесе литріне 144 теңге етіп белгіледі. Операторлардың шығындарын қосқанда фермерлер үшін республика бойынша орташа баға литріне 165 теңгені құрады, бұл нарықтық бағадан 10 пайызға арзанға түсті. Осының арқасында бүгінгі күнге дейін 2,4 млн тонна тұқым себілді, бұл тиісті мерзім жоспарының 100,4 пайызын құрайды. Сондай-ақ фермерлерге 136,2 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді. Субсидия беруге өтінім жинау жалғасуда. Алдағы маусымда фермерлерді қаржыландыру үшін арнайы бағдарламалар қарастырылған, мәселен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінді, аграрлық кешен субъектілері үшін сыйақы мөлшерлемелері бекітілді. Айталық, шар­уалар банк кепілдігімен тікелей несие алған жағдайда жылдық сыйақы мөлшері 1,5 пайыз шамасында болса,  агрокешен субъектілері несие серіктестіктерінен, мемлекеттің толық қатысуымен өңірлік инвестициялық  орталықтардан, микроқаржы ұйымдарынан несие алғанда  жылдық сыйақы мөлшері 5 пайыздан аспайды. Ал, екінші деңгейлі банктерден алған несиенің жылдық сыйақы мөлшері 5 пайыз шамасында. Сондай-ақ шағын және орта фермерлерді қолдау үшін «Азық-түлік корпорациясы» ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырмақ. Жоспарланған сатып алу сомасы 45,3 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыру үшін агроөнеркәсіп кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеп жатыр. Онда бірқатар әлеуметтік-экономикалық міндеттер қарастырылған. Мәселен, ауыл тұрғындарының кірісін ұдайы арттыру,  70 мың отбасылық шаруашылық құру,  ауыл шаруашылығы саласында 500 мыңдай адамды жұмыспен қамту, 350 мың фермерлік және үй шаруашылығын тарта отырып, 7 экожүйе құру көзделген.  Осы міндеттерді орындау үшін ауылда жаңа инвестициялық  жобалар іске асырылып, олар тұрақты жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жылда еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, сондай-ақ қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету үшін салаға 4,5 трлн теңгеден астам қаржы тарту жос­парлануда. Атап айтқанда, 5 жылда 4,5 трлн теңгеге 845 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ауылды қолдаудың қосымша шарасы ретінде алдағы 5 жылда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 250 млрд теңгенің 50 мың шағын несиесін беру көзделген. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін етті мал шаруашылығын дамытатын 2500 шаруашылыққа 175 млрд теңге жеңілдетілген несие беріледі. Қой шаруашылығында «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам шаруашылыққа 117,2 млрд теңгенің несиесін беру жоспарлануда. «Кең дала» бағдарламасы бойынша жыл сайын көктемгі егін егу және күздегі жиын-терін жұмыстарына 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінбек.  Ауылдағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды өркендету, елді мекендерде тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында нақты шаралар қабылдануда. Тұрғын үй салудың жаңа тетігі енгізіліп, онда ауыл қызметкерлері үшін үй салған жұмыс беруші шығындарының 50 пайызы субсидияланады. Бұл ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Жуырда құрылған Жер комиссиясы да осынау іргелі істен шет қалмай, саланы дамытуға оң ықпал ететін бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерін ұзарту құқығымен 49 жылға дейін ұзақ мерзімді жалға алу мүмкіндігі, жер кадас­тры деректеріне қолжетімділік, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қосалқы жалға беруге тыйым салу,  жайылымдық жерлердің жүктемесі туралы өзекті мәліметтерді алу үшін космомониторинг қызметінің және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің жұмысын   қамтамасыз ету ілгері басуға кедергі келтіріп келген көптеген бюрократиялық бөгесіндерді жоюға мүмкіндік береді.  Ал, жергілікті халыққа орман қоры жерлерін 10 жыл және одан да көп уақыт мал жаю және жем-шөп дайындау үшін пайдалану мүмкіндігін беру, сондай-ақ ауылдық елді мекеннің айналасындағы өрісті халық үшін қоғамдық жайылымдарға енгізу мәселелерінің шешімін табуы көптен бері қордаланын қалған түйіндерді тарқатары сөзсіз.

348 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы