- Білім & Ғылым
- 02 Маусым, 2021
Ерекше балаларға – айырықша көзқарас
Әлем елдеріндегі саяси, әлеуметтік-экономикалық қатынастарды түбегейлі өзгерткен пандемия індеті Қазақстанға да салқынын тигізуде. Бұл әсіресе, білім беру саласындағы соңғы үрдістерден айқын байқалуда. Заман ырқына орай орта және жоғары мектепте қашықтан оқыту сынды жаңа тәсілдің қолданылуы педагогикалық ұжымдардан оқу-тәрбие үдерісіне соны көзқарас танытуды талап етуде. Бұл әсіресе, ерекше немесе инклюзивті балаларға білім беруге қатысты.
Тілге тиек етіліп отырған арнайы және инклюзивті білім беру халықаралық және отандық заңнамада нақтыланған. Атап айтқанда, «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында», «БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясында», «Баршаға арналған білім туралы Дүниежүзілік декларацияда», «Мүгедектер үшін мүмкіндіктерді теңестірудің стандартты ережелерінде», «Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға білім беру саласындағы қағидалар, саясат және тәжірибе туралы Саламан декларациясында» қорғансыз жандарға мемлекет пен қоғам тарапынан қол ұшын беру, ынта-ықылас, жәрдем көрсету мәселелері нақтыланған.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуға тең қолжетімділігі «Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңымен кепілдендірілгенін атап өткен жөн. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «балалардың түрлі білім беру және оқыту бағдарламаларына, байыпты білім беру ресурстары мен технологияларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету» жоспарланған.
Осы мақсатқа жету үшін инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесі жылдан-жылға өсуі керек. Республикамызда соңғы жылдары қабылданған «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық коррекциялық қолдау туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңдар мен «Арнайы білім беру ұйымдары типтері қызметінің типтік ережелері» сияқты нормативтік-құқықтық құжаттарда мемлекеттік деңгейде алғаш рет мүмкіндігі шектеулі оқушыларға білім беруді ұйымдастыруға қойылатын талаптар айқындалды, мүгедектерді оқыту құқығына мемлекет тарапынан кепілдік берілді. Осы мақсатқа жету барысында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған мектептердің үлесі жалпы санның 70 пайызын, мектепке дейінгі мекемелердің үлесі 30 пайызды құрауы керек.
Кәсіби оқыту және жұмыспен қамту, білім беру ұйымдарының тұлғаны қалыптастыруы, сондай-ақ білім шарттары мен мазмұнына қойылатын мемлекеттік талаптарды тұжырымдау мәселелерінің шешімін табуы осынау түйткілді саладағы шиеленіскен түйіндерді тарқатуға мүмкіндік береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары айқын көрсетіліп, «отбасы мен балалық шақ институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, баланың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жағдай жасау» қажеттігіне баса назар аударылған. Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқығын іске асыруды қамтамасыз ету республиканың тек білім беру саласындағы ғана емес, сонымен қатар демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды міндеттерінің бірі ретінде қарастырылған. Осыған байланысты мемлекеттік білім беру саясатындағы стратегиялардың бірі – инклюзивті білім беру идеяларын жүзеге асыру болып табылады, мұның өзі балаларды арнайы білім алу қажеттіліктерінің әртүрлілігін ескере отырып оқытуды көздейді. Адамның құндылығы оның қабілеттері мен жетістіктеріне байланысты емес. Халықаралық және отандық заңнамаға сәйкес әр адам сезінуге және ойлауға қабілетті; әркімнің сөйлесуге және оны тыңдауға құқығы бар; барлық адамдар бір-біріне мұқтаж; барлық адамдар өз құрдастарының қолдауы мен достығына мұқтаж. Сондай-ақ шынайы білім нақты қарым-қатынас аясында ғана жүзеге асатыны жөніндегі тұжырымның ақиқаттығы тәрбие үдерісінде дәлелденген.
Айтқандай-ақ, латынша «include» («қорытындылаймын, қосамын») деген терминнен туындаған инклюзивті білім беру барлық балаларды физикалық, ақыл-ой, интеллектуалды және басқа ерекшеліктеріне қарамастан жалпы білім беру жүйесіне қоса, кіріктіре оқытуды көздейді. Бұлайша білім беру шеңберінде оқыту үдерісіне бала бейімделуі керек емес, керісінше, оқытудың табиғаты мен қарқыны баланың мұқтажына бейімделеді. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балаларға білім берудің үйде оқыту, қашықтан оқу, арнайы мектептер мен мектеп-интернаттар, жалпы білім беретін мектептердегі түзету сабақтары сияқты нұсқалары бар. Инклюзия оқу орны өмірінің терең әлеуметтік қырларын қамтитынын атап өту керек. Мұнда кез-келген баланың білім алу қажеттіліктеріне лайықталған адамгершілік, материалдық, педагогикалық орта құрылады, ата-аналармен тығыз ынтымақтастық қамтамасыз етіледі. Ерекше білімге сұранысы бар жастар үшін инклюзивті білім беру қағидатына сәйкес дамуында кемістігі бар оқушылардың талаптары білім беру ортасының мүмкіндіктерімен сәйкес келуі керек.
Статистикалық деректерге сәйкес, елімізде инклюзивті білімге мұқтаж ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны жыл сайын артып келе жатыр. Мәселен, 2017 жылы мұндай 60 006 бала орта мектептерге барса, 2018 жылы олардың саны 61 336-ге жеткен. Ұлттық білім базасына сәйкес қазір инклюзивті білім берудің 20 пайызы балабақшада; 60 пайызы жалпы білім беретін мектептерде, 30 пайызы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында. Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша балабақшалардың 30 пайызы, мектептердің 70 пайызы және колледждердің 40 пайызы инклюзивті білім беруге бейімделеді. Сондай-ақ 58 жоғары оқу орнында ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің оқуы мен өмір сүруіне жағдайлар жасалған. Олардың пандустары, лифтілері, әлеуметтік нысандары, кітапханалары және басқалары бар.
Инклюзивті білім беру мен жоғары білікті, құзыретті мамандарды даярлау мәселелерін шешудің маңыздылығын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің соңғы жылдардағы мысалынан түсіндіре кетуге болады. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп ғұлама бабамыз Әбунасыр әл-Фараби айтқандай, оқу-тәрбие үдерісіне «Қайырымды қала» моделін енгізіп жатқан қазақ ғылымы мен білімінің қара шаңырағында инклюзивті білім беру саласында қолға алынып жатқан игілікті істер жеткілікті. Мәселен, 2019 жылы педагогика және білім беруді басқару кафедрасы негізінде магистратурада «Инклюзивті білім беру жағдайындағы заманауи технологиялар» мамандығы ашылды. Осы 2020-2021 оқу жылында 7М01106 «Инклюзивті білім беруді медициналық-педагогикалық қолдау» жаңа мамандығына талапкерлер қабылданды. Бұл мамандық бойынша инклюзивті білім беру саласындағы ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетімен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Оқу ордасының студенттік жатақханалары, корпустары мен кітапханалары бақ сынаған талапкерлерді қабылдауға сақадай-сай дайын.
Өмірге, қоғамға, саясатқа деген көзқарас түбірімен өзгеріп жатқан қазіргі алмағайып кезеңде гуманистік педагогика үрдісі әлемнің барлық елдерінде ақиқатқа айналып отыр. Білім беру үдерісіне, оқу-тәрбие тәжірибесіне жедел қарқынмен ене отырып, инклюзивті білім әлеумет алдына көптеген күрделі сұрақтар мен жаңа міндеттер қоюда. Ендігі міндет – сол сауалдардың оңтайлы шешімдерін табу, ерекше балаларға айырықша көзқарас таныту.
Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры
5888 рет
көрсетілді2
пікір