• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 19 Мамыр, 2021

Эпидахуал біртіндеп тұрақталып келеді

Үкіметтің кезекті отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Сондай-ақ жылыту маусымының қорытындылары баяндалып, алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық та назардан тыс қалмады. Премьер-министр Асқар Мамин жоспарланған жұмыстардың орындалу барысы үнемі бақылауда болуы тиістігін ескертті.

Денсаулық сақтау министрі А.Цой әлемде COVID-19 бойынша сырқаттанушылық пен өлім жағдайы әлі де күрделі екенін мәлімдеді. Қазақстан сырқаттанушылық бойынша 105-ші, ал өлім-жітім жөнінен 106-шы орынды көрсетіп тұр. Елімізде 18 мамырдағы жағдай бойынша CОVID-19 оң нәтижесімен 362 030 науқас және КВИ- жағдайымен 54 153 жағдай тіркелді. Қазіргі сәтте қызыл аймақта 8 өңір: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Қарағанды,  Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстары бар. Ауру төмендеуінің оң динамикасы және эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақта­нуы байқалады. Атап айтқанда, соңғы 2 аптада алдыңғы 2 аптамен салыстырғанда ауруды жұқтыру 20%-ға төмендеді. Қазір инфекциялық төсек-орындар 36% толған, реанимациялық төсек-орындардың толуы – 28%. 10 мамырдағы жағдай бойынша емделіп жатқан 41 мың науқас санының 18 мамырдағы жағдай бойынша 38 мың адамға дейін азаюы байқалады, оның ішінде стационарда емделіп жатқан науқастар саны 15 мыңнан 13 800 науқасқа дейін, амбулаториялық емделуде 26 мыңнан 24 300 науқасқа дейін азайды. Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасуда. Вакцинаның 2,6 млн дозасы пайдаланылып, оның бірінші компоненті бойынша 1 871 823 адам егілді, екінші компонентімен 778 346 адам қамтылған. Азаматтар екінші дозаны бірінші дозаны алғаннан кейін 21 күннен бастап ала алады. Егу пункттерінде вакцина мөлшері жеткілікті. Қарағанды фармацевтика кешеніне Спутник V өндіруге арналған субстанция келіп түсті, қазіргі уақытта вакцинаның 1 млн 200 мың дозасын кезең-кезеңмен өндіру жүзеге асырылуда. Сондай-ақ осы айдың соңына дейін QazVac қазақстандық вакцинасы мен БАӘ-де өндірілген Хаят Вак вакцинасын жеткізу күтілуде. 
Санитарлық-эпидемио­логиялық режим талаптарының сақталуы бойынша жағдай да Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Кәсіпкерлік объектілерінің қызметі мен эпидемиологиялық жағдай арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында 18 қаңтардан бастап пилоттық режимде «Ashyq» жобасы іске қосылды, ол 26 сәуірден бастап бүкіл елде қолданыла бастады. «Ashyq» жүйесі барлық қызмет саласындағы 6 мыңға жуық нысанды қамтиды, 1 млн 400 мың пайдаланушы тіркелген. Сонымен қатар «Ashyq» қосымшасы енгізілген сәттен бас­тап қызыл және сары мәртебесі бар 3 256 келуші анықталды, оның ішінде 1 867 ПТР тестінің оң нәтижесі бар науқастар және 1 389 ауруды жұқтырғандармен байланыста болған адамдар. 12 мамырдан бастап пилоттық режимде Нұр-Сұлтан қаласының және 21 мамырдан бастап Алматы қаласының әуежайларында «Ashyq» қосымшасы пайдаланылуда, бұл ПТР тестінің оң нәтижесі бар 37 науқасты және ауруды жұқтырғандармен байланыста болған 37 адамды анықтауға мүмкіндік берді. Бұл статистика көрсеткендей, өкінішке орай, кейбір азаматтар үйде оқшаулау режимін сақтамайды, халық көп жиналатын нысандарға баруға, ел ішінде жол жүруге тырысады, осылайша  басқа келушілер мен ұшақтағы жолаушылар үшін ауруды жұқтыру қаупін тудырады. 
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне вакциналау арасындағы аралықты нақты анықтап, халықтың сұраулары мен қалауына назар аударуды тапсырды. «Өңірлерде вакциналауды арттыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Әкімдер мәселені ерекше бақылауда ұстасын. Адамдарға вакцинаны таңдау құқығы және тиісті ақпарат берілуі тиіс», – деді А. Мамин.
Премьер-министр шектеу шараларының сақталуын бақылайтын мониторингтік топтардың жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өтті. «Ashyq» қосымшасын пайдалану оң нәтижесін беріп отыр. Соның арқасында қызметтер көрсету саласындағы бизнестің жұмыс істеу мүмкіндігі жақсарды, оларға келуші адамдардың қауіпсіздігі артты. Қосымшаны пайдалану салаларын одан әрі де кеңейту қажет», – деді А. Мамин.
Жиында жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы туралы баяндаған энергетика министрі Н. Ноғаевтың айтуынша, жылыту маусымы тұрақты режимде өтті. Қысқы ең жоғарғы электр энергиясын өндіру жүктемесі 2020 жылғы 28 желтоқсанда тіркеліп, 15 822 МВт құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 4%-ға артық. Өткен жылыту маусымында электр станцияларында электр энергия­сын өндіруді нөл МВт-қа дейін төмендеткен 36 тоқтату болды, бұл өткен жылғы жылыту маусымымен салыстырғанда 14%-ға аз. Энергетика министрі соңғы жылдары табиғат құбылыстарының (яғни, қатты жел, көктайғақ және қатты атмосфералық жауын-шашын) салдарынан Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің электр беру желілері темірбетон тіректерінің зақымдану жағдайлары жиілеп кеткенін айтты. Осыған байланысты тиісті органдар электр желілерінің тіректері мен олардың конструкция­лық элементтерінің сапасына қойылатын қолданыстағы стандарттар мен басқа да нормалардың талаптарын қайта қарағаны жөн. Жылыту маусымында жылумен жабдықтау кәсіпорындарының жергілікті атқарушы органдар бекіткен жылу желілері жұмысының температуралық кестесін сақтамауына қатысты 44 жағдай тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға аз. Кестені сақтамаудың негізгі себебі – жабдықты пайдаланудағы кемшіліктер. Жылыту маусымын өткізу кезіндегі проблемалық мәселе – отын үшін елеулі кредиторлық берешек көлемі. Электр энергиясын өндіру және беру бойынша көрсетілетін қызметтерді жеткізушілер алдындағы осы берешектер энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың жөндеу жұмыстарын уақытылы орындауына теріс әсер етеді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қызметтер үшін берешекті өтеу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жандандыруы қажет. Тұтынушылардың топтары бойынша электр энергиясына арналған тарифтердің саралануына байланысты кепілдік беруші ретінде әрекет ететін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметті жүзеге асыруы процесінде бірқатар мәселелер туындауда. Осындай мәселелердің бірі – кепілдік беретін жеткізушілер мен реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасындағы тариф айырмашылығына байланысты тұтынушы заңды тұлғалардың шағын энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға кетуі.
Үкімет басшысы өңірлер әкімдіктеріне алдағы жылыту маусымына сапалы дайындалуды – 1 маусымға дейін ТКШ, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерін дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді, 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің толық әзірлігін қамтамасыз етуді, 15 қазанға дейін солтүстік және шығыс өңірлердегі ауа-райын ескере отырып, барлық инженерлік инфрақұрылымның, ТКШ, тұрғын үй және денсаулық сақтау саласы объектілерінің толық әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды. Премьер-министр тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін төмендету және энергия өндіруші ұйымдардың отын жеткізушілер алдындағы берешегін өтеу бойынша шаралар қабылдау қажеттігін атап көрсетті. Индустрия министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, халыққа қажетті көмірді, ЖЭО мен қазандықтарға отынды алдын ала қамтамасыз ету жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ ел тұрғындарына көмірді сату мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. «Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әкімдіктермен бірлесіп, көмір бағасын ерекше бақылауға алып, отынның, әсіресе, халық үшін көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдауы қажет», – деді А. Мамин. 

Бетті дайындаған – 
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

529 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы