• Қаржы
  • 11 Қыркүйек, 2014

Ислам қаржысы

Қазіргі таңда елден тысқары қаржы көздерін тауып, іске қосу жолымен Қазақстан экономикасын әртараптандыру мәселесі өткір күйде тұр. Мұндай қаржыландыру көзі ретінде ислам қаржы-несие институттары қарастырылуда. Олардың нарыққа ұсынып отырған құралдары мен қызметтері ел экономикасын несиелеудің балама формасы әрі инвестиция тартудың қосалқы тетігі болып табылады.Ислам банкингі мен исламдық қаржыландыру құралдарын енгізу мақсатына орай бұдан бес жыл бұрын «Исламдық банктерді ұйымдастыру мен олардың қызметі және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң әзірленіп, қабылданды.

Заңның қабылдануы Қазақстанда исламдық банктердің, исламдық инвестициялық қорлардың қызметін ұйымдастыруға және исламдық қаржы құралдарын енгізуге кең мүмкіндік ашты. Исламдық қаржы институттары дәстүрлі кредиттік институттар сияқты қаржылық қызметтердің жүйелік қауіп-қатерін төмендету және тұтынушылар құқықтарын қорғау мақсатында рет­теуші ұйым – Ұлттық банк тарапынан лицензияланып және реттеліп отырады.

«Ислам банктері туралы» Заңға қол қойылғаннан кейін, енді «Банктер және банк қызметі туралы», «Бағалы қағаздар туралы» Заңдарға, Салық кодексіне ислам банктерінің қызмет ерекшеліктерін есепке ала отырып, өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ал, 2010 жылдың тамыз айында республикада исламдық қаржыландыруды дамыту жөніндегі 2010-2012 жылдарға арналған Жол картасы бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама тізіміне келесі мақсаттар: ислам қаржы құралдарын мемлекеттік органдармен дамыту және енгізу шараларын үйлестіру, ислам қаржы институттарын ашу және тартуға жағдай жасау, халықаралық ислам қаржы ұйымдарымен өзара қарым-қатынастарды ұйымдастыру, ислам қаржысы бойынша сауаттылықты жетілдіру, сонымен қатар инвестицияларды тарту кіреді. Жол картасын жүзеге асыру елімізде ислам қаржы қызметінің индустриясының тұрақты дамуына жағдай жасауға, эмитенттердің көлемін, инвесторлар мен кәсіби нарықтық қатысушыларды жасақтауға себепші болады.
«Исламдық қаржыландыруды дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы» Республика  Үкіметінің  2012 жылғы 29 наурыздағы № 371 қаулысымен бекітілді. Жол картасын жүзеге асыру елімізде ислам қаржы қызметінің индустриясының тұрақты дамуына жағдай жасауға, эмитенттердің көлемін, инвесторлар мен кәсіби нарықтық қатысушыларды жасақтауға себепші болады. Көрсетілген құжат сонымен қатар 2020 жылға дейін Алматыны жетекші өңірлік қаржы орталығы болып қалыптасуына, жалпы ислам қаржысы орталығы ретінде Қазақстанның мәртебесін халықаралық деңгейде күшейтуіне қолғабыс етеді. Өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу жөніндегі бағдарламада ислам қаржы құралдарын мемлекеттік органдармен дамыту және енгізу шараларын үйлестіру, ислам қаржы институттарын ашу және тартуға жағдай жасау, халықаралық ислам қаржы ұйымдарымен өзара қарым-қатынастарды ұйымдастыру, ислам қаржысы бойынша сауаттылықты жетілдіру, сонымен қатар инвестицияларды тарту сияқты мақсаттар бар.
Ислам банктерінің жұмысы жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделеді. Банктер несиені үстеме ақысыз береді, бірақ кәсіпкерлерге тиесілі табысқа ортақтасады. Расында да, ислам қаржы мекемелерінің пайызсыз несие беруі, кәсіпкердің тәуекелін бірлесе көтеруі, қаржылық және моральдық жауапкершілікте болуы ислам банкингінің танымалдығын арттырып, оның қызметін тұтынушылар бойында қоғамдағы әділеттілік пен парасатқа деген сенімін қалыптастыратынын әлемнің белді экономистері мойындап отыр.  
Ислам банкі қызметінің, операцияларының және мәмілелерінің талаптарға сәйкес болуын айқындау үшін ислам банкінде міндетті түрде исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес құрылады. Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес директорлар кеңесінің ұсынысы бойынша ислам банкі акционерлерінің жалпы жиналысы тағайындайтын тәуелсіз орган болып табылады.
Ислам банкінің операцияларын жүргізудің жалпы талаптары туралы ережені, Ислам банкінің ішкі кредиттік саясаты туралы ережені исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңестің оң қорытындысы болған кезде ислам банкінің директорлар кеңесі бекітуге тиіс. Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес ислам банкінің қызметіне ислам банкі сақтауға міндетті өзге де талаптарды қосымша айқындауға құқылы болады.
Исламдық қаржыландырудың негізгі принциптері мыналар:  эмитенттің ислам бағалы қағаздарын шығару кезінде ислам бағалы қағаздары құнының проценті түріндегі сыйақыны есептеп шығаруға, сондай-ақ ислам бағалы қағаздары бойынша табысқа кепілдік беруге құқығы жоқ; ислам бағалы қағаздарын шығару және орналастыру нәтижесінде алынған қаражат темекі, алкогольдік өнімдерді, қару-жарақ пен оқ-дәріні шығаруға және саудалауға, құмар ойын бизнесімен байланысты қызметті, сондай-ақ исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес қаржыландыруға тыйым салған кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерін қаржыландыруға бағытталмауға тиіс.
Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес ислам бағалы қағаздары эмитентінің қызметіне қойылатын сақталуға міндетті өзге де талаптарды қосымша айқындауға құқылы. Ислам банктері дәстүрлі банктер жүргізетін операциялардың барлығын жүргізеді. Ислам банкингінің терминологиясы әзірге бізге бейтаныс болғандықтан, оларды оқырмандарымызға түсінікті ұғымдармен санамалап өтейік. Атап айтқанда жеке және заңды тұлғалардан талап етуге дейінгі процентсіз депозиттерді қабылдау, жеке және заңды тұлғалардың банк шоттарын ашу және жүргізу; жеке және заңды тұлғалардың инвестициялық депозиттерін қабылдау; банктік заем операциялары: ислам банкінің мерзімділік, қайтарымдылық талаптары бойынша және сыйақы алмай ақшалай нысанда кредиттер беруі; кәсіпкерлік қызметті мынадай түрде қаржыландыру: коммерциялық кредитті бере отырып, сауда делдалы ретінде сауда қызметін қаржыландыру; заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу жолымен және әріптестік талаптары бойынша өндірістік және сауда қызметін қаржыландыру; лизинг (жалдау) талаптары бойынша инвестициялық қызмет; ислам банкінің банк операцияларын жүргізу кезіндегі агенттік қызмет ислам банкінің банк операцияларына жатады.
Ислам банкі табыс алу немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де мақсаттарға қол жеткізу мақсатымен әріптестік туралы шарттың негізінде өндірістік және сауда қызметін қаржыландыруға құқылы. Әріптестік туралы шартта (заңды тұлғаны құруға байланысты әріптестік туралы шарт) заңды тұлғаны құру жөніндегі талап көзделуі мүмкін.
Әріптестік туралы шарт исламдық қаржыландыру принциптері бойынша кеңестің оң қорытындысын алғаннан кейін жасалуы мүмкін. Ислам банкінің қатысуымен жасалған қарапайым серіктестік шартында бірлескен қызметтің мақсаты, шарттың қолданылу мерзімі немесе олардың туындауына байланысты шарт тоқтатылатын талаптар, бірлескен қызметтен түскен табысты бөлу тәртібі және кезеңділігі, қатысушының шарт талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілігі, бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін қатысушылардың әрқайсысы енгізген мүліктің тізбесі, түрлері және құны туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Егер шартта өзгеше көзделмесе, қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүліктегі үлесінің мөлшері бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін енгізілген мүліктің құнына бара-бар айқындалады. Шартта бірлескен қызметтен түскен табыс бөлігін қайырымдылық мақсаттарға пайдалану туралы талаптар көзделуі мүмкін.
Бірлескен қызметтен түскен табыс, ислам банкі қатысатын қарапайым серіктестік шартына қатысушылардың жалпы шығыстары мен залалдары, егер шартта өзгеше көзделмесе, ортақ мүліктегі үлеске бара-бар бөлінеді. Ислам банкі қатысатын қарапайым серіктестіктің табысы күтілетін табыс ескерілмей, нақты нәтижелер бойынша бөлінуге тиіс. Қарапайым серіктестікке қатысушының табысы тіркелген ақша сомасы түрінде белгілене алмайды. Қарапайым серіктестіктің ортақ мүлкі жеткіліксіз болғанда оның қатысушылары қарапайым серіктестік шартына байланысты міндеттемелер бойынша ортақ мүліктегі үлестерге бара-бар жауаптылықта болады.
Ислам банкі дәстүрлі банктерден екі бағыты бойынша айырмаланады: этикалық пікір мен банкілік өнімдер, мұндағы екіншісі біріншісінен туындайды. Қалған бағыттары бойынша бұл екі банкілік жүйелер  ұқсас. Ислам банкі түсінігінің өзі ислам этикалық нормаларының мұндай банкті құрудағы және банкішілік үдерістердегі басымдылықты білдіреді. Ислам банкінің исламдық еместен түбегейлі ерекшелігі, исламда тыйым салынған пайыздарды алу мен төлеу салдары тәрізді,  ислам ғалымдарымен  өсімқорлыққа теңестірілген банктік пайыздардан толық бас тартудан тұрады.
Әлемдік тәжірибеде ислам банкингі келесі үлгілерде ұйымдастырылуы мүмкін: «ислам терезесі» – қарапайым коммерциялық банктің ішінде құрылады, ол дәстүрлі және ислам банкілік операцияларын қатар жүргізеді, алайда ислам өнімдері жөніндегі бухгалтерлік есеп жеке жүргізіледі; «исламдық бөлімше» – «ислам терезесіне» ұқсас, бұл жағдайда коммерциялық банк жеке ислам бөлімшесін құрады, алайда бухгалтерлік есеп жеке жүргізілмейді; «еншілес компания» – коммерциялық банк ислам қаржылық қызметтерін көрсету жөніндегі арнайы еншілес компания құрады. Бұл жағдайда аталған компания ислам банктік өнімдері бойынша дербес қаржылық саясатты тұжырымдайды және іске асырады, бірақ тек аталық банктің жалпы бизнес стратегиясының аясында ғана. «Толық ислам банктері» – дербес ислам банктері, әзірленген банкілік саясат пен стратегияға сәйкес өз бөлімшелері арқылы ислам қаржылық қызметтерінің толық кеңейтілген түрлерін көрсетеді.
Ислам банкі өз клиенттерінің негізінен қысқа мерзімді негіздегі сауда операцияларын жүргізу үшін, өзінің клиенттерінің сауда операцияларын жүргізуге қажетті арнайы талаптар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді. Мұндай арнайы қызметтер сатып алу-сату операцияларын, импорттық-экспорттық операцияларды, сондай-ақ қойма операцияларын жүзеге асыру барысында көрсетіледі. Дәстүрлі банкингтің тілінде, операциялардың мұндай түрлері аккредитив деп аталады. Аккредитивтер ислам банкингінде салям, мурабаха, истисна және  мушарака мәмілелерінде қолданылуы мүмкін.
Одан өзге, әлемдік тәжірибеде ислам банктері белгілі ақыға қор нарығында делдалдық қызметтерді де, консультациялық қызметтерді, сонымен қатар аталған мәмілелерде  риба (пайыз) және гарар (белгісіздік) болмауы міндетті талабы сақталған кезде валюта айырбастау жөніндегі қызметтерді (сарф) көрсете алады. Валюталық операциялар форвард талаптарында бола алмайды, олар спот талаптарында жүзеге асырылуы тиіс.
Бүгінгі таңда елімізде «Әл-Хилал» банкі, «Фаттах Финанс» және «Такафул» сияқты исламдық институттар тіркеліп, жұмыс істеуде. Бұлар отандық және халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтасу арқылы ислам қаржы нарығының жүйелік тұрғыдан дамуына ықпал етуде. Міне, осыған орай Қазақстан посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып ислам қаржысы моделін қалыптастырып, ислам банкингі құрылымдарын құрып қана қоймай, классикалық және исламдық жүйелер үйлесімдігіне қол жеткізіп отыр.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ

2125 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы