• Бизнес & Қоғам
  • 08 Желтоқсан, 2011

Қанатты металдың мән-жайы Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Дүниежүзіне кеңінен таралған металдар арасында үшінші орында тұрған – алюминий. Химиялық, физикалық оңды қасиеттерінің арқасында бұл металға деген сұраныс қашан да жоғары болып келген.

Алюминий – күміс түсті ақ түсті, жылуды және электр тогын жақсы өткізетін, созуға, соғуға икемді – созылмалы, жұмсақ, әрі жеңіл металл. Меншікті салмағы – 2,7 г/см3, балқу температурасы – 660ӘС, қайнау температурасы – 2500ӘС, коррозияға берік, қалыпты температурада тұрақты, себебі бетіндегі алюминий оксидінен тұратын жұқа қабыршақ оны тотығудан қорғайды. Сондай-ақ ол амфотерлі элемент, сондықтан қышқылдармен де, сілтілермен де әрекеттеседі. Ол оттегімен жақсы қосылыстар түзе алатындықтан басқа металдарды оттегіден босатып, тез арада таза металға айналдыратын қасиетке ие. Темір тотығын алюминий үгіндісімен араластырып магниймен жандырғанда одан 3000°С градусқа дейін қызу бөлінеді. Осы қасиетінің арқасында адамзат баласы баяу балқитын титан, ванадий, хром алу мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда алюминий, магний және литий қосындылары ұшақ пен зымыран жасауға кеңінен пайдаланылануда. Алюминий құймалары сондай-ақ авто, кеме, ядролық реактор, химиялық аппараттар жасауда, құрылыста, т.б. салаларда, таза металл түрінде электртехникасында ток өткізгіш сымдар, тұрмысқа қажетті бұйымдар дайындау үшін қолданылады.

Алюминий жер бетіндегі мүжілу үрдісінің қалдығы болып саналады. Осылайша жер бетіне эплювиальді бокситтер көптеп жиналып, алюминий рудалары пайда болған.

Бүгінде үлкен сұранысқа ие мұндай металға қазақ жері де кенде емес. Елімізде алюминий бокситінен басқа да жарамды алунит, андалузит, диаспор, нефелинді сиениттер, корунд, кианит сияқты бокситтің қорлары да бар. Олардың көпшілігі Орталық Қазақстандағы кварцит алқаптарында қалыптасқан. Ал алюминий өндірісінің негізгі ошағының іргесі Павлодарда Кеңес заманында қаланды. Оның негізгі шикізат қоры Аманкелді (Арқалық) және Краснооктябрь кен орындарында шоғырланған. Бастапқыда бұл Павлодар алюминий зауыты сапасы төмен бокситтен алюминий тотығын өндіру мақсатына бейімделіп құрылған болатын. Бір айта кетерлігі ол уақытта дүниежүзіндегі алюминий тотығын өндіретін зауыттарда «Байер» технологиясы ғана қолданылса, аталған технологияның соңғы үлгісі – «Байер-жымдастыру» тұңғыш рет Қазақ жерінде өндіріске енгізілген еді. Бұл да болса – елдің алюминий өндірісіндегі бір мақтаныш.

Елімізде алюминий өндірісі кеш басталғанымен, өте жылдам қарқынмен дамыды. 1964 жылдан бері Кереку жерінде тоқтаусыз өндіріліп келе жатқан алюминий өндірісінің бүгінгі қуаты қуантарлық. Бір кездері Қазақ жерінің қыртысынан шыққан талай тонна-тонна бокситті өңдеп, одан алынған металургиялық алюминий тотығын (глинозем) Ресейге сутегін жіберіп келдік. Ал бүгінгі таңда өз жерімізден шыққан өнімді өзімізге – ел игілігіне жаратып отырмыз.

Қазақстанда қазіргі таңда алюминий тотығының өндірісі артып келеді. «Қазақстан алюминийі» АҚ және «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-тан тұратын Қазақстан алюминий кешені пайдалы табиғи қазбаларды өндіріп отырған ірі компаниялар тобы – еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) құрамына кіреді. «Қазақстан алюминийі» АҚ – елдегі ірі өндірушілердің бірі. Ал әлемдік алюминий рыногындағы алюминий өндіріп отырған ең үздік 10 ірі компанияның қатарына кіретін аталған өндіріс орны ТМД елдері кеңістігіндегі тауарлы алюминий тотығын шығаратын екінші ірі орталық болып саналады.

Елдің тек шикiзат көзi емес, дайын өнiм шығаратын мемлекетке айналуын көздеп, соның негізінде жасалған бағдарламаларды қашан да бірінші орынға қойып, қолға алып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 7 алюминий зауытының аумағында зауыт құрылысы басталуының нышаны ретінде салтанатты түрде арнайы капсула салғаны белгілі.

«Қазақстан электролиз зауытының» iргетасы 2005 жылдың 14 мамырында қаланды. 2007 жылы желтоқсан айында құрылыс жұмыстары 27 ай ішінде аяқталған зауыттың алғашқы кезегі пайдалануға берілді. Сол сияқты өндіріс нысанының екінші кезегінің құрылысы жоспар бойынша 2012 жылы тапсыруы тиіс болатын, бірақ ол да жұмыс кестесінен бұрын тәмамдалып, былтыры іске қосылған-ды. Бастапқыда жылдық қуаты 125 мың тонна алюминийге тең болған зауыт енді жылына 250 мың тонна көрсеткішке қол жеткізді. Әрбір электролиздерде газ тазалайтын норвегиялық «Alstom» фирмасының электр сүзгілері орнатылса, зауыттың өндірістік қазандарын осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген, тәжірибесі мол қытайлық мамандар жабдықтаған. Озық технологиямен жабдықталып, жоғары сапалы өнім өндіруге әлеуетті зауыттың екінші кезегінің ашылу салтанатында сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев алюминий өндірісі ел экономикасын жаңа белестерге бастайтынын басып айтқанды.

2009 жылы Павлодардағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-тың өнiмi халықаралық зертханада сынақтан өтiп, ресми түрде Лондон биржасына тiркелдi. Ең сапалы алюминийдің ең жоғарғы стандарты А-9 маркасы болса, жаңа салынған өндіріс ошақтарында А-6 маркалы өнімдер шығаратыны белгілі. Ал «Қазақстан электролиз зауыты» бүгінде А-8, А-85 маркалы алюминийді шығаратын деңгейге жеткен. Бұл – кәсіпорын үшін, Қазақ елі үшін үлкен мақтаныш, әрине. Өйткені жоғары сапалы А-85 маркалы алюминий бiздiң елiмiзден өзге тек Бразилияда ғана өндiрiледi екен. «Қазақстан электролиз зауытында» өндірілетін алюминийдiң салмағы 20 келiнi құрайды.

Павлодардағы «Қазақстан электролиз зауыты» – жоғары сапалы алюминий құймаларын шығаруға мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, сондай-ақ ел нарығын толықтай алюминий өнімімен қамтамасыз ететін кәсіпорын. Өндіріс ошағының өндірген негізгі өнімінің 90 пайыздан астамы өзге елдерге экспортталады. Ал елімізде «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ өнімінің басты тұтынушысы – «Қазэнергокабель» АҚ-ы. Бұрындары сым шығаруға қажетті алюминийді Қытай мен Ресейден тасымалдап, біраз бейнеттенген кәсіпорын бүгінде отандық өнімді өз пайдасына жаратып, ел экономикасының өрлеп, нарықтың нығая түсуіне себебін тигізіп отыр.

806 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы