• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 27 Мамыр, 2021

Сапалы іс-қимылмен – серпінді дамуға

Үкімет отырысында күн тәртібіндегі өткір мәселе – елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай баяндалды. Оған қоса Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру барысы қаралды. Премьер-министр, жиын төрағасы Асқар Мамин жауапты органдарға тиімді шаралардың үнемі қолданыста болуын қадағалауды міндеттеді.

Әдеттегідей ДСМ басшысы А.Цой эпиджағдайға кеңінен тоқталып, түсіндірме берді. Айтуынша, елімізде сыр­қаттанушылықтың төмен­деуі байқалады. Мысалы, соңғы аптада КВИ анықталған жағ­дайлардың саны сәуірдің соңы-мамырдың басындағы апталық аурушаңдықпен салыстырғанда 4 мыңға азайған. Ал жалпы, соңғы айда аурушаңдылық 20%-ға төмендеді. Стационардағы науқастарға келсек, 25 мамыр­да­ғы жағдай бойынша өңірлер бөлінісінде инфекциялық төсек-орындарды қамту 33%-ды құрап, ағымдағы мамырдың басы­мен салыстырғанда 8%-ға төмендеді, реанимациялық төсек-орындардың қамтылуы 2%-ға төмендеп, 26% болды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында төсек­тердің толуының оң динамикасы байқалады – мамырдың басымен салыстырғанда төсектердің пайдаланылуының үлес салмағы 60%-дан 47%-ға дейін, Алматы қаласында 57%-дан 35%-ға дейін және Алматы облысында 56%-дан 36%-ға дейін төмендеді. 15 мамырдағы жағдай бойынша емделіп жатқан науқастар санының 38 мыңнан 25 мамырдағы жағдай бойынша 32 мың адамға дейін азаюы байқалады, оның ішінде стационарлық емдеудегі науқастар саны 14 мыңнан 12 мыңға дейін, амбулаториялық емдеудегі науқастар саны 24,5 мыңнан 20 мыңға дейін төмендеді. Сонымен қатар 5 мамырдан бас­тап бір тәулікте сауығып кеткен науқастардың саны бір тәуліктегі науқастардың санынан асып отыр. Қазір вакцинаның шамамен 3 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде 1-компонентпен 2 015 053 адам егілді, бұл вакцина алуға жататын халықтың 20%-ы. Екінші компонентпен 1 млн-ға жуық адам қамтылды. Бүгінгі таңда егу пункттерінде вакцина дозаларының жеткілікті қоры бар: бірінші компонент – шамамен 320 мың және екінші компонент – 650 мың. Спутник V вакцинасының қосымша 1,7 млн дозасы Қарағанды фармкешенінде өндірілген және кестеге сәйкес өңірлерге жеткізілетін болады. Сондай-ақ жаңа мутацияларды анықтау мақсатында республика аумағындағы коронавирус штамдарын генетикалық зерттеу тұрақты негізде жүргізілуде. Өткен сәуірде анықталған үлгілерді зерттеу қорытындысы бойынша үлгілердің 30%-ында британдық штамм айналымы анықталды, республика аумағында үнді штамының айналымы тіркелмеді. Эпидемиологиялық жағдайды және вакцинациямен қамтуды ескере отырып, министрлік эпидемиологиялық жағдайдың болжамын жаңартты. «Мәселен, вакцинациялаудың тиімділігі 60%-дан кем болмайтын пессимис­тік сценарий кезінде алдағы маусым-қыркүйекте тіркелген жағдайлардың саны 95 мыңға жуық адамды құрайды», – деді А.Цой. Екінші реалистік сценарий бойынша вакциналау тиімділігі кемінде 80%-ды құрайтын болса, алдағы маусым-қыркүйекте тіркелген жағдайлардың болжамды саны шамамен 69 мың адам болатын көрінеді. Вакциналаудың тиімділігі 95%-дан кем болмайтын оптимистік сценарийде 2021 жылғы маусым-қыркүйекте тіркелген жағдайлардың саны шамамен 61 мың адамды құрайды. Бұл ретте қандай да бір сценарийдің іске асырылуы азаматтардың вакцинация мәселесіндегі белсенділігіне тікелей байланысты болмақ. 
Премьер-министр халықты вакциналау қарқынын арттыруды, «Ashyq» қосымшасын «Вакцинация» модулімен және «Egov»-тағы вакцинация паспортымен интеграциялау бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды.
Отырыста еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Шапкенов дағдарысқа қарсы шаралар пакеті шеңберінде Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру барысын баяндады. Ол өткен жылы жол картасы шеңберінде құрылыс, реконструкциялау, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша 6,6 мың инфрақұрылымдық жоба іске асырылғанын атап өтті. Барлығы 239 мың адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 120 мың адам жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтудың жол картасы үш ауысымды, апатты мектептердің мәселесін ішінара шешуге, ауыл тұрғындарының білім алуға, денсаулық сақтауға, таза ауыз суға қол жеткізуіне, суармалы, жайылымдық жерлер көлемін ұлғайтуға және ауылдық елді мекендерді газдандыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ жұ­мыссыздықтың 4,9% деңгейінде сақталуына ықпал етті. Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге көзделген. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банктен облигациялық қарыз есебінен 200 млрд теңге бөлінді. Жол картасын төрт бағыт: халықтың өмір сүру сапасын арттыру; шағын және орта бизнес үшін қаржыландыру­дың қолжетімділігін арттыру; агроөнеркәсіптік кешенді дамыту; өңірлерде бизнесті дамыту бойынша іске асыру көздел­ген. Қаржыландыру лимиттері анықталып, өңірлер бойын­ша  жұмыс күшінің үлесіне сәй­кес бөлінді. Қаражат­тың 42,5%-ы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, 33,3%-ы агро­өнеркәсіптік кешенді дамы­туға, 24,2%-ы өңірлерде бизнесті дамытуға және шағын несие беруге бағытталған. Шағын несиелер «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдар­дың қатысуымен құрылған микроқаржы ұйымдары арқылы берілетін болады. Бірінші бағыт бойынша барлығы 136 жоба іске асырылып, 19 мың жұмыс орны, оның ішінде 7,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. 64 жаңа мектептің, 13 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, суару кешенін және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Жобаларды іріктеу кезінде тұрақты жұмыс орындарын құруға және 3 ауысымды және апатты мектептерді азайтуға, денсаулық сақтау нысандарына, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға басты назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Шағын және орта бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру» екінші бағыты бойынша жеңілдетіл­ген шарттармен 6%-ға дейінгі мөлшерлемемен шағын несие беру көзделген.  Жалпы сомасы 22,5 млрд теңгені құрайтын 5,4 мың жобаның алдын ала тізімі әзірленді, оған ет, сүт, азық-түлік өнеркәсібі өнімдерін өндіру және өңдеу, қызмет көрсету және тағы басқа салалардағы бизнес жобалар енді.  Шағын несиелендіру құралын іске асыру тиімділігін арттыру үшін өңірлерде 15 шағын қаржы ұйымы құрылды.  Микрокредит алушылар 10,6 мың қосымша жұмыс орнын құратын болады.  Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыты бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Бәйтерек» холдингі­мен бірлесіп жалпы құны 100 млрд теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба іске асырылады. Соңғы қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі субсидиялау арқылы 6%-дан аспайтын  болады. Жобаларды іріктеуде: жұмыспен қамтуды қолдау және жұмыс орындарын құру;  пысықталуының жоғары деңгейі;  азық-түлік тауарларын импорттаудың қысқаруы критерийлеріне баса назар аударылды. 2,2 мың уақытша және 3,8 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.  Еңбек министрінің айтуынша, бизнесті дамыту шеңберінде өңірлерде бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен кредиттер және қарыз беру, жарғылық капиталға инвестициялау, қаржылай емес қолдау көрсету есебінен шамамен 6 мың жұмыс орны құрылатын болады.  Биыл ЖҚЖК 35,6 мың жұмыс орны, оның ішінде 55%-дан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. 
Үкімет басшысы Жұмыспен қамтудың жол картасының барлық бағыттарын сапалы әрі уақытылы іске асыруды, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етуді, ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыру жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін бағалау критерийлерін әзірлеуді тапсырды.

Бетті дайындаған – 
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

264 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы