• Спорт
  • 06 Мамыр, 2021

Қола жүлдені місе тұттық

Хорватияның Задар қаласындағы «Крешимир Чосич» аренасында футзалдан УЕФА-2020/21 жылғы маусымаралық үздік сегіз командасының қатысуымен Чемпиондар лигасының финалдық кезеңі өтті.

Бұл турнирде екі мәрте УЕФА Чемпиондар Лигасын ұтқан Алматының «Қайрат» клубы да бақ сынады. Бұдан басқа беделді жарысты үш рет бағындырған «Барселона» (Испания), бес мәрте топжарған испандық «Интер» сынды азулы, тәжірибесі мол командалар қатысты. Осы турнир­де бір мәртеден топ жарған Пор­тугалияның «Спортинг» және «Бен-фика», Ресейдің «Газ­пром-Югра», турнирге екінші мәрте қатысып жатқан КПРФ (Ресей) пен – «Добовец» (Слове­ния) ко­мандалары да бақ сынады.

Турнирдің жеребесі бойынша «Қайрат» ширек финалда Порту­галияның «Бенфика» ко­ман­дасымен кездесті. Бірін­ші тайм­ның 16-минутында алматы­лық клуб сапынан Гадейя есеп ашты. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созыл­мады. «Бенфика» сапынан Жезуш Афонсу есепті теңестірді.

Екінші кезеңнің  30-минутында Эдсон «Бенфика» қақпасын дәл көздеді. Есеп 2:1 «Қайраттың» пай­дасында болатын.Ойын аяқ­та­луға санаулы минут қалғанда Тьягу Бриту қақпамыздың осал тұсын тапты. Осылайша негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталлы. Дегенменде жеңімпаз анықтау үшін 5 минуттық екі қосымша уақыт белгіленді. Овертаймның бірінші кезеңнің аяғына қарай Дәурен Тұрсағұлов әдемі голды қарсылас қақпасына тоғытты. Ал екінші овертайм нағыз драмаға толы болды. Себебі бұл кезеңде «Бенфика» ойыншылары өрескел қателіктерді көптеп жіберумен көзге түсті. Алдымен «Қайрат» сапынан Гадейя дабл пенальтиді сәтті орындады. Араға үш минут салып алматылық клуб сапынан Фернандиньо қақпаны дәл көздеді. Матчтың соңғы минутында Біржан Оразов үш бірдей «Бенфика» ой­ын­шысын қапы қалдырып әдемі голды қақпаға енгізді. Есеп 6:2. «Қайраттың» пайдасына шешілді. Азулы қарсыласты қапыда қал­дырғаннан соң алматылық клуб  жартылай финалға шықты.

Жартылай финалда «Қайрат» Испанияның каталондық «Бар­селонамен» кез­де­сетіні белгілі болды. Себебі «Барсе­лона» ширек финалда сло­ве­ниялық «Добовец» клубын екі доп айырмашылығымен ұтты. Ка­та­­лондықтардың сапынан Фер­рао мен Айкардо ерекше көзге түсті.

Ал ширек финалда өзге ойын­дарға көз тіксек, атақты «Интер» командасы «Юрганы» 3:0 есебімен тізе бүктірді. Ал португалдық «Спортинг» ресейлік КПРФ 3:2 есебімен айласын асырды.

Жартылай финалдағы «Қайрат» пен «Барселона» арасындағы кездесу тартысқа толы болды. Қорытынды есеп 2:3. Алматылық «Қайраттан» қарсыластар қақпа­сына Диего Фаверо мен Фернан­диньо гол салды. Ал испандық «Барселонадан» Феррао хет-трик жасады. Осылайша алматылық «Қайрат» танымал клубтан алғаш рет жеңілді. Айта кету керек, УЕФА Чемпиондар лигасының финалдық кезеңінде екі команда үш мәрте кездесіп, үшеуінде де жерлестеріміз басым түскен. «Қай­­рат» клубы 2013 және 2015 жылғы жартылай финалда «Бар­селона» командасын жеңіп екі рет финалға шыққан еді. Ал, 2015 жылы Португалияда өткен турнирдің финалында «Қайрат» «Барселонаны» 3:2 есебімен ұтып, УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп алған болатын. Ал, төртінші кездесуде «Барселона» жеңіске жетті.

Осылайша, жартылай финалда сүрінген «Қайрат» биылғы УЕФА-2020/21 жылғы маусымаралық Чемпиондар Лигасының қола жүлдесін еншіледі.

Бұдан бөлек жартылай финал­да «Спортинг» мен «Интер ара­сын­дағы матч 5:2 есебімен порту­галдықтардың  пайдасына шешілді.

Шешуші матчта «Барсе­ло­на» мен «Спортинг» команда­ла­ры жо­лықты. Барселонадағы «Палау Блауграна» аренасында өткен мачта қос Пиреней түбе­гінің команда арасындағы матч тартысты деңгейде өрбіді. Біреуі Испанияның Барселона, екіншісі Португалияның Лиссабон қала­сының футзалшылары арасында­ғы матчта күтпеген нәтиже орын алды. «Барселона» өз алаңында «Спортингке» 3:4 есебімен жол берді. Осылайша, футзалдан биылғы УЕФА Чемпиондар Ли­гасының 2020/2021 жылғы мау­сымаралық дүбірлі бәсекеде лис­сабондықтар кубокты басына көтерді.

Нұрлан ҚҰМАР

191 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы