• Бизнес & Қоғам
  • 10 Маусым, 2021

Он жылда салынатын үй Өскеменде бір жылда берілді

Өскеменде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Кезекте тұрған өскемендіктер былтырдан бері түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында 760 пәтерге кірген. Салыстыратын болсақ, бұған дейінгі 10 жыл ішінде қаладағы кезекке тұрған жанның 830-ы ғана жаңа пәтердің кілтіне ие бола алған. 

Бақыт Бөжеева

– Өскемен қаласы ең әуелі көп балалы аналарды үймен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Ұлттық демографиялық игілік болып табылатын бұл мәселеде біздің қала ұтымды жолды ұстанып отыр деп ойлаймын. Осының арқасында өзінің  шаңырағына ие болған қара көз отбасылардың саны басым. Қалада жетім балаларды қолдау жүйесі де тиімді жұмыс істейді. Жалпы, әлеуметтік қолдау жүйесі өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр, – дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. 
Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдар­ламасының арқасында Өскемен қаласының экономикасына жаңа серпін келіп, әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеуге мүмкіндік табылды. Қалада 31 миллиард теңгеден астам сомаға 114 жоба іске асырылып, 7500 жұмыс орны ашылған. 
Өскеменде сондай-ақ ел Тә­уел­сіздігінің 30 жыл толуы қарса­ңында «Тәуелсіздік монументі» деп аталатын 30 метрлік мүсіндік композиция тұрғызылып жатыр. 
– Тәуелсіздік монументі – көп фигуралы мүсіндік компо­зиция, ол Қазақ мемлекетінің қа­лыптасу тарихын бейнелейді, – деп түсіндірді Жақсылық Омар. – Композицияның орталығы – биіктігі 12,6 және диаметрі 11,3 метр болатын алты бұрышты, биік, тік стелла. Композицияның төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихы бар рельеф орналасқан. Монументтің орталық бөлігінде қазақ халқының бірлігі мен тәуелсіздігін білдіретін үш би тұр: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би. Монументтің екі жағына Қазақ хандығында қабылданған «Жеті жарғы» заң жинағының үзінділері жазылған. Монументтің бас жағында Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы хандар – Керей хан мен Жәнібек хан, ал ұшар басында еліміздің Мем­лекеттік Туы тұрады. Мүсіндер қо­лаға құйылып, ескерткіштің беттері ақ мәр­марден жасалады. Композиция алаңы 6756 шаршы метр болмақ. 
Бұл кешеннің төңірегінде жаңа аллея салынып, еліміздің бірінші Қорғаныс министрі, Халық Қаһар­маны, Кеңес одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовке арналған ескерткіш те бой көтереді екен.
Өскеменде сонымен бірге биыл трамвай күтетін аялдаманың бәріне павильон салынбақ. Яғни трамвайға арналған жабық аялдамалар пайда болады. Бұл да – Тәуелсіздіктің мерейтойына арналған жағымды жаңалық. Қала әкімдігі мен трамвай паркінің басшылығы бұл мәселе­ні шешуге кірісіп кетіпті. Қазір бір күнде әр аялдамада қанша жолаушы тұратынын анықтайтын карта жасалып болды. Қалада трамвайдың 60 аялдамасы бар. 
– Аялдаманың жүктемесіне орай оның габариттік өлшемі бойынша павильонды таңдап жатырмыз, – дейді  қала әкімі Жақсылық Омар. – Адам аз жерге, әрине, үлкен аялдама қойылмайды. Павильондар үлкен, орта және кіші болып бөлінбек.

Аялдама павильондарының эскиздік жобасын қала әкімі өткен жұма күні мақұлдады. Дизайн нұсқалары әр түрлі, сондық­тан оларды қаланың сәулеттік ансамблімен біріктіру идеясы да бар.
Әкім павильонды барлық аялдамада орнатудан бастауды ұсынды, бірақ мүмкіндігінше автобус аялдамасымен біріктірілсін деген ұсыныс айтты. Автобус күткен елдің қарасы көп, сондықтан жабық аялдама оларды да қамтып кеткені жөн. 
— Мен басқа да ұсыныстарды қарастыруға дайынмын, – деді Жақсылық Омар. – Бірақ аялдама эскиздерінің кем дегенде үш нұсқасын сметасымен бірге көруім керек. 
Қала басшысы павильондардың дизайнын анықтап, оларды орнату құнын есептеу үшін трамвай паркіне он күн уақыт берді. Мердігерді конкурс арқылы анық­тау ұзаққа созылуы мүмкін, ал ең көп жұмыс істейтін учаскелерде жабық аялдамаларды суық түскенше бітіру керегі де айтылды.
Тәуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында Өскеменде сонымен бірге жағажай волейболына арналған үш жаңа алаң ашылмақ. Спортшыларға арналған барлық жаттығу кешені қаланың сол жағасында орналасқан. 
– Волейболдан ел біріншілі­гінде жеңімпаз болып, олжа салып жүрген біздің спортшылар Ертістің жағасына таман жағажай волейболына арналған бірнеше жаңа алаң ашып беруді сұраған еді, – дейді қала басшысы Жақсылық Омар. – Өйткені, біздің волейболшылар сонау Бұқтырмаға барып, сол жерде жаттығуға мәжбүр, ол жер алыс әрі ыңғайсыз. Сондықтан біз волейболшылар үшін қалада үш жаттығу кешенін жабдықтауды ұйғардық. 
Жағажай волейболына ар­налған жаңа алаңдар ұзақ уақыт пайдалануға арналған. Қазір ол жерлер тазартылып, ретке келтірілді, жағажайды жаб­дықтауға арнайы қолданатын құм төгілген. Алаңдарды абаттандыруды қала әкімдігінің шамалы қолдауымен шығындарды өз мойнына алған компания жүргізеді. Компанияның жоспарында алаңдар ауданына жарық тарту, душ кабиналарын қою, киім шешетін бөлмелерді жөндеу сияқты жұмыстар бар. Жақсылық Омардың айтуынша, жаттығу аймақтарын жабдықтау жұмысы соңғы кезеңде екі апта ішінде аяқталып, содан кейін жаңа алаңдар спортшыларды қабылдай бастайды. Олар жағажай волейболынан жаттығу мен жарыстар өткізуді жоспарлап отыр. 
Өскеменде бұл ғана емес, биыл­ғы басқа да жаңалықтар бар. Мәселен, қала автобустарында электронды билет қолдану келесі аптада іске қосылмақ. Жол ақысын төлеудің жаңа жүйесіне – билет берудің заманауи тәсіліне облыс орталығындағы барлық қоғамдық көлік жаппай көше бастайды. 
– Автобустардағы жүйені іске қосу Өскемендегі қоғам­дық көліктерге заманауи және инновациялық төлем әдісін қол­дануға мүмкіндік береді, – дейді қала басшысы. – Пайдалану барысында жүйе өзін-өзі ақтады, сондықтан біз оны қаладағы қоғамдық көліктерге енгізе бастаймыз. Бұл жүйе кезең-кезе­ңімен іске қосылады. Біздің мамандар автобустардағы жабдық­тың жұмысын орнатты, реттеді, тек­серді. Жүйе көлік карталарын іске қосуға және қабылдауға дайын.

689 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы