• Қаржы
  • 21 Тамыз, 2014

БАНКТЕРДІҢ БАНКІ

Қазақ құлағына бас тақырыптағы «банктердің банкі» деген тіркес тосындау естілетіні рас.  Бұл халық өлеңіндегі «қыздардағы да қыздар бар базар тонның бауындаймен» төркіндес, бірақ ақша тұрып, сөзді де  үнемдеген заманда «банктерде де банк бар...» деп сағыздай созып жатпай, қысқа қайырғандықтан, күнделікті қолданысқа түсіп, сіңісе қоймаған түсінік санатында. Өйткені ол-тек сыртқы пішінімізді ғана емес, бүкіл мазмұн-болмысымызды, соның ішінде ойлау жүйемізді бүтіндей өзгертуді талап етіп отырған заман талабынан туындаған жаңа ұғым, соны мазмұн.

Өлең дегеннен шығады, бірақатар ғалымдарымыз тілге тиек етіп жүргендей, ұлттың болмысын байқататын халық әндері, мысалға алсақ «Ақ бүрлен, қызыл бүрлен» әніндегі «Қамшыны екі бүктеп қолға ұстап, қызығы бұл дүниенің ойнап күлген» шумағы  жиырмасыншы ғасыр табалдырығын қамсыз-мұңсыз көшпелі тіршілікпен аттаған қазақтың орта ғасырлардан бері көп өзгере қоймаған қойшы-қолаңдық менталитетінен сыр береді. Көшпелілер үшін уақыт пен кеңістік ұғымы тым дерексіз, «сүт пісірім», «қозы көш» дегендей. Тайм-менеджментті басшылыққа алып, әр минутты есепте ұстайтын жиырма бірінші ғасырда да қазақ кең қолтық мінезінен арыла қойған жоқ, сондықтан бүгінгі ағартушылардың бір міндеті халқымызды уақытты қадірлеуге, тиын санау емес, есепшілдікке, үнемшілдікке, «есектің артын да»  білікпен жуатын кәсіпшілдікке үйрету болып табылады.
Қазақтың ұғымында «бай болмақ, жарлы болмақ-құдайдан-ды». Ал, өркениетті дүниеде бақ пен дәулет еңбекте, көзі табылған тірлікте деп түсініледі. Соның ішінде ақшаны экономикалық ресурсқа айналдырып, бабымен жұмсау, яғни банкирлік үлкен өнер әрі ғылым, пайдалы кәсіп саналады. Әлемде ұйқыдан тиынның сылдырымен оянатын еврейлерден асқан қаржыгер жоқ, деген тұжырым бар. Бүгінгі қазақ банк құпиясын меңгермесе, тапқаны ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететінін ұғынатын шақ туды.  
Батыс өркениетін бейнелейтін «Уақыт-ақша» деген ұғымның ұшығы тиетін бірден бір сала да – осы банк. Енді ұзақ шегіністен кейін кіріскелі отырған тақырыбымыздың неліктен «банктердің банкі» аталып отырғанына тоқталайық. Банкті көп кісі ақша сақтайтын қойма, делдал ұйым деп түсінеді. Италияның солтүстігіндегі қалаларда пайда бола бастап, 17-ғасырда бүкіл Еуропаға тамыр жайып үлгірген банктер мануфактуралық өндірісті индустрияға ауыстыруда, тармақтала бастаған капиталистік шаруашылықты басқаруды жетілдіруде орасан зор рөл атқарды. Алайда, «ақша қоймасы» мен «қаржы делдалы» міндетін орындай алатын ломбардтар мен  кооперативтерден бір айырмашылығы, банктердің басты қызметі  несие-кредит,  оның үстіне белгілі бір сома түріндегі кредит емес, қарыздық  пайыз түрінде пайда әкелетін капитал сипатындағы кредит беру болып табылады. Уақытша басы бос ресурстарды жинақтай отырып, банк оларды «жұмыс істетеді», қайта өндіру үдерісінде пайдаланады. Банк материалдық өндіріс саласының өнімінен елеулі түрде айырмаланатын ақша, төлем құралдары ретіндегі ерекше тауар өндіреді. Сөйтіп, банк ақшаны тауарға айналдырады. Қолма-қол ақша шығару-бұл тек қана банк монополиясы.
Ал, сол қолма қол ақшаны кез келген банк шығара бермейді. Оны шығаратын, басқаша айтқанда, эмиссиялайтын «банктердің банкі» – Ұлттық немесе Орталық банк. Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабында былай деп жазылған: Қазақстан Республикасы (ҚР) екі деңгейлі банк жүйесіне ие; Ұлттық банк мемлекеттің орталық банкі болып табылады және банк жүйесінің жоғары (бірінші) деңгейін құрайды; ҚР заңнамалық актісінде белгіленген айырықша құқықтық мәртебеге ие Қазақстан Даму банкінен өзге барлық басқа банктер банк жүйесінің төменгі (екінші) деңгейін құрайды» деп атап көрсетілген.
Заңға сәйкес Ұлттық банк және оның аумақтық органдары елдің эмиссиялық, резервтік, есеп айырысу, кассалық орталығы болып табылады. Оның қызметінің басты мақсаты пайда табу емес, ақша-кредит саясатын өмірге енгізу, елдің кредит жүйесіне басшылық жасау болып табылады. Ұлттық банк төрағасы тек ел Президенті мен Парламентіне ғана есепті. Оның қызметіне республикалық және жергілікті атқарушы органдар араласа алмайды.
Ақан серінің «Балқадишасы» сияқты Ұлттық банк «банктердің шолпан жұлдызы» іспеттес.  

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессорының міндетін атқарушы

 

549 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы