• Бизнес & Қоғам
  • 08 Желтоқсан, 2011

Болашақтың іргесін бірге қалаймыз Дүйсенбек ҚОЙШЫБАЕВ: Қоғам қауіпсіздігі мен тыныштығы күзетінде

Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде елімізде береке-бірлік, татулық пен достық, тұрақтылық пен ұлтаралық келісім салтанат құрды. Мұның бәрі ел басшылығы тарапынан жүргізіліп отырған сындарлы саясаттың нәтижесі. Дегенмен соңғы уақытта Ақтөбе, Атырау, Тараз, Алматы қалаларында орын алған оқиғалар қоғам қауіпсіздігін сақтау ісінде қашанда аса қырағылықтың қажет екендігін көрсетті. Осыған орай Ақтау қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дүйсенбек ҚОЙШЫБАЕВПЕН тәртіп сақтау саласында атқарылған іс-шаралар, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзекті мәселелер туралы сұхбаттасқан едік.

Дүйсенбек Нұржігітұлы, алғашқы сұрағымызды қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып жатқан негізгі шаралардан бастасақ деймін. Осыған орай қаламыздағы жалпы ахуал қандай және бүгінгі таңда атқарылып жатқан іс-шарар барысына тоқталып өтсеңіз?

– Облысымыздың орталығы ақмаржан қала – Ақтаудың қауіпсіздігі мен ішкі тыныштығы біздің тәртіп сақшыларымызға жүктелген басты міндет. Қаладағы қылмыстық ахуал қалыпты, елдің ұйқысын бұзып, тынышын алар жағдайлардан аулақпыз. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 10 айы ішінде Ақтау қаласы ішкі істер басқармасы бойынша қылмыспен күресуде, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуде бірқатар тәжірибелік және ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылды. Осындай іс-шаралар нәтижесінде қылмыстық ахуалдың шиеленісуіне жол берілмей, нақты жұмыстар жүргізіліп келеді.

Осы өткен 10 ай ішінде барлық бөлім-бөлімшелермен заңның дұрыс орындалуына баса назар аударылып, тәртіп бұзушылықтардың өсуіне тосқауыл қойылды. Дегенмен жалпы барлық қылмыс көрсеткіші биыл былтырғы 1116-дан 1593-ке, яғни 36,6 пайызға өсіп, оның ішінде криминалдық полиция бойынша 1532 қылмыс, яғни өткен жылдан 512 қылмысқа артық тіркелгенін көрсетіп отыр.

Қолға алынған ұйымдастырушылық шараларының нәтижесінде көше және қоғамдық орындардағы қылмыстардың тұрақталуына қол жеткіздік. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасында тәртіп бұзушылық былтырғыға қарағанда 9,0 пайызға, бұрын сотталғандардың қайта қылмысқа баруы 29,0 пайызға, мас күйінде жасалған қылмыстардың тіркелуі 51,0 пайызға төмендеді.

Қаламызда болып жатқан ұрлық, пәтер ұрлығы және телефон арқылы жасалынып отырған алаяқтық ісінің тіркелуі өткен жылдың осы уақытымен салыстыра алғанда екі есеге өсіп отыр. Алайда оның өткен жылға қарағанда ашылу пайызының жоғарылауы байқалады. Бұл тұрғыда өткен жылдан бері халыққа БАҚ арқылы кеңінен түсіндіріліп, жарнама парақшалары арқылы қоғамдық орындарға ілінгенімен, қала тұрғындарының өздерінің жеке мүліктеріне салғырттығы нәтижесінде пәтер ұрлығының көбеюі орын алуда.

Тәртіп бұзушылық және қылмыс көріністерімен күресте полиция майоры А. Джанари, полиция капитаны Е. Ганжа және ішкі істер бөлімдері мен бөлімшелерінің өз ісін сүйген білікті қызметкерлерінің жедел және ұтымды қимыл әрекеттерінің барысында көптеген қылмыстар ізі суымастан ашылуда.

Жалпы қылмыстық көрсеткіштің өсуінің бір себебін қала халқы санының өсуімен және шет елдерден жұмыс іздеп келіп жатқандар қатарының көбейе түсуімен байланыстырған дұрыс болар. Ал осы тұрғыда келімсектермен жасалынып жатқан жұмыстар реті қалай, олардың тарапынан қылмыс жасау деңгейі қандай?

–Иә, сұрағыңыз өте орынды. Келімсектер түгілі жергілікті халықтың өзіне де қиын болып тұрған қазіргі дағдарыс кезеңі кімге болса да оңай емесі анық. Бұған мысал, тергеу бөлімі өндірісінде болған қоғамда дүрліктіру туғызған көп сатылы аса ауыр қылмыс дерегіне тоқтала кетейін. Мысалы, биыл наурыз айының 7-сі күні жылы Ақтау қаласы ІІБ КПБ қызметкерлерімен жедел-іздестіру шарасын жүргізу нәтижесінде Өзбекстан республикасының азаматы, тұрақты мекен-жайы жоқ, 1973 жылы туылған қаңғыбас К.Б-ның 2009 жылдың қазан айында Байрам атты азаматты өлтіргені анықталып, құрықталды. Аталған дерек бойынша К.Б-ға қарсы ҚР ҚК 96-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.

Наурыздың 9-ында ол ҚР ҚІЖК 132-бабына сәйкес Ақтау қалалық ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулау орнына қамалып, әрі қарай тергеу амал-әрекеттері барысында К.Б-ның Ақтау қаласының 3 шағын-ауданы, 23-үйдің алдында К-ны ұрып-соғып, соңғыны қасақана қаза еткені анықталды. Аталған іс бойынша дер кезді барлық тергеу амалдары жүргізіліп, тергеу қорытындысымен К.Б К-ны қасақана өлтіргені дәлелденіп, екі қылмыстық іс бір өндіріске біріктіріліп, алдын-ала тергеу аяқталған соң сотқа жолданылды. Аталған іс бойынша мамандандырылған ауданаралық сот мәжілісімен К.Б-ның екі адамды өлтіргені дәлелденіп, сот үкімімен кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Шет ел азаматтарының қаламызға заңсыз келуі жөнінде не айтасыз?

– Шұғыл жағдайды сауықтыру, тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, келімсектермен жасалатын қылмыстардың алдын-алу мақсатында, қала көлемінде «Мигрант» атты шұғыл алдын-алу шараларын жыл басынан бері жүйелі түрде жүргізіп, Қазақстан Республикасына заңсыз келетін адамдармен, сот және тергеу органдарынан бой тасалап іздеуде жүрген тұлғаларды анықтап, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесудеміз.

Қоғамдық орындар мен қала көшелеріндегі ахуалға пайыздық тұрғыдан жоғарыда тоқталып өттіңіз. Енді осы төңіректегі жасалатын қылмыстар пайызының төмендеуіне қандай іс-шара нәтижелерінің әсері болды деп айта аласыз?

– Қолға алынған шаралар нәтижесінде ҚҚБ қызметкерлерімен 10 ай ішінде қоғамдық орындарда орын алған қылмыстар ретінің пайыздық деңгейінің едәуір төмендеуі байқалады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлестерін қосып келе жатқан қосалқы қызметтер және ішкі әскер қызметінің жыл бойында дер кезінде ашқан қылмыстарының үлестері мол. Мысалы, ағымдағы жылы ішкі әскердің ықпалымен 133 деректің жолына тосқауыл қойылып, ашылды. Сондай-ақ олардың дер кезінде ашылуына қол жеткізген және алдын-алу туралы іс-әрекетке атсалысқан сақшыларымыз ақшалай марапатталып та отырды. Жалпы жыл көлемінде ҚҚБ қызметкерлерімен 5814 құқық бұзушы ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапқа тартылды. 130 материал учаскелік полиция инспекторларымен сотқа жолданды. Бұл өткен жылғы он айлық көрсеткіштен төмен. Оның себебі, түрлі шұғыл алдын-алу іс-шараларының нәтижесі деп білемін. Сондай-ақ, жыл басынан бері «Ішімдік ішкендермен жасалынатын қылмыстар ретінің алдын-алу» туралы қалалық білім бөлімі, денсаулық сақтау министрлігі, үкіметтік емес орындар және «Нұр-Отан» ХДП өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер, «Таныстыруға рұқсат етіңіз!» шарасы, «Қару – 2011», т.б. жедел алдын-алу іс-шараларының нәтижелі жүргізілуінің арқасы. Тіркелген қылмыстарды ашуда полиция майоры Х. Баймусаева сынды тергеу бөлімінде тер төгіп, аянбай жұмыс істеп жүрген қызметкерлеріміз көп. Сонымен қатар, осындай барлық іс-шараларға қатысып, көптеген қылмыстардың алдын алып, оларды болдырмауға ат салысып жүрген полиция аға лейтенанты Т. Бисеков, ППР полицейі, полиция кіші лейтенанты А. Суетов сынды тәртіп сақшыларының есімдерін атап өткен жөн.

Халық билігі негізіндегі әлеуметтік мемлекетіміздің басты құндылығы Конституциямызда көрсетілгендей адам. Ал бүгінімізді жаңғыртып, ертеңгі тізгінді қолға алар болашағымыз – жастар десек, осы ретте көптеген мәселе жастарымыздың тәрбиесіне келіп тірелері анық. Осы орайда бүгін қаламыздағы жеткіншектер тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылық жағдайын қалай бағалар едіңіз?

– Кәмелетке толмағандар бөлімшесінің қызметімен аянбай еңбек ету нәтижесінде кәмелетке толмағандармен болған іс көрсеткішінің 14,3 пайызға төмендеуіне қол жеткіздік. Ағымдағы жылдың қазан айында Ақтау қаласы ІІБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшемен 173 жасөспірім есепке алынып, қараусыз қалған 22 жасөспірім, ішімдік ішетін 8 жасөспірім, қолайсыз отбасынан 107 отбасы есепке алынды. 25 ата-ана ҚР ӘҚБтК-нің 111-бабы бойынша жауапқа тартылды. Ағымдағы жылдың осы уақытына дейін 3 қылмыс анықталып, ҚР ҚК-нің 131-бабымен іс қозғалынды. Негізінен жасөспірімдердің қылмыс жасауының не қылмысқа баруының бірден-бір себебі, ата-ана тарапынан тәлім-тәрбие мен бақылаудың салғырттығынан. Екіншіден, сол жасөспірімдердің еш жерде оқымай жұмыссыз жүруі, үшіншіден, сабақтан тыс спорттық секциялар мен түрлі үйірмелерге қызығушылығының болмауынан туындап отыр. Ақтау қаласы ІІБ ҚҚБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшесі бойынша бақылауда тұрған жасөспірімдерді, оның ішінде шартты түрде сотталғандарды және оқусыз жүргендерді оқуға, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға байланысты кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғайтын комиссияға және Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне ұсыныстар жолданып, мамандық даярлау курстарына жіберілді. Бұл әрине кәмелетке жасы толмағандардың істері жөніндегі бөлімшенің аға лейтенанты Р. Каултаев, т.б. инспекторлар жұмысының оң нәтижесі деп білемін.

Биылғы жылы қаламызда көліктер санының күрт артып отырғаны бәрімізге мәлім, ал осы тұрғыда жол-көлік оқиғаларына қысқаша тоқтала кетсеңіз.

– Жол-көлік оқиғаларына қатысты сөз қозғағанда, әсіресе осы оқиғалардың салдарынан зардап шеккендердің дені жасөспірімдер болып отырғанын атап айтқым келеді. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасына байланысты 4 жасөспірім қаза болса, 10 жасөспірім түрлі дене жарақаттарын алған. Осындай оқиғалардың алдын-алу мен болдырмау мақсатында өткізілген «Бағдаршам», «Абайлаңыз балалар», «Жол үстінде қабылдау» және тағы да басқа қолға алынған алдын-алу іс-шараларының нәтижесі жоқ емес. Алдағы күндерге де бірнеше рейдтік шараны жоспарлап отырмыз.

Сөзімізді қорытындылай келе, басқарма ұжымының алдында тұрған мақсат-міндеттер мен жоспарлы іс-шаралар туралы айтып өтсеңіз.

–Ең алдымен қала көлемінде бүгінгі күнге дейін атқарып келген қызметке тоқталып қалмай, қоғамдық тәртіп пен қоғам қауіпсіздігін сақтаудағы негізгі өз қызметімізді әрі-қарай жалғастырудамыз. Алға қойылған іс-шараларымыз да жетерлік. Бұл іс-шараларымыз ең алдымен жоғарыда атап өткендей, қаламыздың тыныштығын, қоғам қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету, қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын-алу және жолын кесу мен болдырмау мақсатында жүзеге асырылады. Алдағы уақытта бізге жүктелген үлкен жауапты міндеттің бірі – парламент мәжілісі депутаттарының сайлауына қатысты іс-шаралардың ойдағыдай өткізілуіне атсалысу. Бұл орайда қазіргі күннен-ақ дайындық жұмыстары басталып кетті. Осы мақсатта бүгінде басқарма қызметкерлері күшейтілген қызмет түріне көшіріліп, халық қалаулыларын сайлау сынды жауапты саяси науқанның жоғары деңгейде өткізілуі жолында бар күш-жігерін жұмылдыратын болады.

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,

«Қазақ газеттері» ЖШС-ның

Маңғыстау облысындағы өкілі

638 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы