• Қаржы
  • 15 Желтоқсан, 2011

Жаңа индустрияландыру бағдарламасы Көксарай: тоқшылық пен қауіпсіздік кепілі Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Еліміздің оңтүстік өңірінде, Сыр атырабында шалқыған көгілдір айдын – Көксарай су қоймасы пайда болды. Осылайша халықтың жылдар бойғы арманы өңірде қолға алынған жаңа индустрияландыру бағдарламасының аясында жүзеге асты.

Сырдың бойын жайлаған жұрт жылдар бойы еріген қармен арнасынан асып-таситын дария тасқынынан зардап шегіп келді. Жыл сайын су тасқынынан зиян шеккен Қазақстанның оңтүстігіндегі 4 облысқа бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінетін. Қызыл су жеткенде асығыс бөгеттер тұрғызылатын, тасқын шайған шаруашылық қалпына келтірілетін, үйсіз-жайсыз қалған жұрт көмек алатын не көшірілетін. Қорғаныс үшін соңғы 35 жылда ұзындығы 526 шақырым бөгет салынған. Жолындағыны жапырып өтер жойқын суға апатты жағдайда салынған бөгеттер тосқын емес. Жұлып әкетіп, ауыл-ауылды, мал-құс пен егістік біткенді шайып кете барады. «Қазселденқорғау» мекемесінің мәліметтеріне сәйкес, су тасқыны басып қалатын аймаққа Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 18, Қызылорда облысынан 51 елді мекен кіреді екен. Ондағы халықтың жалпы саны 401,1 мың адам, оның ішінде 199,2 мың адам қоныс аударуға жатады. Қыс-көктемде осыншама әуре-сарсаңға салған мол су жазғытұрым қайтады. Жаз айларын су жетпеген аймақ таңдайы кеуіп, шөліркеумен өткізеді.

Өз бастауын Нарын және Қарадария өзендерінің түйісуінен, Ферғана алқабынан алатын Сырдария өзені Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанның аумақтары арқылы ағып өтеді. ТМД кеңістігіндегі қазіргі су-энергетикалық жүйеге сәйкес, бұл мемлекеттер бір-біріне су жіберу туралы әрдайым өзара келісімдер жасасуға мәжбүр. Әрине, мұндай жағдайда әркім көрпені өзіне тартқысы келеді. Осыған орай Орталық Азия мемлекеттері іс-қимылдарының үйлестірілмеуінен трансшекаралық дарияның суын пайдалануды реттеуге байланысты шешімін күткен мәселелер аз емес.

Мәселен, Өзбекстан 1992, 1998 жылдардағы мемлекетаралық келісімдерді белден басып, өз аумағындағы Сырдария бойында Арнасай су қоймасын тұрғызды. Бұл құрылыс көктем кезінде қауіп төндіретін Сыр суын қауіпсіз аймаққа бұратын жолды жауып тастады. Бұған қоса тағы да бірнеше су қоймасын салуды жоспарлаған бұл ел дәрия бойында қандай да бір су жинайтын нысан салмау туралы мемлекетаралық ұйғарымға қайшы әрекетке барып отыр. Ал Қырғызстан Тоқтағұл ГЭС-ін қыста энергетикалық режімге ауыстырғанда нөпір су Шардара су қоймасын кемеріне келтіре толтырып тастайды. Амал жоқ, Арнасай арқылы артық су Өзбекстанға беріледі. Осылайша Қазақстан жыл сайын жаз шыға көршілерден су сұрап, қыс түсе су жібере көрме деп жалынуға мәжбүр болды.

Осынау түйткілді жәйттің түйінін шешудің бірегей жобасы ретінде Көксарай су қоймасын салу әлдеқашан ұсынылғанымен, кемшін тұстары алға тартылған бұл мәселе кейінге ысырылып келді. Соңғы оншақты жылдың жүзінде айтыс-тартыстың өзегіне айналған Көксарай су реттегішін салу оңай болған жоқ.

Сырдария өзенінде Көксарай су реттегіші құрылысын салуға қатысты созылып кеткен дауға соңғы әрі шешуші нүктені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойды. Елдің оңтүстік өңірі тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығы жайлы Президент: «Осындай үлкен шығындарға барып, жаңа су қоймасын салу деген оңай шешім емес. Бірақ бізде амал жоқ, сондықтан мәселені түпкілікті шешеміз: Көксарай салынады. Бұл, мысалы, Қазақстанның батысынан оңтүстігіне өткізілген газ құбыры сияқты әлеуметтік нысан. Ол табыс әкелмесе де көптеген проблемаларды шешуге көмектеседі», деп атап көрсетті.

Сонымен, Мемлекет басшысы үкіметке 2008 жылы Сырдария өзенінде тасқынға қарсы Көксарай су реттегішін салуды бастау туралы тапсырмалар берді. Сол жылдың 18 наурызы күнгі үкімет отырысында Көксарай су қоймасын салу туралы шешім қабылданып, оны жүзеге асыру жөніндегі бағдарлама әкімшісі болып төтенше жағдайлар министрлігіне бекітілді. Құрылысты бастауға қажетті қаражат бөлінді. Стратегиялық нысанның құрылысын салу және «Медеу», Үлкен Алматы, Қарғалы, Сарқант, Ыстық, Қаскелең, Бартоғай биік таулы бөгеттер мен су қоймалары, Үлкен Алматы арнасы, «Талғар» бөгеті, Төменгі Көлсай кешені мен көптеген инженерлік-қорғаныс, гидротехникалық құрылыстарды салып, пайдалануға берген «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесіне жүктелді.

Көксарай су реттегішінің құрылысына 2008-2009 жылдары 150-ден аса құрылыс ұйымы тартылып, 7 500-ден астам адам жұмыс істеді. Құрылыс жұмыстарына негізінен жергілікті халық тартылды. Осылайша дағдарыс жылдарында басталған осынау ауқымды құрылыс алаңы өңірдегі әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына көмектесті. Халық жұмыспен қамтылды, экономикалық ахуал жақсара түсті. Құрылысшылар алып кешен құрылысының негізгі бөлігін екі жылдың ішінде салып үлгерді. Қыста су тасқынынан, ал жазда құрғақшылықтан қорғайтын кешен құрылысына мемлекеттен 50 млрд теңге қаржы бөлінді.

2010 жылғы 18 наурызда Президенттің қатысуымен Көксарай су реттегіш құрылысы бірінші кезегінің стратегиялық маңызды нысан ретінде іске қосылу рәсімі өткен еді. Елбасы Шардара су қоймасындағы күрделі жағдайдың енді реттелетіндігін айтып, осы жауапты жұмыстың басы-қасында болған азаматтарға ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Оңтүстік облыстарды су тасқынынан қорғау мақсатындағы Көкорай су қоймасының құрылысы былтыр желтоқсан айында аяқталды. Екі жарым жылдың ішінде кең далада көгілдір айдын пайда болды. Өзенге ұқсас алып шлюз бен арналар және 45 шақырым жерді алып жатқан бөгет — жалпы нысан соңғы сынақтан өтті. Бірінші кезегінің пайдалануға берілуімен Көксарай су реттегішінде 1 млрд текше метр су жиналса, биыл жыл басында ол толық жобалық қуатында – 3,0 млрд текше метр су жинайтын көлемде жоспарға сәйкес уақытында іске қосылды. Көксарай су реттегішінің ең басты маңызы – Шардараны арнасынан шығып кетуден сақтайды. Демек адамдар өміріне қауіп-қатер төнбейді, Сырдария жағасындағы елді мекендердің қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар енді қыс-көктем жиып алған тасқын су жазда суармалы шаруашылықты өңірдің қажетiне жаратылады. 2010-2011 жылдардағы су тасқыны кезіндегі су қоймасында жинақталған ағынның көлемі 2,2 млрд текше метрді құрады. Көктем мен жаз айларында Көксарайда тұрған судың артығын Сырдария арнасына және Кіші Аралды толтыру үшін жіберіп, Шардара суын кейiн пайдалану мүмкіндігі туды. Бұл күрiш өсіретін облыстардың суландыру жүйелерiн қамтамасыз етуге және балықтың көбейуiне оң ықпал етеді дейді мамандар. Су реттегішінің бір пайдасы осындай. Сондай-ақ мамандардың айтуынша Көксарай су қоймасының бір артықшылығы мынада. Қазақстан жоғарғы шектерде Қырғызстан және Өзбекстаннан Арнасай су қоймасына артық су жiберу үшiн суды демпингтi кiшiрейту үшiн сұраныс жасады. Он жыл бұрын 30 миллиард текше метр тұщы су сонда жiберілген. Ендi су Қазақстанда қалатын болады.

Міне, Елбасының батыл шешімінің арқасында Сырдария өзенінің сағасында жатқан ұлттық ішкі өнімдегі үлесі 15 пайызды құрайтын аграрлық бағыттағы екі облыстың халқы жылдар бойғы су тасқыны алдындағы үрейден арылып, тіршілік нәріне сусаған егіндіктер мен шабындық толықси тербелетін болды.

Су – жер бетіндегі тіршілік атаулының өзегі. Сусыз өмір жоқ. Бүкіл Жер шарында су мәселесі алдыңғы кезекке шығып отырған қазіргі күні барлық мемлекеттер үшін өз халқын тұрақты сумен қамтамасыз ету – ең өзекті ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің санатында қарастырылуда. Біздің елімізде де сумен қамтамасыз ету ел басшылығы тарапынан бірінші кезекте көңіл бөлініп отырған мәселенің бірі болып табылады. Бұл мәселенің өзектілігі еліміздегі бар су ресурстарының шектеулілігімен, су қорының ел аумағында әркелкі бөлінуімен, қазіргі даму кезеңіне сай орын алған елеулі өзгерістермен, трансшекаралық өзендер суларының жоғары деңгейде ластануымен сипатталады. Сала мамандары мен сарапшылардың пікіріне қарағанда, келешекте көрші мемлекеттер аумақтарынан шекаралық өзендер ағысының қысқаруы, сондай-ақ климаттық жағдайлардың өзгеруі жергілікті өзен-су ағыстарының азаюына әкеледі. Осының салдарынан елімізде сумен қамтамасыз етуге байланысты қиыншылықтар туындауы мүмкін. Бұл өз кезегінде қай елдің болмасын әлеуметтік-экономикалық дамуына және экологиялық қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан елімізді сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатындағы іс-шаралардың басында экономиканың аса маңызды су шаруашылығы саласын түбегейлі реформалау ісі тұр. Осы тұрғыдан алғанда, Көксарай су қоймасын салу арқылы Қазақстан Сырдария бассейнінің сағасындағы өзен ағысын реттеу сынды ең өзекті мәселенің шешімін табуға қол жеткізді. Бұл жерде біз үшін ең маңыздысы – «Сырдария өзеніндегі Көксарай су реттегіші құрылысы кешенінің» жобасы трансшекаралық өзен ресурстарын пайдалануда Қазақстанның тәуелсіздігін қамтамасыз ететіндігі болса керек.

1970 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы