• Кәсіпкерлік
  • 29 Сәуір, 2021

Теңіз бар жерде – тәжірибе бар

Сыр өңірінде балық саласын дамытуға әлеует жоғары. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің аймаққа жұмыс сапары барысында өткен жиында сала кәсіпкерлері арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында балық өсіру көлемін арттыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланса, оның 16 мың тоннасы Қызылорда облысына тиесілі болады. Өңірдегі қуаты жылына 70 мың тоннаға жететін 11 балықты қайта өндіру зауыты балық өнеркәсібін дамытуға және өндіріс көлемін екі есе арттыруға қабілетті.

 

 

– Президент халыққа Жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру жөнінде атап өткен болатын. Осы орайда Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігімен және балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен бірлесе отырып, саланы дамытудың өңірлік бағ­дарламасын алғашқы болып бекіттік, – деді аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова.

Табиғи-климаттық факторларды, Арал теңізінің көлемін ескерумен, өңір жылына 25 мың тонна балық өсіре алады. Тауарлы балық өсіру көлемін көбейтуге мүмкіндік беретін қолайлы су айдындары жеткілікті. Облыс аумағында Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені және жергілікті маңызды 207 көл бар. Балық қорын сақтау және оларды жасанды жолмен молайту мақсатында Қамыстыбас балық питомнигінде жыл сайын 15 млн дана балық шабақтары өсіріліп, көлдерге, Кіші Арал теңізіне жіберілуде. Бағдарламаны жүзеге асыруға 29 млрд теңге қаржы тартылады. Осылайша, 2030 жылға қарай облыстың балық экспортын 2 есеге, тауарлы балық өндіру көлемін 111 есеге арттырып, 500-ден астам жаңа жұмыс орындарын құру көзделуде. Нәтижесінде, облыста 16 шарбақтық балық өсіру шаруашылықтары, 12 тауарлы балық өсіретін тоған шаруашылықтары құрылып, 3 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары іске қосы­латын болса, көл-тауарлы су айдын­дарының саны 55-ке жеткізіледі. Балық шаруашылығы саласында 6 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба іске асырыла бастайды. Осы жобалардың ішінде жалпы құны 900 млн теңгеге жылдық қуаттылығы 7 мың тоннаны құрайтын жаңадан 3 балық өңдеу зауыттары салынып, балықты терең өңдеу кешені кеңейтіледі. Өңірлік бағдарламаға сәйкес облыс бойынша өсірілетін 16 мың тонна балықтың 5950 тоннасы (37%) Қамыстыбас көлінің үлесіне тимек.

Теңізді мекендегі «Арал СДО» ЖШС алдағы уақытта балық өңдеу цехын кеңейтіп, тауарлы балық көлемін арттырмақ. Шаруашылық басшысы Ә.Аимбетов – Кіші Арал теңізінде 5 учаскенің табиғат пайдаланушысы. 1854 тонна балық аулау лимиті бекітілген. 20 адамды тұрақты және 100 адамды маусымдық негізде жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар Арал ауданында тауарлы балықты өсіру мен өңдеу кешенін кеңейту жобасын қолға алып, балықты өңдеу цехын кеңейтіп, көксерке балық шаруашылығы мен тоғандық шаруашылықты дамытуды жоспарлап отыр.

Ал жылына 2000 тонна балық өнімдерін шығаратын жеке кәсіпкер Т.Игіліков биыл 5-6 млн шабақ өсірмек. Өткен жылы Түркістан облысының тауарлы балық өсіру жұмыстарымен танысып қайтқан балықшылар, әріптестерінің балық өсірудегі оң тәжірибесіне қызығушылық танытып, оны өз істеріне енгізуге дайын отыр.

Осы салада еңбек етіп жүр­ген­дер қабылданған балық шар­уашылығын дамыту бағдар­ламасы көп көмегін тигізетініне сенеді. Сәйкесінше, балық шаруа­шылығы комитеті жергілікті тұрғындарды балық өсірумен айналысуға шақырады. Бүгінгі таңда саланы мемлекеттік қолдау түрлері көбейіп келеді. Тауарлы балық шаруашылығымен айналысу барлық жағынан тиімді бола түсуде. Ал ең бастысы, бұл кәсіпте теңізді өлкенің жылдар бойы қалыптасқан өз тәжірибесі де мол.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы