• Бизнес & Қоғам
  • 08 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік туралы толғаныс Мақпал САҒЫНДЫҚ

Дүрбелең оқиғаға толы тарихи кезеңде жоңғарларға қарсы азаттық күресін ұйымдастырған қазақ батырларының бірі – Ақтамбердінің өлеңдерінен азаттықты аңсаған толғаныстар жиі байқалады.

Тобылғы сапты қолға алып,

Тұмар мойын ат мініп,

Қоныс та қарар ма екенбіз!

Ел жазылып жайлауда,

Жақсылар кеңес құрғанда,

Мұртымыз өрге шаншылып,

Бұрын да сөйлер ме екенбіз!, - деп келетін өлең шумақтарында еркіндік пен егемендікті, тыныштықты арман еткен ата-бабаларымыздың ішкі толғанысы, жан тебіренісі ерекше аңғарылады. Найзаның ұшымен, білектің күшімен арпалысқан сол батырлардың ұрпағы бүгінде тәуелсіз Қазақ жерінде бейбіт өмір кешуде.

Елдіктің туын желбіреткен, қаншама жанның жүрегін тебіренте отырып, әуезді Әнұранымызды асқақтатқан – Тәуелсіз Қазақстанға бүгінде 20 жыл! Осы уақыт аралығында бейбіт халықтың әлеуеті мен экономикасын, мәдениеті мен саяси қырларын айқындау мақсатында тың идеялар туындады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орнатылған сыртқы іскери байланыс нәтижесі бүгінде оң жемісін беріп, дамудың алдыңғы сатысына жетуге мол мүмкіндік беруде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен саяси бағытта өрбіген - ШЫҰ, ЕҚЫҰ саммиті, ИКҰ сияқты жоғары дәрежелі басқосулар егемен еліміздің ертеңіне үлес қосатын игі бастамалар болып қалыптасты. Сондай-ақ спорт пен мәдениет саласында орын алған көлемді шаралар – еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген сәтіндегі айтулы уақиғалары деп санауға болар.

Тілдік өркениеттің қалыптасуы барысында еліміз сан қилы жағдайды бастан өткергені тарихтан белгілі. Ұлттың келешегі – тілдің өркендеуінде деп қарастырар болсақ, ана тіліміз – қазақ тілінің қолданыстағы беделін «байытуымыз» шарт. Бүгінде бұл олқылықтардың орны оңалып, қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқандар саны көбейгенін статистикалық мәліметтен көз жүгіртуге болады. Ақпарат көзіне сүйенер болсақ, Алматы қаласы бойынша мемлекеттік тілді дамыту жұмыстарына жергілікті қазынадан 2008 жылы - 113 млн теңге, 2009 жылы – 124 млн теңге бөлінсе, 2010 жылы бұл көрсеткіш 175 млн теңге, ал үстіміздегі жылы 187 млн теңгені көрсеткен. Сондай-ақ аймақтағы мемлекеттік құжат айналымының да көрсеткіші жоғары нәтиже бергендігін айғақтап отыр.

Бүгінде қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар мен мектептер саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Алматыда орналасқан 216 балабақшаның 81-і қазақ тілінде тәрбие береді. Аталмыш мемлекеттік мекемеде 15 мың бала қазақ тілінде сауат ашады. Сондай-ақ таза қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны қазіргі таңда 50-ге жетіп отыр. 1989 жылғы қорытынды бойынша қазақ мектебі небәрі 7-еу ғана болса, он жылдан кейін бұл көрсеткіш – 32 мектеп болғандығын көрсетуде. Соңғы уақыттарда Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында қалалар мен елдімекендерде жаңадан білім кешендері бой көтеріп, қолданысқа берілді.

«Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы – білімді жастардың қолында», - деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, егемендіктің ертеңін «ертегіге» айналдырар өр рухты азаматтардың көптігі қашанда ел мерейін үстем етері анық.

557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы