• Қаржы
  • 11 Қыркүйек, 2014

Бағалы қағаздар нарығы

Бүгінгі сөздік қорымыздағы мағынасы мол сөздердің бірі – «нарық». Соған сәйкес   бұл ұғым әдеттегі экономикалық мәннен тысқары түсініктерді де қамтуда. Баспасөз бетіне үңіле қалсаңыз, «білім нарығы», «ғылым нарығы», «сән нарығы», «дән нарығы» деген бір-бірінен  қашық қоныстанған тіркестерді ұшыратасыз. Дегенмен, сол «нарық» терминінің түп-төркіні – сан-салалы шаруашылық қарым-қатынастар екендігі даусыз.Экономиканың аса маңызды бөлігі – қаржы нарығы өз кезегінде ақша нарығы мен қор нарығына және валюта нарығына жіктеледі. Бұған сондай-ақ бағалы қағалы қағаздар нарығы да кіреді. Бағалы қағаздар дегеніміз күнделікті тыныс-тіршілігімізге сіңісіп кеткен кәдімгі облигация мен акция. Үкімет осындай бағалы қағаздарды шығара отырып, республикалық бюджеттің тапшылығын және инфляцияны болдырмау жағын  қарастырады, осыған орай Ұлттық банк айналымдағы ақша қозғалысын бабымен реттеуді көздейді.


Қадам басқан сайын кезігетін акционерлік қоғамдар,  сақтандыру компаниялары, инвестициялық және мемлекеттік емес зейнетақы қорлары осы аталған бағалы қағаздар нарығына қатысушылар қатарына жатқызылады. Тілге тиек етілген акция дегеніміз кәсіпорындар мен ұйымдардың қандай да бір акционерлік қоғамды дамыту үшін  қаржы салғандығын куәландыратын және иесіне акционерлік қоғам пайдасының бір бөлігін табыс ретінде алуға құқық беретін бағалы қағаз болып табылса, облигация өз иесінің ақша салғандығын куәландыратын және көрсетілген мерзім ішінде оған осы бағалы қағаздың құнына белгіленген пайызды төлей отырып, өтем беру міндеттемесін мақұлдайтын қаржылық құжат саналады.
Акция, облигация және басқа бағалы қағаздарды шығару арқылы капитал таратуды көздейтін заңды тұлғалар эмитент деп аталады. Эмитенттің кім болғанына байланысты бағалы қағаздар мемлекеттік, муниципалдық және корпоративтік болып үш түрге бөлінеді. Мемлекеттік бағалы қағаздар мемлекеттің  сыртқы және ішкі қарыздарын қайтару мақсатында шығарылады. Ұлттық жинақ облигациялары осы мемлекеттік бағалы қағаздар қатарына жатқызылады. Бағалы қағаздардың ауруханалар, балалар бақшалары мен мектептер, тұрғын үйлер салып, жол төсеу және аймақтың басқа да әлеуметтік мәселелерін шешу үшін жергілікті атқарушы органдар шешімімен жергілікті бюджеттен шығарылатындарын муниципалдық,  ал кәсіпорындар мен ұйымдардың жарғылық қаржысын қалыптастыру немесе шаруашылық қызметін жүзеге асыру мақсатымен шығарылатындарын  корпоративтік бағалы қағаздар деп атайды.
Кәсіпорындардың кейбіреулері эмитент, яғни айналымға бағалы қағаздар  шығарушылар болып табылса, ал екіншілері инвестор ретінде қызмет атқарады. Өйткені, жаңа технология енгізу, өндірісті жаңғырту, қайта құру  әрдайым қолда бола бермейтін қомақты қаржыны талап етеді. Сондықтан да олар қарыз қаражат нарығына өз бағалы қағаздарын шығарады.
Ислам қаржы жүйесіндегі бағалы қағаздардың негізгі түрі   «сукук» деп аталады. ‘’Сукук’’ сөзі араб тілінде ‘’заңды құжат’’, ‘’акт’’, ‘’түбіртек’’ деген ұғымды білдіреді. Қазіргі таңда әлемнің іргелі қаржы орталықтары осы бағалы қағаздарға назар аудара бастады. Бұл орайда Малайзия мемлекеті қара үздіріп  алда келеді. Айтқандай-ақ, бүгінгі таңда шығарылған 673 млрд. долларлық барлық сукук облигацияларының 490 млрд-ы осы елге тиесілі. Оның ішінде 475 млрд-ы жергілікті инвесторлар үлесінде. Бұл үдерістен өзге Азия, Еуропа елдері де қалыс қалмауда. Мәселен, осы мақсатпен Гонконг өзінің салық саясатына өзгерістер енгізсе, Ресей Федерациясында үш қаржылық компания ислами бағалы қағаздар шығарумен айналысып келеді. Ал, Англия болса, Батыстағы ислам қаржысының орталығы саналады.  
Ислами бағалы қағаздарды еліміздің қор нарығына шығарып, айналымға енгізу мақсатында Қаржы министрлігінің бастамасымен  мемлекеттік ислами бағалы қағаздар шығару құқығын қарастыратын «Исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Заң қабылданды. Қазақстан заңнамасы бойынша қазіргі таңда  оны шығару құқығына ислам банктері мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және «ҚазАгро»  холдингі ғана ие.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің кафедра меңгерушісі

 

2623 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы