• Қаржы
  • 11 Қыркүйек, 2014

Құрылыста кідіріс жоқ

БҚО-да өткен алты айдың жұмыс  қорытындылары бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 113,2 мың шаршы метр үй пайдалануға тапсырылып,  жылдық жоспар 48,5 пайызға орындалды. Бастысы, барлық қаржы-қаражат уақытылы әрі толығымен игеріліп, құрылыс жұмыстары сапалы орындалуда.Облыстық құрылыс басқармасының ұсынған ақпараты бойынша, 2014 жылы «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын  жүзеге асыру мақсатында өңірімізге республикалық бюджеттен 6,2 млрд. теңге бөлінді. Бұған 233,4 мың шаршы метр тұрғын үй салып, қолданысқа беру жоспарланған. Мұның ішінде мемлекеттік қолдау есебінен  34,4 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынады.


– Жергілікті атқарушы органдарда  кезекте тұрғындар үшін жалдамалы  тұрғын үй құрылысы да басты назарда. Осы бағыттағы үй құрылысына республикалық бюджеттен 626,2 млн. теңге бөлінді. Бөлінген қаржыға 7,8 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізіп, пайдалануға тапсыру  жоспарланды. Бүгінде сол қаржы есебінен Ақсай қаласындағы 75 пәтерлік тұрғын үй құрылысы аяқталды. Орал қаласында үлгілік жобалар негізінде (60 және 100 пәтерлі) екі көп пәтерлік үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Ақжайық, Зеленов, Қаратөбе Жаңақала, Жәнібек және Сырым аудандарының елді мекендерінде  бір-екі пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы басталды, – деді БҚО құрылыс басқармасының басшысы Жасұлан Сүйіншәлиев.
Биыл өңіріміздегі жас отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысына  республикалық бюджеттен  1,1 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға 10,9 мың шаршы метр тұрғын үй салып, қолданысқа беру көзделген. Бөлінген қаржы есебінен Орал және Ақсай қалаларында екі 90 пәтерлік үй салынып, қолданысқа берілді. Сонымен бірге Оралда 90 пәтерлік екі үйдің құрылысы жүргізілуде.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар үшін республикалық бюджеттен 1,6 млрд.теңге бөлініп, 15,7 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беру жоспарланды. Қазіргі уақытта Орал қаласында 90 пәтерлік үй құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Облыс орталығында құрылысы өткен жылы басталған үш көп пәтерлік (370 пәтер) тұрғын үйдің  құрылыстары аяқталуда. Биылғы мамыр айында Ақсай қаласында 144 пәтерлік және Орал қаласында екі көппәтерлік (216 пәтер) тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй алаңдарына инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылым тарту үшін республикалық бюджеттен 2,9 млрд. теңге бөлініп,  бұл қаржыға 120 шақырым желі іске қосылуы тиіс. Жалпы қорыта айтсақ, 2014 жылдың қорытындысы бойынша 11 көппәтерлік (1040 пәтер) және ауылдық жерлерде 24 бір пәтерлік  (24 пәтер) үйлерді қолданысқа беру жоспарланған. Соның ішінде атап көрсетер болсақ, тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысушылары үшін  4 көппәтерлік, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін 3 көппәтерлік және жас отбасыларына арналған 4 көппәтерлік тұрғын үй құрылыстары аяқталып, пайдалануға беріледі.  Биыл БҚО бойынша барлығы 1064 пәтерде қоныстойы өтеді деп күтілуде.
– Облыста құрылыс жұмыстарымен айналысатын компаниялар жеткілікті. Құрылыс жұмыстары негізінен жергілікті құрылысшылармен атқарылуда. Атап айтар болсақ, құрылыс нысандарын, соның ішінде тұрғын үй салуда «Болашақ-Т», «СВ+», «Домостроитель», «АлТим», «АзияТехСтрой», «Алим», «Жайықсельстрой», «Марасант», «Назтур»,   «Отделстрой» сықылды ЖШС-лар мен өзге де компаниялар жауапкершілікпен жұмыстанып, құрылысты сапалы жүргізіп келеді. Құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында өңіріміздегі барлық құрылысшыларды, құрылыс саласының мамандары мен ардагерлерін өздерінің төл мерекелерімен құттықтап, дендері сау, отбасылары аман болсын дегім келеді, - деді БҚО құрылыс  басқарманың басшысы Жасұлан Сүйіншәлиев.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы

 

693 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы