• Қаржы
  • 14 Тамыз, 2014

ТАБЫСТЫ КӘСІПОРЫНДАР НАРЫҚҚА ЖОЛ ТАРТТЫ

Мемлекет басшысы өз жолдауында айқындаған тапсырмаларға сәйкес, Үкіметке елде стратегиялық емес нысандарды жекешелендірудің екінші толқынын жүргізу жүктелген болатын. Осы мақсатта квазимемлекеттік секторға тиесілі ұйымдарды бәсекелестік ортаға беруді қарастыратын 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру жұмыстарының кешенді жоспары қабылданды. Сондай-ақ, кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуын азайту аясында Министрлер кабинеті жекеменшікке сатылатын нысандар тізімін де жасақтап үлгерді.

«Жекешелендірудің нәтижесінде мемлекет пен ұлттық холдингтер, компаниялар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда қосымша қаржылық көздерін иеленеді. Мемлекеттік ұйымдар бейінді емес активтерден арылып, өзінің қыз­метін негізгі міндеттерді орындауға жұ­­­мыл­дырады. Ал халық өз кезегінде бәсе­­келестікті дамытудың арқасында қыз­мет сапаларының жақсаруын, олар­д­ың бағасының төмендеуін сезінеді. Осы­лайша, жекешелендірудің екінші тол­­қынын табысты жүзеге асыру нә­ти­­жесінде жалпы алғанда ұйымдар қыз­­меті­нің тиімділігі артып, халық үшін қызмет сапасы жақсарады», – дейді ұлттық экономика вице-министрі М.Құсайынов. Оның айтуынша, жекешелендіру кәсіпкерлікті да­мытуға тың серпін беруі шарт. Өйткені, біршама табысты басқару саласы болып табылатын жеке бизнес жаңа жағдайға тезірек бе­йім­деліп, жаңа технологияларды да уа­қы­тылы енгізуге қабілетті болып табылады.
Осы мақсатта Үкімет бекіткен жекеменшікке сатылатын нысандар тізіміне квазимемлекеттік сектордан барлығы 853 ұйым кіріп отыр. Оның 34-і – республикалық, 657-сі – коммуналдық меншік және ӘКК нысаны. Бұдан бөлек, холдингтер мен ұлттық компанияларға қарасты 162 нысан да жекенің қолына өтпек. Кесте бойынша ағымдағы жылдың ішінде республикалық 19 кәсіпорын мен коммуналдық меншіктің 126 нысаны сатылуға тиіс. Сонымен қатар, ұлттық компаниялар мен ӘКК-лер де осы жылы үлестік қатысуы бар 75 еншілес ұйым мен нысанды бәсекелестік ортаға беруі қажет.
Осы тізімнен қазірдің өзінде 14 нысан сатылып үлгерген. Оның 12-сі мемлекеттік меншік, ал 2-еуі ұлттық холдинг нысаны.  Қаржы вице-министрі Руслан Дәленовтің хабарлауынша, сатылған нысандардың бағасы күтілген деңгейден біршама асып түскен. Мәселен, мемлекет меншігіндегі 12 нысанның бастапқы бағасы 48,9 млн. теңгені құраса, сатылған құны – 62,3 млн. теңге, яғни 27 пайызға артық. Ал бастапқы бағасы 150,6 млн. теңгені құраған холдингтердің 2 нысаны 2,5 есеге қымбатқа, яғни, 376,5 млн. теңгеге саудаланған.
Қазіргі сәтте жекешелендірудің екінші толқынының нысандарын сату үшін жекешелендірудің екінші толқынының нысандарын сату қағидасының электронды коммерциялық тендер және конкурс енгізу бөлігіне өзгерістер енгізілді. Барлық сауда-саттық Қаржы министрлігі жүйесінде, Мемлекеттік мүлік реестрінің www.gosreestr.kz веб-порталында орналасқан Бірыңғай сауда алаңында жүргізілуде. Алаңда тек мемлекеттік меншік қана емес, холдингтер бойынша да барлық бәсекелес сауда-саттықтарды өткізу жоспарлануда. Электронды тендер мен конкурсты енгізу нысандарды инвестициялық бағдарламаны іске асыру, қызмет бейінін, жұмыс орындарын сақтау, өндіріс көлемінің нақты деңгейін, шығарылатын өнім немесе көрсетілетін қызметтің номенклатурасын қамтамасыз ету сынды нақты шарттармен енгізуге мүмкіндік береді. Реестр порталында жекешелендірудің екінші толқынына қатысты барлық қажетті мәліметтердің орналастырылуы сауда-саттықтың ашықтығын және бизнестің ақпараттарға «бір терезе» қағидасы бойынша қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, порталдың тіркеуші органдардың базаларымен ықпалдастырылуы өз кезегінде қажетті мәліметтерді тексеру уақытын үнемдеп, бизнесті қағаз жүзіндегі құжаттарды ұсынудан босатады.    
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

482 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы