• Спорт
  • 27 Мамыр, 2021

Қазақ футболының бағы қашан жанады?

Қазақ футболын әлемдік деңгейге қайтсек көтереміз деген сұрақ барлық жанкүйер қауымын алаңдатары анық. Аяқдоп шеберлеріміз жанкүйерлерді қуантып, әлем тамсанатын әдемі ойын-өрнегін қашан көрсетеді? Бұл сұрақ баяғыдан бері көкейкесті мәселеге айналғаны белгілі. Осы сұрақтар жақында аяқталған футболдан Еуро чемпионатының іріктеу турнирі мен Ұлттар Лигасы аясында Қазақстан құрамасының көрсеткен сәтсіз ойындарынан кейін көкейкесті бола бастады. 

Сонымен Тәуелсіздік алғаннан бері 30 жылдың ішінде қазақ футболшылары халықаралық аренада қандай жетістікке жеткендігіне қысқаша тоқталайық. Егеменді Қазақстан мемлекеті ең алғашқы матчын 1992 жылдың жазында Түркіменстанға қарсы ойнады. Нәтижесінде 1:0 есебімен жеңіске жеттік. Осылайша алғашқы матчты жеңіспен бастағанымыздың өзі бір үлкен жетістік деп ауыз толтырып айтуға болады. Ал 1997 жылдың жазында ел құрамасы өз тарихында үлкен жетістікке қол жеткізді. Олай дейтініміз, сырт алаңда Пәкістанмен жолыққан қазақ футболшылары қарсыластың қақпасына жауапсыз 7 голды соғып көзге түсті. Бұл жетістіктердің барлығы ел құрамасы Азия Футбол Конфедерациясы (АФК) болған кезде орын алған еді. Алайда АФК тұсында әлем чемпионаты мен Азия Кубогіне қатыса алмадық. Аталмыш беделді жарысқа қатысу үшін өткізілетін іріктеу турнирлерінде қарсыластарымызға жол бердік. 
2002 жылы УЕФА-ға кіргеніміз­де ендігі кезекте шығыс емес, батыс футболшыларымызбен қатар доп теуіп, мол тәжірибе жинаймыз деп үміттенген едік. Осылайша бұдан 19 жыл бұрын ұзақ жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде ұлттық құрамамыз Азия Футбол Конфедерациясы (АФК) аймағынан шығып, Еуропа Футбол Одағына (УЕФА) мүшелікке өткенде, осы спорт түрі десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйер қауымның қазақ футболының алдынан жаңа көкжиек ашылғандай, қандастарымыз әлемнің ең керемет алаңдарында аты әлемге әйгілі ойыншылармен иық тіресе доп тебетін болды деп қуанғаны есімізде. Алайда, Еуропа мен Азия құрлығының футболын салыстыруға келмейтіні белгілі. Шағын мемлекеттен құралған, христиан дінінің әр тармағын ұстанатын, негізінен роман, славян, неміс тектес этностық топтарға кіретін еуропалықтар доп тебуде шебер екендігін үнемі дәлелдеп келеді. Ал Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған қазақ футболшылары тәжірибесі көп батыс футболшыларымен иық тіресе доп тебе алмайтынын байқатты. Дегенмен, бұған қарап сылтау айтуға келмейді. Өйткені, егемендігін бізбен қатар, тәуелсіздігін яғни 1991 жылы алған Хорватия футболшылары талантты екендігін бірнеше рет дәлелдеді емес пе?! 
Қашанда болмасын іріктеу кезеңдері аясында соңғы орында қалып жүрген қазақ футбол­шы­ларының жағдайы қазір мәз емес. Қазақ футболы неге көгермей жүр? Осы сауалға сараптама жүргізелік. Біріншіден, еліміздің құрамасында қазақ ұлтының футболшылары аз. Дарындылар ауылдан шығады демей ме?! Алайда ауылда өскен қаракөздеріміздің көбісі футболдан гөрі, бокс, күреспен айналысқанды жөн көреді. Екіншіден, барлық олқылық өзімізде болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, қалыптасқан психологиямыз көптеген игі істерге тұсау болуда. Қазақ қонақжай, тойшыл халық. Көп уақытымызды бос отырыстарға өткіземіз. Ал, кез келген спорт үнемі тер төгу керектігін ескерсек, әрдайым бас қосуда отыратын қазақ халқынан қандай спортшы, қандай футболшы шығады?! Бұдан басқа өзіміздің кертартпа қырсықтығымыз, жалқаулығымыз, жасқаншақтық деген қасиеттер де баршылық. Үшіншіден, футбол клуб­тарымызға үнемі шетелдік футболшыларды пәленбай қып-қызыл ақшаға сатып алу сәнге айналды. Осындай қомақты қаржыны жергілікті спортшылармызды баптауға және жағдайы нашар отбасыларға бөлінсе құба-құп болар еді. Төртіншіден, футбол саласында білімділік жетіспейді. Мейлі пиар немесе басқа тұрғыда болсын, насихаттау, тәжірибелі бапкерлерді тарту ісі дұрыс жолға қойылмаған. Дарындыларды байқап, оны спортқа тарту жоқтың қасы. Нарықтық заманда «өзіңді-өзің насихаттамасаң ешкімге керек емессің» деген қағида қоғамымызға еніп алған. Осы жерде қаншама таланттар базарда арба сүйреп, Алматыдағы Сейфуллин көшесінде жұмыс іздеп жүргенін көріп жүрміз. Айта берсек, көптеген себептері жеткілікті. Оны талдап, түген­деп жатудың қажеті шамалы. Ең бастысы, олқылықтарымызды жойып, дарынды жасөспірімдерді футболға көбірек тартсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрлан ҚҰМАР

332 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы