• Бизнес & Қоғам
  • 08 Желтоқсан, 2011

Шығыста атқарылған шұғылалы жұмыстар Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

Дархан еліміздің егемендікке қол жеткізіп, өз алдына тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына ел ішінде жүзеге асып жатқан алуан саланың тигізген септігі зор. Республикамызда әр өңірдің географиялық сипатына қарай өндіріс ошақтары жұмыс істеп, ел экономикасының нығаюына ерекше үлес қосуда. Сондай аймақтың бірі, жерінің құнарлылығымен көзге түсетін – Шығыс Қазақстан облысы. Осы бір қастерлі мекенде орналасқан тарихи жәдігерлер мен химиялық қазба байлықтар сан ғасыр бойы ғалымдардың зерттеу еңбектеріне арқау болғаны қашан....

Әсем табиғаты өз алдына, ірі көлемді қамтитын өндіріс ошақтары мен әлеуметтік инфрақұрылымы ерекше қарқын алған еліміздің шығыс аймағы - аграрлық саланы дамыту жұмыстарынан да кенде қалмаған облыстардың бірі. Өңірде Елбасы Н. Назарбаев бекіткен мемлекеттік бағдарлама аясында әлеуметтік ошақтар бой көтеріп, қолданысқа берілді. Мәселен, былтырғы жылы осы өңірде «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 10,7 млрд теңге қаржы бөлініп, аталмыш жұмыстарды орындауға 250 мердігерлік мекеме тартылған болатын. 2010 жылы мемлекеттік бағдарлама негізінде аймақта 11 911 жұмыс орны ашылып, қызметке 12 212 адам орналасты. Еңбекке араласқан қызметкердің орташа жалақысы 34,9 мың теңгені құрап, бұл көрсеткіш жоспарланған деңгейден 26 пайызға көбейген-ді. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысында 8,6 жылу желілері, 82,7 шақырым су құбыры-канализациялық, 40,6 км электр желілері, сондай-ақ 122 км автомобиль жолдары, 38 денсаулық сақтау және 287 білім беру нысандары, 10 әлеуметтік қамту мекемесі, 16 мәдениет үйі мен 5 спорт орындары күрделі жөндеуден өтті.

Аймақаралық және еларалық алуан байланысты қамтамасыз етуде жол-көлік қатынасының қоғам үшін алатын рөлі ерекше. Жалпы облыс бойынша былтырғы жылы жолдарды қалпына келтіру жұмысына 17,3 млрд теңге қаржы бекітілген. Нәтижесінде 569 км автомобиль жолдары ретке келіп, 69 жасанды құрылыс қалпына келтірілген болатын. Жоба аясында атқарылған шаруалар ішінде маңыздылығы басым – Осин өткелі автожолына күрделі жөндеу, Көгілдір бұғаз базасына әкелетін жолды қайта жөндеу жұмыстары атқарылған-ды. Облыс аумағын алып жатқан Омск-Майқапшағай халықаралық жолын қайта жаңғырту мен Таскескен-Бақты автожолдарын ретке келтіру жұмыстары да бағдарлама шеңберінде жалғасын тапты. Былтырғы жылдың қыс мезгілінде қатынас жолдарын қалың қардан тазалауда 730 техника түрі пайдаланылып, жол техникасының 50 бірлігі сатып алынды.

Республиканың шығыс аймағында былтырғы жылы ауыл шаруашылығы саласының жалпы көлемі 88,3 пайызды құрады. Өңірдің ауыл шаруашылық саласын дамытуға түрлі қаржы көздерінен 10,5 пайыздық өсіммен 14,5 млрд теңге құйылды, соның ішінде субсидиялау көлемі 5 млрд теңгеден артық нәтиже берді.

Облыста шаруашылықтың алуан түрі өндіріледі. Мәселен, асыл тұқымды маралдардың үлес салмағы 43,1 пайызға ұлғайса, ара ұяларының жалпы саны 29,2 пайызға артқан. Нәтижесінде бал өндірісі 36,1 пайызға өсіп отыр. Сондай-ақ, егістік алқабы көлемінің ұлғаюы арқасында Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарды ұн және өсімдік майы, картоппен, көкөніспен еш қиындықсыз қамтамасыз етуде.

Облыс көлеміндегі басты капиталдағы инвестициялар көлемі 2,5 пайызға артып, барлығы 151 теңге шамасын құрады. Шығыс Қазақстандағы меншікті сондай-ақ несиелік қаражат көзі болып табылатын көлемді өндіріс орындарына күрделі жөндеулер жүргізілді. Мәселен, Өскемен металлургия кешенінде мыс балқытатын және электролиз зауыты – «Қазмырыш» ЖШС-іне 2010 жылы 101,8 млрд теңге қаржы жұмсалды. Аймақтағы ірі инвестициялық нысандарға қоғам сұранысына сай заманауи қондырғылар орнатылып, қайта жөндеуден өткізілді. Нәтижесінде былтырғы жылы облыс экономикасын қалыптастыру мақсатында қазынадан 29,8 млрд теңгеге инвестиция бөлінген. Соның ішінде 4,6 млрд теңге – жергілікті бюджеттен, 23,3 млрд теңге республикалық қазынадан жұмсалған.

Қойнауы кеңге бай – киелі өлкеде атқарылған инновациялық бағдарламалар жетерлік. Ел экономикасын алға жылжыту мақсатында аймақта атқарылған іргелі істер өз нәтижесін беруде. Шетелдермен іскери байланыс орнатуда Шығыс Қазақстан облысына қарасты аудан-аймақтарға елеулі жиындар жүзеге асып жатқандығы мәлім. Ағымдағы жылы облыстың Шемонаиха ауданында егемен еліміздің 20 жылдық тәуелсіздігі қарсаңында маңызды конференция өткен болатын. Өңіраралық экономикалық, экологиялық, білім мен ғылымның негізгі жүйесін дамыту мақсатында өткізілген шарада облыс көлеміндегі түйткілді мәселелер қарастырылды. Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймағында орналасқан аудандардың түрлі жағдайлары талқыланған конференцияда еларалық ынтымақтастықты нығайтатын келісімге қол қойылды.

Бүгінгі таңда Қазақстан нарығына отандық өнім шығарудың көптігімен көзге түскен шығыс жері - экономикамыздың өрлеуіне үлес қосып жатқан қазыналы өңір. Облыстың қысқа мерзімді және стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру жұмыстары алдағы төрт жылға арналған даму бағдарламасы аясында орындалады деп жоспарланып отыр. Аталмыш бағдарлама шығыс тұрғындарының тұрақты өмір сүруіне кепілдік болатын мемлекеттік жоба болмақ.

481 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы