• Қаржы
  • 11 Қыркүйек, 2014

ОҢТҮСТІК ФЕРМЕРЛЕРІ БЕКІРЕ ӨСІРУДЕ

Оңтүстік Қазақстан облысында бекіре балығын өсірудің қолға алынғаны біреу болмаса біреуді таң қалдыруы мүмкін. Әдетте қара уылдырық пен қызыл балық жайлы айтылса, бірден Атырау еске түседі. Енді бұл ұғым түбегейлі өзгереді. Толағай теңізі тұрмақ, үлкен көлі де жоқ, ауа райы өте ыстық оңтүстіктің фермерлері енді бекіре балығын өсіріп, одан мол пайда табуды көздеуде. Әр нәрсенің сәті біледі ғой.  Қазіргі заманда ештеңеге таң қалуға болмайды. Құстың сүтінен басқаның бәрін табуға, не жасауға болады. Адамның ақыл-ойы көктегі ғарышты да меңгерді, компьютерді, роботты да ойлап тапты. Осыны ескерген болуы керек, оңтүстіктің іскер азаматтары теңіз, өзенді қолдан бұрмаса да, мөлдір қайнардан атқылап шығып жатқан мол судан хауыз-бассейн жасап, бекіре өсіруге нартәуекел етіпті.  


Бұл шараға балық өсіруші фермерлер бұдан 2 жыл бұрын бел шешіп кіріскен екен. Алғашқыда олар өз шаруашылықтарының тұқым бағындағы хауыздарға қызыл балықтың 1500 түйір шабақтарын әкеліп жібереді. Аз ғана уақыттың ішінде майда шабақтар тез өсіп-жетіліп, уылдырық шаша бастаған. Әдетте бұған дейін теңіздің ащы суында ғана кездесетін бекіре балығы енді таудың бұлағында да өздігінен өсіп көбейуге бейімдігін танытқан.
Бір кездері Григорий Царев те қолына қармағын алып, өзен жағалайтын. Қазір  фермер балық өсірумен айналысып жүр. Өткен жылдың күз айында Алматыдан әкелінген шабақтардың салмағы қазір екі келіден асты. Олар жетіліп, уылдырық шашу үшін кем дегенде екі-үш жыл керек. Барлық хауыздар автоматты жүйе арқылы басқарылады. Бастапқыда қалай болар екен деген қобалжу болды. Қазір жаман емес, қиындықтың бәрі артта қалды.
– Бір хауызға 40 текше метр су кетеді. Тұйықталған жүйеге бірнеше рет сүзбеден өткен бастау суы құйылады және де ол сағат сайын жаңартылып тұрады. Іштегі су тұрақты айналыста болады. Бұл ыдыста шамамен алғанда 5 тоннадай қызыл балық  шабақтары бар. Аналығы мен аталық басы бөлек бөшкелерде тұрады. Күтімі келіссе, бекіренің беретіні көп екендігі ғылым жүзінде дәлелденген. Жылына 40 тонна балық еті мен 30 келі қара уылдырық аламыз деген ниет жоспарымызда бар, – дейді балық өсіруші, фермер Григорий Царев.
Қожалық бұдан бөлек бекіре тұқымдас балықтың бірнеше түрін өсірумен айналысады. Өздері өсірген балықтан уылдырық алып, балықты қолмен көбейткен. Қазір алты бассейнде мыңдаған форель балығы бар. Таудың өзен-көлдерінде ғана кездесетін балықтың бұл түрі өте нәзік келеді. екен. Сондықтан балықшылар олардың күтіміне айрықша мән береді.
– Балық тез өсіп жетілуі үшін бірінші кезекте судағы оттегі мөлшері тиісті деңгейде болуы керек. Әр сағат сайын қысымды өлшейтін қондырғыны тексеріп тұрамыз. Күніне бес рет жем шашылады. Өсімі жақсы, – дейді балық өсіруші Татьяна Чернышова.
Бір жақсысы, фермерлер келушілерге қармақ беріп, балық аулатады. Осылайша, қосымша туристік жүйені де жетілдірмекші. Дегенмен, бұл салада кемшін түсіп жатқан түйткілдер жетерлік. Балықтарға қажетті азық шетелден тасымалданады. Бағасы да қымбат. Фермерлер осы мәселе шешімін тапса, ішкі нарыққа шығатын өнім бағасы да төмен болатындығын алға тартады.

Ыбрай  емендәулет

1460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы