• Бизнес & Қоғам
  • 10 Маусым, 2021

Текеліде туризм қанат жайды

Елімізде қазір 27 моноқала бар. Бұл қалашықтарда 1,5 миллион адам тұрады. Шағын шаһарлардың саны жөнінен Қарағанды облысы көш басында тұр. Үлесіне 8 қала тиесілі. Екінші орында 4 шағын қаласы бар Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстары тұр. Ал Алматы облысында бір ғана моноқала бар. Бұл – Текелі.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Кезінде бұл жерде сақалын таудың самалына желпітіп, жартастардың ұшар басында секиіп тұратын таутекелер көп болған деседі. Содан Текелі атанып кеткен. Қазіргі кездегі моноқала бір кездері «жабық қала» атанған. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Текелінің қорғасын-мырыш кені майданға аса қажетті шикізат болған. Әрине, қашанда стратегиялық маңызы зор жер оқшау ұсталады. Текелі көркем, шұрайлы және ырысты жер. Бұрын жабық, қазір ашық қала.
Осыған орай, таяуда ғана «Түр­­­­кітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры мен «Jetisy media» ақпараттық орталығының ұйым­дастыруымен БАҚ қызмет­керлері Текелі қаласында болды. 
Сапар аясында журналистер қауымы туризм саласы бойынша қолға алынған жобалармен етене танысты. Қазір қалада «Текесу» туристік кешені жұмыс істеп тұр. Бұл аумақта 400 метрлік және 800 метрлік сырғанақ жолы, баллонмен, шанамен сырғанауға арналған база бар. Сонымен қатар мұнда қыс мезгілінде шаңғы және сноубордта сырғанау, жазда тау велосипедімен экстремалды сырғанау жолдарымен де серуендей аласыз. Болашақта қысқы спорт түрлері, парапланеризм, құзға шығу бойынша федерацияларды орналастыруға арнал­ған модульдік үй-жайлары бар «Горняцкий» шағынауданындағы жер аумағын абаттандыру, гидтер мектебін орналастыру жоспарлануда.
Табиғаты жағынан бұл аймақ Көксу кентасты алаңда орналас­қандықтан мұнда пирит, висмут, кадмий, ванадий, скандий, платина тобындағы металдарға бай өңір. Қала маңында туристік нысандарға таптырмас әсем өлкелер Черкассай, Солдатсай және Қора шатқалдары бар, Қора шатқалына кіре беріс жерде Будда тасы орналасқан, одан әрі шатқалдың бойымен 50 шақырымдық жолда Орта Азиядағы ең үлкен сар­қырама Бұрхан бұлақ орналасқан. 
Қазір Текелі қалашығында 34 мыңнан астам тұрғын бар. Қала әкімі Батыр Молдахметов қалада туризмді дамыту жөнінде жоба жасалып, оған 12 миллион теңге бөлінгенін атап өтті. «Туристер қалаға келісімен туристік бағыттармен танысады және қай жерге барғысы келетінін таңдайды. Ол жерде гид және басқа да ұйымдастырушылар болады. Бұл жобаларды әзірлеуге Алматыдан «Urba style» компаниясын шақырдық, олар Алматының агломерациясын жасағандар. Мамандар қаланы аралай келе, төрт хаб жасау жөнінде шешім шығарды. Туристер осындағы қонақ­үйге келіп, қала маңындағы көрікті жерлерді аралау бойынша өз кес­тесін жасай алады, – деп атап өтті ол. 
Әкім сондай-ақ жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлетіндеріне де тоқталды. Өйткені туристік нысандар салынған соң, ондағы сұраныстың да басқаша болатыны белгілі. Туристерге сапалы қызмет көрсету үшін кәсіпкерлер соған бейімделу керек. Бұл жерде Алматы және шетелде білім алып келген жастардың тәжірибесі мен біліктілігіне арқа сүйемек. 
Болашақта Текеліде Орталық Азия университеті бой көтеруі ық­тимал. Шетелдік «Aga Khan Foundation» қоры мұнда университет ашу мәселесін бұрыннан көтеріп келе жатыр екен. Оған жер де бөлінген. Қазір бұл мәселе Мәжіліс талқылауына жіберілген. Егер рұқсат берсе, құрылыс жұмыстары бірден басталмақ. Оқу ордасы халықаралық деңгейде болғандықтан ағылшын тіліне басымдық бермек. Университетте өз кезегінде Текелінің дамуына, инфрақұрылымы мен экономикасына әсер етері сөзсіз.
Дүниежүзіндегі ең ұзын көше –  Йонге Стрит Канаданың Торонто қаласында орналасқан. Әлемнің рекордын бұзған бұл жолдың ұзындығы – 1896 шақырым. Ал ТМД-дағы ең ұзын көше – Қонаев атындағы көше. Бұл көше шағын ғана және тартымды Текеліде ор­наласқан. 35 шақырым болатын сол көше ешқандай бұрмасыз, тіп-тік, ұзыннан-ұзын созылып жатыр. Текелі моноқаласы 4 бағыт бойынша дамып келеді. Өңірде, әуелі өнеркәсіп саласының өркен жаюына күш салынбақ.

538 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы