• Өндіріс өрісі
  • 29 Сәуір, 2021

Алюминий алыбының жаңа белесі

ҚЭЗ «қанатты металдың» үш миллионыншы тоннасын шығарды

Қазақстан электролиз зауыты халықаралық стандарттардың барлық талаптарына сай келетін отандық алюминийді 13 жылдан бері өндіріп келеді. Жуырда зауыт «қанатты» металды шығара бастаған кезеңнен бері бастапқы алюминийдің мерейлі үш миллионыншы тоннасын өндірді.

 

Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы бірегей зауытта алюминий өндірісінің бүкіл технологиялық тізбегі ресурстарды үнемдеудің жоғары деңгейіне, өнімнің талап етілетін сапасына және экологиялық қауіпсіздік стандарттарына сай болуға мүмкіндік беретін ең жаңа технологиялық шешімдерді қолдану арқылы салынған. Қазақстан электролиз зауыты әлемдегі алюминий өндірісі бойынша ең аз шығынды инновациялық кәсіпорындардың бірі болып табылады. Зауыт ең жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беретін жетекші әлемдік өндіруші фирмалардың заманауи құралдарымен жабдықталған. Сонымен қатар шаруашылық-тұрмыстық, өнеркәсіптік ағын­дарды биологиялық тазарту станциялары, өндірістік және нөсерлі ағын суларды жинақтағыш тоған, қалдықтарды уақытша орналастыру алаңы және басқа да нысандар қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмайды.

Зауыттың бірінші кезеңін іске қосқан 2007 жылдың аяғында металлургтер 11 мың тонна бастапқы алюминий шығарған. 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өндірістің екінші кезеңін іске қосқан кезде, кәсіпорын өзінің 250 мың тонна жобалық қуатына шық­қан. Жыл сайын көрсеткіштері жоғарылап келе жатқан ҚЭЗ 2020 жылғы қорытынды бойынша 265 мың тоннадан астам «қанатты» металды шығаруға қауқарлы екендігін көрсетті. Өндіріс ошағында шыға­рылған алюминийдің сапасы көп­теген тұтынушының көңілі­нен шығып, нарықта зор беделге ие болды. Соңғы жылы қазақстандық нарықта сатылым көлемінің өсуі байқалады – жалпы сатылымның 20 пайызына тең. Өнімнің негізгі бөлігі Еуропа мен көрші елдерге экспортталады. Қазақстан­дағы алғашқы және жалғыз жоғары таңбалы бастапқы алюминий өндіруші кәсіпорынның өткізу нарықтары өз елімізбен қатар, Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан секілді елдерді қамтиды.

Қызықтысы, егер ҚЭЗ-да өн­ді­рілген алюминий бар барлық па­кеттерді бір қатарға қойса, онда бұл «тізбек» еуропаның үш елі – Германия, Франция және Испания астаналарын байланыстыратын жолдың ұзындығына теңеседі екен. Сондай-ақ үш миллион тонна алюминийден 100 мыңнан астам ең танымал «Боинг-737» жолаушылар ұшағының құрылымдарын жасауға болады.

– Біздің кәсіпорын үшін мұн­дай нәтижелерді қорытындылау – жақсы дәстүр. Бұл – тек сандық көрсеткіш емес, металлургтердің кәсібилігінің және олардың өз жұ­мысына деген адалдығының жемісі. Қол жеткізген үш миллион тонна – біздің мығым командалық жұмы­сымыздың тиімділігінің де бір көрсеткіші, – деді «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ прези­денті Серік Дөңбекбаев. – Бірлігі жарасқан біртұтас команда болып жұмыс істей отыра, біз өз мақсатымызға қарай күн сайын нық сеніммен қадам басып келеміз және тұрақтылығымызды нығайтамыз. Әрбір жұмысшысы сүбелі үлес қосқан зауыт әлемдегі осындай екі жүз алюминий алып­тарының ішіндегі ең үздік ондық­тың қатарына кірді.

Металлургтерді осы толайым табыстарымен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов құттықтап, компанияның тың технологияларды кеңінен қолданумен, кадрлық потенциалды дұрыс пайдаланумен үнемі ілгерілеп келе жатқанын, алда алюминий өнеркәсібін дамытуға қатысты ауқымды жоспарлар бар екендігін атап өтті.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

404 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы