• Руханият
  • 10 Маусым, 2021

Діни білім берудің маңызы жан-жақты талқыланды

Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдени университетінің құрылғанына – 20 жыл. Осыған орай білім ордасында «Ұлттық рухани тұтастықты дамытудағы діни білім берудің маңызы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Нұрлан ҚҰМАР

Конференцияда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізіп, уни­вер­ситеттің тарихы және алдағы жоспарларымен бөлісті. Мысыр Араб Республикасы Уақыфтар вице-министрі, профессор Жабир Таиғ Султан, әлемге әйгілі әл-Азһар университетінің ұстаздары, БҰҰ, АҚШ, Мысыр, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің дін сала­сының ғалымдары өз ойларын ортаға салды. 
Сондай-ақ БҰҰ, Мысыр, Ресей, Түркия, Өзбекстаннан келген дін өкілдері, әріптес оқу орын басшыларына сөз берілді. Ал Индонезия ислам университеті, Әзербайжан теология инсти­туты, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы, CECF Foundation ұйымы (АҚШ) онлайн түрде қатысып сөз сөйледі. Ал Қыр­ғызстаннан Кувейт Халық­аралық университеті ұжым болып онлайн құттықтау білдірді. 
Конференцияның пленарлық мәжілісі ардагер ұстаздар мен ұзақ жылдар еңбегі сіңген қызметкерлерге Алғыс хаттар мен мерейтойлық төсбелгілер табыс етілді.
Басқосуда жаһандық және аймақтық сын-қатерлер, діни экстремизмнің алдын алу және онымен күресудегі діни сауаттылық, қазіргі дінтанулық білім беру мәселелері кеңінен талқыланды. 
«Осы күнге дейін екі мыңнан астам түлек Қазақстан қоғамында өз саласында еңбек етіп, ҚМДБ діни бағыты бойынша және мемлекеттік қызмет саласында, дін істері басқармалары, ғылыми орталықтар бар. Бұл бағыттар бойынша екі мыңнан астам түлек діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге, діни алауыздықтың алдын алуға өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді», – деді Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдени университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев.
Халықаралық ғылыми-тә­жі­рибелік конференциясы 4 ғылыми бағыттағы мәжілісте жалғасты. Пандемиялық та­лаптардың барлығы ескеріле отырып офлайн және онлайн өткен конференция секциялары: Ұлттық рухани тұтастықты сақтаудағы негізгі мәселелер: жаһандық және аймақтық сын-қатерлер; Қазақстан­дық исламтану мектебінің қалып­тасуы: тарихы, бүгіні, болашағы; Қазіргі дінтанулық білім беру бағдарламалары мен зерт­теулердің әдістемесі және тә­жірибесі; Экстремизм және терроризммен күресудегі діни білім берудің маңызы деген тақырыпта өрбіді. 
Шетелдік және отандық ғалымдар мен ғылым ізденушілер аталған тақырыптарда ғылыми зерттеулерін ортаға салып, өзара талқылады. Ел ішіндегі діни ахуал, геосаяси жағдайлардың салдары ғана емес, қазіргі жаһандық дәуірдегі ұлттық тұтастықты сақтау мәселелері, исламтану мектебі, қазіргі әлем­ге төнген экстремизм және тер­роризммен күресудегі діни білім берудің маңызы жан-жақты талқыланды.
Қатысушылардың зерттеу­лері де едәуір қызықты жайттарды қамтыған. Мысалы, ұлттық рухани тұтастықты сақтаудағы негізгі мәселелерге қатысты мәжілісте тарих ғылымы­ның кандидаты, доцент Хатран Досымбек қазақи әдетке енген кеңестік салттар мен оның салдарын алға тартты. Ал қазіргі дінтанулық білім беру бағдарламалары мен зерттеулердің әдістемесі және тәжірибесі жайлы мәжілісте Нұр-Мүбарак ЕИМУ аға оқытушысы Светлана Раева исламтанушы студенттерге ағылшын тілін оқытудағы тәжірибелерін сабақтады. Аға ұстаз университеттің алғашқы жылдарындағы студенттер мен қазіргі білім алушылар арасындағы айырмашылыққа, сапаның артқанына ерекше тоқталып өтті. 
Ғылыми мәжілістер қазіргі қоғамдағы өзекті мәселер­ді жан-жақты талқылай оты­рып, тәжірибелер арқылы тұ­жырымдама жасауға мүмкіндік алды.

438 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы