• Бизнес & Қоғам
  • 08 Желтоқсан, 2011

Қалдықтарды қажетімізге жаратамыз

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бүгінге дейін бірталай жобаны жүзеге асырғаны мәлім. Ел экономикасының жаңа қарқынмен дамуына мол себепші болар бұл жобалардың қатарын тағы бір зауыт толықтырды.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына үлкен тарту болған зауыт Ақтөбе қаласында бой көтерді. Батыс Қазақстан аумағы бойынша бірінші болып осы өңірде жүзеге асырылып жатқан зауыттың коммуналдық кәсіпорындар үшін пайдасы мол болмақ. Олай дейтініміз, жаңа өндіріс орны жерасты инженерлік желілерге қажет қақпақтар мен құдық сақиналары секілді бұйымдар шығарады. Бұрындары кәріз жүйесі мен жерасты инженерлік желілеріне темір металдан жасалған қақпақтар қолданылса, ендігәрі мұндай қажеттіліктер үшін полимерлі-композитті материалдар негізінде жасалған заттар қолданысқа енетін болады. Кез келген пластикалық, оның ішінде түрлі бөтелкелер мен көлік бамперінің сынықтары тәрізді қалдықтардан өндірілетініне қарамастан бұл қақпақтар мен құдық сақиналарының сапасы өте жоғары болмақ. Мамандардың сөзіне сенсек, тауарларды елу жылдан астам уақытқа дейін пайдалануға болады. Сондай-ақ полимерлік композициялардан жасалатындықтан бұрынғы шойыннан жасалатын қақпақтардан өзіндік салмағы әлдеқайда жеңілдей түсетін бұйымдардың бағасы да біршама арзан болмақ.

Өндірістің негізгі шикізаты – табиғи топырақ пен пластик қалдықтары болғандықтан өндіру шығынының көлемі де айтарлықтай аз болары анық. Сондай-ақ өндіріс орнының бір үлкен оңды тұсы – керексіз, қолданыстан шыққан пластик қалдықтарын іске жарата отырып, қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан арылтып, аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға да зор үлесін тигізетіні.

«Зауытта өндірілетін өнімдер шығынды айтарлықтай азайтып, отандық үлесті дамытады», – деген «Тенуса» ЖШС директоры Ғанижан Бақытжанов: «Алғаш шаруашылықты қолға алған кезде отандық өнім өндіру туралы ой болғаны рас. Бірақ істі бірден іліп әкетуге қаржылық жағдайымыз мүмкіндік бермеді. Шаруамызды бір ізге келтіргеннен кейін инновациялық тың жоба ойластыра бастадық және жобаны жүзеге асыру кезінде қомақты қаржы кетпейтін, сондай-ақ бізбен ешкім бәсекеге түсе алмайтын болуы керек деген мақсатты алдымызға қойдық. Осы орайда Мәскеудің ғылыми-зерттеу институтына ұсыныс жасап, олардың әлеуметтік және маркетингтік талдау жұмыстарының нәтижесімен таныстық. Нарықтық экономикадағы жағдайды сараптай отырып, елімізге қай жағынан да пайда әкелетін жобаны қолға алуды жөн санадық. Пластикалық қалдықтарды өңдеу арқылы коммуналдық шаруашылықтарға қажетті бұйымдар шығарсақ, ұтылмайтынымызды білдік. Жобаны жасауға Мәскеу ғылыми-зерттеу институты көмектесті. Сөйтіп, осы жылдың қаңтар айында зауыттың құрылысы басталды. Жобаға жұмсалған 110 миллион теңгенің 30 пайызын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» қорының облыстық филиалы арқылы алдық», – дейді.

Зауыттың жобалық қуаты – жылына 18720 дана құдық сақиналары және 46800 дана қақпақ. Бүгінгі күні өндірісте 20 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың арасында Ресейден арнайы білім алғандары да бар.

2020 жылға дейін компания сантехникалық бұйымдар мен құрылыс кәсіпорындарына қажетті өнімдер өндіретін тағы екі зауытты іске қосуды да жоспарлаған.

659 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы